МЫҢ ӨЛЕҢДІ МҮДІРМЕСТЕН АЙТАТЫН АҚЫН ЖАЙЛЫ 15 МӘЛІМЕТ
Ақпан айының 28-ші жұлдызында дүние есігін ашқан. Шапқыншылықтан титықтаған қалың жұрт. Үдере көшкен боранды қыста анасы түйе үстінде толғатып, болашақ ақын ықтан қорғайтын күркеде дүниеге келіпті.
Ақынның жастық дәуренінен бір оқиғаны ұсынайық: 1875 жылдың күзінде Қарқара жайлауында ақын Сарамен танысуы. Қазақ халқының ойын-сауығы бір төбе. Той-томалақ, думанның бәрінде болатын ұлттық алтыбақан ойыны. Қыз бен жігіт тербеліп, бір-біріне ғұзырлана қарап тұрып ән шырқайды. Бұл алтыбақан дегеніңіз әншілер мен күйшілерді, өнерпаздарды сұрыптайтын, солардың даңқын жұртқа таратып, талантын бағалайтын ойын-сауық кеші. Кезінде Біржан мен Ақанды, Мәди мен Мұхитты алты алашқа танытқан өнер сахнасының бірі де осы алтыбақан. Сол түні алтыбақан басында бойжеткен Сара ауылдың алты ауызын айтады. Тамылжытып ән салған Сара Жамбылдың жас жүрегіне шоқ салды. Ынтыққан Жамбыл өз арманын жырға косады. Сара да алтыбақанда тербеліп сызылтып әдемі әнін шырқап, жігіттің тілегіне астарлап жауап қайтарады. Кейін Жамбыл мен Сара сауық кештерде, жиын-тойларда бірнеше рет кездеседі. Сараның «Угай-угай!» әні Жамбылдың өмірлік сырына айналып кетсе-міс. Екі жас алтыбақанда табысып, жүрекпен ұғысады. Өмірлік жар болуға уәде де байласады. Бірақ қызын басқа адамға атастырған Сараның әкесі қарсы болып, Жамбыл мен Сараның кездесуіне тыйым салады. Сөйтіп Сара атастырған жеріне ұзатылады. Жамбыл дымы құрып Сараның келін боп түскен жеріне де барады. Ретін тауып кездеседі де. Сара көзінің жасын зарына қоса төгіп отырып, өмір бойы арманда болып өтетінін айтады. Келіншегінің мұңын сезіп қойған күйеуі Сараны жәбірлеп, ұрып-соғады. Ақырында қасірет пен кайғыны көтере алмай ару Сара құсадан қайтыс болған екен... Білесіз бе? 1. Жамбыл 10 жасынан бастап қолына домбыра алып өлең шығара бастаған. 2. Ақынның соғыс жылдары Отан қорғау такырыбына арнап шығарған-жырларының жалпы көлемі 3000 жолдан асады. 3. Жамбыл ата хат танымағандықтан оның әдеби хатшылары болған. Әбділда Тәжібаев, Қапан Сатыбалдин, Қалмұқан Әбдіқадіров, Ғали Орманов, Тайыр Жароков, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтар кезекпен келіп бірге жұмыс істеген. 4. 1913 жылы Романовтар әулеті 300 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл тойға Жетісу ақын-жыршыларын Жамбыл атамыз бастап барады. Сол кезде Жамбыл атамыз 67 жасында тұңғыш рет фотосуретке түседі. 5. Грузияға Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» атты поэмасының 750 жылдығына барғанда Шота Руставелидің отбасында кішкентай сәби дүниеге келген екен. Соның есімін Жамбыл деп атапты. 6. Қызырлы қызыл жолбарыс аңыз емес, шындық. Ақынның айтуы бойынша бұл жолбарыс оның өзіне ғана көрінеді екен. Аттың үстінде кетіп бара жатқанда иттің бейнесінде, көлікте кетіп бара жатқанда аспандағы бұлттар бейнесінде көрінетін болған. Жамбылдың жанына жолбарыс келіп жантайғанда оған шабыт келіп, домбырасын қолына алып, гуілдетіп өлең шығара бастаған және шығарған өлеңдерін ұмытпай, есінде сақтап отырған екен. 7. Әлемнің жоғарғы заң шығарушы органдарының депутаттарының арасында жасы ең үлкені болыпты. Мұндай жағдай әлемнің ешбір елінде болмаған Яғни ол 92 жасында ең жоғарғы заң шығарушы орган – Қазақ КСР Жоғары кеңесінің депутаты болды. 8. 1938 жылы депутат болып сайланған кезде депутаттық сессиялық мандатын өлең жолдарымен ашып тарихта қалған. 9. Жамбыл үш рет кезекпен үйленген. Бірінші бәйбішесі Момын апа қайтыс болғаннан кейін, Талқайрат апаға үйленіп, ол дүниеден озғаннан соң Қанымжан апаны алған. Осы үш ападан 10 баласы болған. 2 қыз, 8 ұл. Екі ұлы майданда қаза болған. Қазір осы балаларынан 100-ден астам ұрпағы бар. 10. Есте сақтау қабілеті өте тамаша болған. 92 жасына дейін оның бірде-бір өлеңдері қағаз бетінде сақталмаған екен. Тек 92 жасында ғана оған хатшылар тағайындалып, қазіргі уақытта 3000-ға жуық өлеңдері қағаз бетіне түскен. Шығармалары 44 тілге аударылып, дүние жүзіне тараған. 11. Ақын қайтар-қайтқанынша бес уақыт намазын қалт жібермеген. 12. Жамбыл :Жабайұлы 1945 жылы 22 маусымда сағат 7:55-те қайтыс болды. Өзінің өтініші бойынша үйінің артындағы алма бағында жерленген. Жамбыл атаның дүниеден озған уақытында тоқтап қалған сағаты музейде ілініп тұр. 13. Ақын Жамбылдың екі рет туғаны да, түрлі заманда жасағаны да, өмірінің ең соңғы жылында бүкіл дүние таныған атақ алуы да – феномен, себебін осы күнге дейін ғылым таба алмай қойған деседі. 14. Халықтық жырдың негізінде немесе жыраулар поэзиясының үлгісінде бүгінгі мен өткенді сабақтастыра жырлайтын ақындар сол кезеңде жоқтың қасы болатын. Жамбыл сол үрдісті қалыптастыра білді. 15. Халық әдебиетін, өзінен бұрынғы ақындар шығармаларын, ауызша тараған жыр-дастандарды жатқа білген. Мұхтар Әуезовтің айтуы бойынша, миллион жол өлеңді мүдірместен жатқа айтатын болған.
ktk.kz