Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАУЫН-ҚАРБЫЗ ПІСТІ, БАЗАРҒА ТҮСТІ

ҚАУЫН-ҚАРБЫЗ ПІСТІ, БАЗАРҒА ТҮСТІ


Жеміс-жидектің пісіп, бақша өнімдерінің рахатын көретін жаз мезгілінің берекесі мол. Дәл қазір көктемгі бейнеттің зейнетін сезінетін шақ. Маусым айы бастала ертерек пісетін Ташкенттің қауын-қарбызын еріксіз сатып алатынымыз рас. Қайткенмен көпшілігіміз жаз мезгілін жыл он екі айда сағынып жететін осынау тәттіні армансыз жеу үшін күтеміз. Көптің айтуынша сабағынан ерте үзіліп, айшылық алыс жерлерден жол жүріп келетін дақылдардың құрамында нитраттар көп болады. Соны біле тұра нарыққа шыққан алғашқы қауын мен қарбыздың сапасы мен бағасына мән беретініміз шамалы. Қашан өзіміздің табиғи өнімдерге қол жеткенше тағатымыз таусылып, қаужай тұрамыз.

Аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы мамандарының айтуынша осыдан тура бір ай уақыт бұрын базар маңында арнайы науқан ұйымдастырылып, барлық көкөніс, жеміс-жидектердің құрамы жіті тексерілген. Нәтижесінде қауын-қарбыздың құрамындағы нитраттың көлемі қалыпты, ал өріктің қауіпті екені анықталған. «Бұл бір ай бұрынғы көрсеткіш. Қазір базардың айналасында қауын-қарбыз қаптап тұр. Сондықтан бірер күнде тағы да акция аясында бақша өнімдерінен нитраттарға қарсы зертханалық сынама алатын боламыз», – дейді аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Айтекеева.
Сонымен қатар мамандар қауын-қарбызды шілде айының жиырмасынан ары қарай еш алаңсыз жей беруге болатындығын айтады. Өйткені, диқандар дақылдан мол өнім алу үшін тыңайтқыштар қосқанмен, қарбыздардың толық пісіп-жетілу кезеңі жеткен мерзімде нитраттардың күші жойылатын көрінеді.
Әдетте жері сортаң, содан да болар бір тал шыбық тырбия өспейтіндей көрінетін Шиелі топырағының әйтеуір елден ерек бір қасиеті бар. Тыңайтқыш, улы химикаттарсыз-ақ осы топырақта өсіп-өнген көкөністің таңдайдан кетпейтін дәмін бүкіл ел біледі. Иісі мұрын жаратын сап-сары саржауынан бір тілімін кесіп ауызға салсаңыз қанттан бетер тәтті. Ал қарбызы таңдайда еріп жүре береді. Дәл қазір базарда жергілікті қарбыздар сатылымға шыға бастады. 1 келісі – 70 теңгеден саудалануда. Ал әңгелек түріне қарай 200-250 теңгеден, қауын түріне қарай бір данасы 400-800 теңгеге тұрақтап тұр. Бұл әрине бастапқы баға. Дегенмен, аграрлы аймақ атанған Шиелі халқы үшін төл өнімінің құны шарықтап тұрғаны даусыз. Бәлкім жергілікті қауын-қарбыз жаппай сатылымға шықса, баға да қалыпқа келер. Қалай десек те маңдайдан сорғалаған тер қаншалықты ащы болса, өз қолдарымен еккен өнімдері соншалықты тәтті болған диқандардың адал еңбектері ақталса екен.

Санитарлық талап қандай?
Біздегі сауданың қызар жері жабайы сау­да нүктелері екендігі белгілі. Бұрынырақта базардың кіреберісін жағалап отыратын жеміссатарлар қазіргі таңда «Самара-Шымкент» тас жолының жағасы, вокзал маңы мен кейбір орталық көшелердің бойында саудасын дөңгелетіп отыр. Олардың барлығында бірдей зертханалық тексеріс қағазы мен рұқсат құжаты бар деп айту қиын. Қауын-қарбыздардың басым бөлігі жерде домалап жатады. Бұл өз кезегінде сату талабына сай емес. Ондайды сатушы елесін бе, қайта жанына жолай кетсең болды «кесіп береміз, дәмін татыңыз» деп сайрай жөнеледі. Шаңға салған шалғыдай пышағымен тілік кесіп беретіні тағы бар. Ал бүгінде тұтынушылардың құқығын қорғайтын мекеменің кез келген сауда орнын тексеруге құқы жоқ. Бұл саудагерлер үшін қуанышты жағдай болса, тұтынушылар үшін қауіпті.
Өйткені, жазда ауа райының ыстықтығын ескерер болсақ, қауын-қарбыздың денсаулыққа тигізер зиян тұстарын да естен шығармаған абзал. Тұтынушылар құқығын қорғайтын мекеме тек шағым түскен орынға алдын ала ескерту беру арқылы ғана тексеру жұмыстарын жүргізе алады. Мамандардың айтуынша, олар жеміс құрамындағы нитраттың мөлшерін тексереді. Негізгі жарамды көрсеткіш қауында – 90 мг/кг, қарбызда – 60 мг/кг болу керек.

Сақтықта қорлық жоқ
Сатылымға маусым айында шығарылғанымен, қауын-қарбыздың нағыз пісетін уақыты – ол шілденің соңы. Жалпы, тамыз айынан бастап жеміс-жидектің саудасы бұрынғыға қарағанда қыза түседі. Дегенмен нитраттармен улану қаупінің де бар екенін қаперден шығармаған абзал. Бұлай деуге негіз бар. Себебі жыл басынан бері аудан бойынша 8 адам тағамнан уланып, ауруханаға жеткізілген. Олардың 4-еуі әңгелектен, 1-еуі қарбыздан уланғаны анықталып отыр. Ішек инфекциясына шалдыққандардың дені 3 жасқа дейінгі балалар екенін де айта кеткен жөн. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей базардағы сенімсіз өнімді балаларға берерде барынша абай болу қажет. Осы ретте қарбыздың құрамындағы нитраттың қауіптілігін үй жағдайында анықтаудың бір жолы бар екен. «Ол үшін су құйылға ыдысқа бір тілім қарбызды салсаңыз болғаны. Аз уақыт өткен соң судың беті лайланып, түсі өзгерсе, ағзаға еш қауіпсіз, жей беруге болады, ал, су ақшыл қызыл түске айналса нитраттың мөлшері шамадан артық екенін білдіреді», – дейді мамандар.

Гүлхан ЯХИЯЕВА

10 шілде 2019 ж. 1 872 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (9319)

14 шілде 2025 ж.

№51 (9318)

12 шілде 2025 ж.

№50 (9317)

09 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031