СЕНДЕЙ АДАМ ЕЛГЕ КЕРЕК

Бірде мен достарыма заманауи жұмбақ жасырдым. «Аудандағы жаны жайсаң, ойы ұшқыр, қолы таза, адал дәрігер кім?» деп едім, жұмбағыма бәрі ойланып қалды. «Кім-ей, кім-ей» деп күбірлесіп жатыр. Кенет жазушы-журналист Нұрмахан Елтай саңқ етіп «Жұмбағың жұтылды, оны тауып Нұрмахан құтылды» деді де, ол мен білсем, терапевт-дәрігер Сейіткамал» деп еді, «дәл өзі, дәл өзі, соның өзі» деп достар қосылып, шулап қоя берді. Менің жасырған жұмбағым да сол Сейіткамал болатын. Сол отырыс дәрігер Сейіткамал Исламовты мақтаумен өткентұғын. Ардагерлер мақтаныш еткен адам жайлы, аты аңызға айналған дәрігер жайлы туралы неге жазбасқа деп қолыма қалам ұстадым. Ардагер достарының атынан қадірлі дәрігер Сейткамалды мерекесімен құттықтағанымыз болсын деп те ойладым.
Жұрттың назары түскен терапевт Сейіткамал Исламов 1953 жылы 15 қарашада Өзбекстанның Фрунзе ауданында дүниеге келген. Қоқаншылар деген атпен 1960 жылдары «Ащықұдық» ауылына Өзбекстаннан ағайындар көшіп келіп, байырғы жеріне қоныстанған болатын.
Қайсар бала Сейткамал 1971 жылы қазіргі Бала би ауылындағы №50 Абай атындағы орта мектепті бітіреді. 1971-1973 жылдары Отан алдындағы әскери борышын өтейді. 1974-1975 жыл аралығында «Қазақстанның ХХХ жылдығы» атындағы совхозда жұмысшы қызметін атқарады. 1975 жылы талапты жігіт Қызылорда қаласындағы медицина училищесіне түсіп, 1978 жылы фельдшер мамандығын алып шығады. 1978-1980 жылдары ауылда фельдшер болып, «Сарысуды» жайлаған қойшы-шопандарға қызмет көрсетеді. Ауылдың ыстығына күйген, суығына төзген Сейіткамал білімін ұштау үшін 1980 жылы Алматы қаласындағы Асфандияров атындағы медициналық институтына түсіп, 1986 жылы терапия мамандығы бойынша бітіреді. 1986-1987 жылдары Қызылорда қаласындағы облыстық ауруханада интернатурадан өтеді. 1987-1993 жылдар аралығында «Қазақстанның ХХХ жылдығы» совхозында ауылдық емхананың меңгерушісі қызметін абыройлы атқарады. Сол тұстағы аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Өтеген Жәленов жас маманның қызметіне ризашылық білдіріп, С.Исламовты аудандық ауруханаға терапевт етіп тағайындайды. Басшының ойынан шыға білген Сейіткамал осы салада 1993 жылдан 2024 жылға дейін терапевт қызметін тапжылмай отыз жылдан аса атқарып, көпшілік құрметіне бөленеді. 2016 жылы зейнетке шыққанымен, тәжірибелі дәрігер ретінде тағы да сегіз жыл жұмысын жалғастырады. Жұрттың айтуы бойынша бас дәрігердің шешімі дұрыс болған сияқты. Өйткені терапия бөліміне түскен науқастар «Сейткамал бар ма?» деп сұрайды.
«Біз дүниеде не тәтті?» десе, бала тәтті, немере тәтті деп жүрсек, данышпандар баяғыда адамның жаны тәтті деп кеткен екен ғой. Сондай-ақ ауырып келген адамдарға жан керек. Жаны тәттілер білгір дәрігер іздейтіні белгілі. Сейіткамалмен әңгімелесу барысында болған оқиғаны естіп, біз ойнаған жұмбақ, есіме түсті. Оның адалдығына, қолының тазалығына одан сайын көзіміз жетіп, Нұрмаханның тапқырлығына ырза болып жаттық. Терапия бөліміне ауыр науқас түсіп, оны Сейіткамал емдейді. Құдай сәтін салып, ауру жазылып кетеді. Дәрігерге алғысын, ризашылығын білдіргісі келген інісінен жаным үшін деп аздаған қаражат беріп жіберіпті. Ақшаны үнсіз алып қалып, ертесіне ана кісінің үйіне барып, берген нәрсесін өзіне қайтарып, «келген науқасты емдеу міндетіміз, Гиппократқа ант бергенбіз, ал мынауыңыз ұят тірлік болды, заңда ақша берген де, алған да сотталады. Көке, екеуміз де сотталайық деп отырсыз ба? Әңгіме осы жерде қалсын» деген екен. Шындығын ашық айтып отырған қарапайым дәрігерден қалай айналмасқа! Осы бір мысалдың өзі кейінгі жас дәрігерлерге үлгі-өнеге сабақ болары сөзсіз.
Былайынша үндемей жүретін тымтырыс Сейткамал сөзге өте шебер. Мақалдап, белгілі адамдардың өлең жолдарын қосып айта жөнелгенде таңырқап қаласыз. Жақтырмаған нәрсені кім болса да бетіне айтатын батылдығы бар. Отбасында жаны жайсаң, жадырап жүретін, сабырлы да салмақты ата. 2019 жылдан бастап ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Осы жылдан бастап аудандық аурухана мекемесі ардагерлер кеңесінің төрағасы. Зайыбы, сүйікті жары Сәндігүл де медицина қызметкері. Аудандық поликлиникада, «Болашақта» медбикелік қызмет жасап, зейнеткерлікке шыққан. Медбике Сәндігүл Медетованың еңбегі де бір төбе. Сейіткамал екеуі дүниеге екі ұл, бір қыз әкеліп тәрбиелеп өсірді. Бәрі де отбасын құрған. Бір ұлы мен бір қызы әке-шеше жолын қуған дәрігерлер. Бір келіні қаржыгер, енді бірі мұғалім болса, күйеу баласы аудандық Қазтрансгазда қызметкер. Үйлерінде тоғыз немере шапқылап жүр. Қос зейнеткер ардагердің көңілдері қош.
С.Исламовтың аудан халқына жасаған сансыз жұмыстары еленбей қалған жоқ. Ол облыстық, аудандық денсаулық сақтау бөлімдерінен, аудандық, облыстық әкімдердің алғыс хаттарымен, грамоталарымен марапатталды. Қажырлы еңбегі «Елеулі еңбегі үшін», «Ел ардақтысы», «Еңбек ардагері» және «Ы.Жақаевтың 130 жылдығы» мерекелік медальдарымен аталып өтті. Оның кеудесінде «Қазақстан Республикасының «Құрметті азаматы», «Қазақстанның «Құрметті дәрігері» төс белгілері және «Шиелі ауданына 95 жыл» мерейтойлық медаль жарқырайды. Осындай дәрігердің өмірдерегіне, атқарған қызметтеріне тәнті бола отырып:
Сейіткамал дәрігер елден ерек,
Тарихыңда жазулы ғажап дерек.
Шиеліліктердің денсаулығын ойлайтын,
Сендей дәрігер, сендей адам елге керек дегім келеді.
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы