Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРБЫЗДЫҢ ДӘМІ – ЖАНҒА РАХАТ, БАҒАСЫ – ҚАЛТАҒА САЛМАҚ

ҚАРБЫЗДЫҢ ДӘМІ – ЖАНҒА РАХАТ, БАҒАСЫ – ҚАЛТАҒА САЛМАҚ

Жаз – молшылықтың, шілденің шырайы келіп, базар сөрелері жеміс-жидекке толатын мезгіл. Орталық базардың іші тап қазір түрленіп тұр. Бас сұқсаңыз, бір шетінен екінші шетіне дейін тізілген қарбыз бен қауынның тау-тау болып үйілген көрінісіне куә боласыз. Керек десеңіз, саудагерлердің дауысы жаңғырып, дәм татуға шақырады.Мұның өзі шілденің шуағын, тамыздың тынысын аңсататын белгідей. Бірақ биылғы маусым дәммен емес, бағадағы өзгерістермен есте қалатын секілді. Әлі күнге дейін көбі айтып жүретін «қауын-қарбыз шілдеде пісетін» қағидасы базар нарқында өз күшін жоғалтқандай.

БАЗАРДАҒЫ ЖАЗ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕРЕК
Жазғы жеміс саналатын қарбыз бен қауын шілде мен тамыздың тәтті ырысы болатын. Бірақ қазір жаз бастала салысымен маусымның алғашқы аптасында-ақ олар базардың басты кейіпкеріне айналып үлгереді. Бұл – өндіріс пен тұтынудың арасындағы байланыстың өзгергенін, табиғат заңдылығына емес, нарықтың ырғағына бағынғанның белгісі.
Бала кезімізде олар шілде-тамызда ғана толық пісіп, иісі мұрын жаратын күйге жететін. Ауылдағы үлкендер қауынды «үш мәрте шық түскен соң же» десе, қарбызды «қыркүйекке дейін сабырмен күту керек» дейтін. Ал бүгінде маусым туа сала піскен болып базарға түсіп жатқан қарбыз бен әңгелектер расында табиғи пісіп жетілді ме, әлде ерте шығару үшін арнайы тәсілдермен өсірілді ме? Бұл тұтынушы ретінде ойландыратын дүние.
Сұраныс бар жерде ұсыныс та бар. Адамдардың ерте қарбыз жеуге деген ықыласы – саудагерлер үшін мүмкіндік. Бірақ сол қарбыз расында табиғи жолмен піскен бе? Жылыжайда жетілдірілген бе? Әлде оңтүстіктің аптап ыстығынан ерте жеткен бе? Бұл сұрақтардың жауабы тұтынушыны ойландыра бермейді. Алайда сапа мен денсаулық тұрғысынан ойлана білетіндер үшін бұл жай ғана маусымдық мәселе емес.

БАҒА – БАСТЫ ТАҚЫРЫП
Бағаға келсек, мәселе одан да күрделі. Екі-үш жыл бұрын қарбыздың келісі 130-150 теңге төңірегінде болса, бүгінде бұл көрсеткіш 200 теңгеден асып жығылады. Бір қарағанда бұл инфляцияның және логистика, жанармай, тыңайтқыш құнының артқанынан туындаған заңды нәтиже сияқты. Бірақ тереңірек қарасақ, бағаның өсуі – нарықтағы алыпсатарлық, сұраныс пен ұсыныс арасындағы дисбаланс, тіпті ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігінен туындаған түйткілдердің көрінісі.
Шағын әңгелектің 500 теңгеден сатылуы, бір қарбыздың 2000 теңгеден жоғары тұруы отбасылық бюджетті де, тамақтану мәдениетін де өзгертті. Бұрын бір отбасы 3-4 қарбызды қатар жарып, шат-шадыман дастарқан басында бөлісіп жейтін болса, бүгінде оны «жартысын ғана аламыз ба?» деп бөлшектеп сұрауға мәжбүр. Бұл – қанағат па, жоқ әлде амалсыздық па?

ЕРТЕ КЕТКЕН ДӘМ
Бүгінгі қарбыз – дәмі мен нәрі бұрынғыдай ма? Осы сұраққа жауап іздегенде, көптеген тұтынушының шағымын естисіз: «иісі жоқ», «дәмі солғын», «қабығы қызыл болғанымен, іші жетілмеген». Бұл – табиғи өсіп-жетілмеген өнімнің белгісі. Ерте шығару үшін пленка астында, кейде тіпті жылыжайда немесе арнайы өсіретін жеделдеткіш заттар арқылы өсірілген өнім экологиялық тұрғыдан да, денсаулыққа әсері жағынан да сұрақ тудырады.
Жаппай ерте пісу – табиғат заңына қарсы жасалған әрекет емес пе? Ал табиғатқа қарсы әрекеттің салдары болатыны белгілі. Ауыл шаруашылығында «жылдам нәтиже» қуалау – топырақтың тозуына, судың азаюына, өнімнің биологиялық сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін.

ДӘМ МЕН ДӘСТҮРДІҢ ДИАЛЕКТИКАСЫ
Қарбыз қазақ үшін – жай ғана жеміс емес. Ол бала кезде жайлауда тілімдеп жеген жаздың естелігі, ата-анамен бірге базарға барып таңдап алған тәтті дәм, суық сумен жуылып, үлкен дастарқанға қойылатын молшылықтың нышаны. Қазір сол дәм де, сол сезім де өзгеріп бара жатқандай.
Бір қарбызды сатып алудың өзі қазір жоспарлы, үнемделетін әрекетке айналды. Бұл қоғамдағы тұтыну мәдениетінің өзгеруін, үнемшілдіктің өмір салтына айналғанын көрсетеді. Қарбызды енді еркін емес, есеппен жейтін болдық. Қанағат етуге үйрендік пе, әлде амалсыздан солай ма, бұл өз алдына бөлек сұрақ. Егер жазғы жемістің өзі шарықтап тұрса, күзгі азық-түлік не болмақ? Бұл – билікке де, кәсіпкерлерге де, тұтынушыға да ортақ ойланатын мәселе.
Жаздың ләззаты – күннің жылуында емес, сол жылу көтерген жемістің дәмінде. Ал дәмнің артында құндылық жатыр. Қарбыздың шын мәнінде бағасы емес, бағалылығы маңызды. Оның дәмі – елдің көңіл-күйі, бағасы – халықтың жай-күйі. Сол себепті жазды қарсы алғанда, жай ғана қарбыз сатып алып жатқан жоқпыз, біз маусымның тынысын, базардың мінезін, халықтың әлеуетін сезіп отырмыз.

Сұлушаш МАДИЯРОВА,
Сурет Бақытжан БЕЙІМБЕТТІКІ
18 маусым 2025 ж. 34 0

Қоғам

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ — ИГІ ІС
18 маусым 2025 ж. 44

PDF нұсқалар мұрағаты

№44 (9311)

17 маусым 2025 ж.

№43 (9310)

14 маусым 2025 ж.

№42 (9309)

10 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30