ЕСЕНҚҰЛЫН ЕСКЕ АЛДЫ
Елі еркелеткен Есенқұл Жақыпбек ақын тірі болғанда 10 ақпанда 65 жасқа толған туған күнін тойлар еді. Амал қанша, алпыс деген асқаралы жастың ауылына қарға адым қалғанда арамыздан кете барды.
Өмірден өткеніне бірнеше жыл болған ақынын сағынған жерлестері, оқырмандары жыл сайын оның туған күнін шамалары жеткенше елеусіз қалдырмауға тырысады. Жырларын оқып, әндерін шырқап, естеліктерін айтып, сағыныштарымен бөліседі.
Биыл да осы аптаның сәрсенбісінің сәтінде Алматы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қодауымен, Талдықорғандағы М.Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Достық үйінде «…Өлеңім, жұртым, өзіңе мәңгі аманат» атты Есенқұлды еске алу кеші өтті.
Ақынның туған жері Жамбыл ауданынан, Алматыдан ат арылтып жеткен мақұмның жан жары, туған-туыстары, замандас ақын-жазушылар мен достарына Талдықорған өңіріндегі шығармашылық қауым мен оқырмандары қосылды. Жиналғандар осы жерде ұйымдастырылған көрмеге қойылған, ақынның қолының табы қалған жеке заттары мен музыкалық аспаптары, құжаттары мен тағы да басқа жәдігерлермен танысты. Осы жердің өзінде бірталай есте қалар естеліктер айтылып, Есағаңның тірліктегі ешкімге ұқсамаған мінезі мен ұстанымы, талғамы жайлы сырлар шертілді. Ақынның өмірі мен шығармашылығынан өрілген бейнекөріністерден кейін естелік әңгімелер жарасымды жалғасын тапты. Өлеңдері оқылып, әндері орындалды. Қарапайымдылығымен талайды тәнті еткен ақынның әр шығармасы оқырман жүрегіне тікелей жол табатындығымен, өмірдің өзінен алынғандығымен, тірліктің түйткілді тұстарын тап басуымен құнды екеніне көзіміз жете түсті. Осы кеште белгілі болғандай, Есенқұл Жақыпбектің өлеңдері түрік тіліне аударылып, кітап болып шығыпты. Сонымен бірге Түркияден шығатын «Бауырлас қалам» журналы ақпан айындағы санын түгелімен Есағаңа арнапты.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы