Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨМІРБАЯНЫ ОТТЫ ЖЫЛДАРДА БАСТАЛҒАН

ӨМІРБАЯНЫ ОТТЫ ЖЫЛДАРДА БАСТАЛҒАН



Біздің кейіпкеріміз, Сталинград­ майданының майталманы, запастағы гвардия капитаны Әлиакбар Монтаев генерал Рокоссовский басқарған Дон майданына қарасты 77-дивизияның 86-ерекше батальонының құрамында соғысқа қатысты

Ұлы Отан соғысы тарихында Сталинград түбіндегі орасан зор шайқастың маңызы ерекше. Неміс-фашист басқыншыларының Сталинград түбіне шоғырланған, жан-жақты қаруланған 252 дивизия, 300 мыңнан астам солдаты мен офицері бар армиясын Гитлердің ең таңдаулы генерал-фельдмаршалы Паульс басқарғаны белгілі. Бұл алапат күшке қарсы кеңес командованиесінің ұйғарымы бойынша, Рокоссовский, Еременко,Ватутин сияқты атақты кеңес генералдары басқарған 3 майдан құрылды.
Сталинград шайқасы қаһарлы жылдардың ішіндегі теңдесі жоқ алапат айқас болды. Совет әскерлері жеңіске жеткеннен кейін қызыл армияның 200-ден астам бөліміне гвардиялық атақ берілді, жүздеген солдат пен офицер ордендермен және медальдармен наградталды.
Біздің кейіпкеріміз, өмірбаянын отты жылдарда бастаған Сталинград майданының майталманы, запастағы гвардия капитаны Әлиакбар Монтаев генерал ­Ракосовсский басқарған Дон майданына қарасты 77-дивизияның 86-ерекше батальонының құрамында алдымен қатардағы жауынгер, кейіннен гвардия офицері ретінде соғысқа қатысты.
Дивизия командирі генерал майор Аскалеповқа Сталинград жеіңісінен кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Орденмен наградталғандардың бірі рота командирі, гвардия аға лейтенанты ­Солдатов болатын. Ол Алтай өлкесінен келген еді. Сол себепті жауынгерлер оны «сибиряк» деп атайтын. Жүріс-тұрысы ширақ, барынша тез қимылдайтын нағыз әскери адам еді. Екі пистолет тағып жүретін. Бірі кеңестік шағын пистолет, екіншісі немістің маузері. Кескілескен шайқаста екі қолымен кезек-кезек ататын және атқан оғы мүлт кетпейтін.
Сталинград шайқасының нәтижесінде Әлиакбар Монтаев жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» орденімен, гвардия значогімен (белгішесімен) және «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен наградталды...
Бірде мынадай оқиға болды. Калач қалашығы түбінде кезекті шабуылдан соң жауынгерлер қару-жарағын реттеп, тазалап отырған-ды. Кенет рота командирі жүгіріп келіп Әлиакбарға «тез соңымнан жүгір, неміс танкісі келе жатыр» деді де өзі гранатасын алып сыртқа беттеді. Бұл Әлиакбардың жау­мен алғаш беттесетін сәті болғандықтан жасыратыны жоқ, көңілінде ептеп қобалжу болды. Әйтсе де «ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, командирінің соңынан траншеядан қалай қарғып шыққанын өзі де сезген жоқ. Өзіне өзі келіп, есін жиғанда қолында граната, жау танкісіне қарай командирінен қалмай еңбектеп келеді екен. Ара қашықтық 15-20 метрдей. Рота командирі гвардиаға лейтенанты Солдатов артына бұрылып, гранатты лақтыр деген белгі берді. Оның әр қимылын қалт жібермей бағып келе жатқан Монтаев кеудесін жерден сәл көтерген қалпы барлық күшін бойына жинап, гранатты жау танкісіне қарай лақтырды да, өзі жата қалды. О, ғажап, тыныштық бір сәтте бұзылып, дүние астаң-кестең күйге түсті. Ол басын көтеріп, төңірекке қарағанда өртеніп жатқан жау танкісін көрді. Гранатының нысанаға дәл тигені ғой. Кеудесінен үрей қашып, қуаныш кернеді. Рота жауынгерлері уралап, төңіректі жаңғыртып, алға қарай жүгіріп бара жатыр. Бұл да орнынан атып тұрып, соларға қосылып, будақтаған қою түтіннің ішіне еніп кете барды...
Тағы бірде кешкі асқа отыра бергенде рота командирі гвардия аға лейтенанты Солдатов: «қатардағы гвардия жауынгері Монтаев маған кел!», – деді.
– Құп болады, жолдас гвардия аға лейтенанты, қатардағы гвардия жауынгері сізді тыңдап тұр, – деп ол алдындағы асын қоя сала блиндаж табалдырығынан секіріп өтіп келгенін баяндай бастап еді, тоқтатып тастады... Тыңдап жататын уақыт жоқ дегендей сыңай танытып, бірден тапсырмаға көшті.
– Қасыңа машинаны залалдандырушы екі жігітті ерт те жау шебіне барып, «тіл» әкел! – деді.
– Автоматшылар бөлімшесі сендерді сырттай қорғап тұрады. Мүмкіндігінше тез оралыңдар, батальон командирі сендерді күтіп отырады.
Апыл-ғұпыл тамақтанып жолға шықты. Үшеуі еңбектеп келеді. Жау шебі алыс емес, 150-180 метрдей ғана. Өте сақ дұшпан қайта-қайта аспанға ракета атып, түнгі қою қараңғылықты күндізгідей жарық етіп тұр. Бір адым алға басудың өзі мұң. Бір-бірімізбен сөйлесу тіпті мүмкін емес, оған рұқсат та жоқ. Тек ыммен ғана ұғынысуда. Осылайша бір еңбектеп, бір қимылсыз, жансыз кісідей сұлқ жатып, шамасы түн жарымы ауа бекініске жетті-ау. Нағыз қиын да шешуші сәт енді туды. Өйткені олар «тіл» әкеле алмаған жағдайда да қолға түспеуге және батальонның осы маңайда екенінен дерек бермеуге тиіс. Жаудың есебінше тым жақын маңайда (150-180 метр) кеңес әскері бар екендігі туралы мәлімет жоқ болуы мүмкін.
Осыдан екі күн бұрын жау жағы бұларды жерден де, көктен де айызы қанғанша атқылаған. Ол алапаттан тірі жан аман қалуы мүмкін емес. Осындай ой құшағында жатқан Әлиакбар 3-4 метр жердегі жау траншеясынан екі-үш немістің бейнесін көзі шалып қалды. Өздерінше қоңғырлап сөйлесіп тұр. Бұлар әліптің аяғын күтіп сыңсыған өлі денелердің арасында әлі үнсіз жатыр. Осы кезде аспанда тағы бір жау ракетасы жарылды. Төңірек күндізгіден бетер жарық болды. Екі көзі жау шебінде. Осы жарықты пайдаланып төңіректі бағдарлап үлгеріп қалу керек. Әлден уақытта жарық өшіп, айналаны қараңғылық қайта қымтады. Дегенмен ракетаның осы жолғы жарығы бұлардың пайдасына шешілді. Сол сәтті пайдаланып, жау шебін толық бағдарлап алды. Дұшпан еш қандай қимылды байқамағандықтан, маңайда ешкімнің жоқтығына сенімді еді.
Осы ұрымтал тұсты пайдаланған Әлиакбарлар қаннен қаперсіз қоңғырлап тұрған екі неміске тұтқиылдан тап беріп, үнін шығармастан траншеяға сүйреп түсірді. Тосын қимылдың пайдасы тиді.Дыбыс шығарамын дегенше ауыздарына қолғаптарын кептеп, қолдарын артына қайырып байлап үлгерді.
Біраз әл жинап алғасын, траншеядан шығып, ротасын бетке алып, олжаларын иыққа асып, қараңғылыққа сүңгіп кетті. Жау қанша сақ болса да Монтаев ұйымдастырған гвардияшылдардың бұл жолғы әрекетінен мүлде хабарсыз қалды...
Бұл гвардия капитаны Әлиакбар Монтаевтың қаһарлы жылдардағы бір-екі қаһармандық әрекеті. Мұндай жанкешті әрекеттердің талайын басынан өткерді...
Сталин қаласы азат етілгеннен кейін Орел, Тула және Варшава шайқастарына қатысып, Ока мен Днепр және Волга өзендерінен алапат шайқаспен өтіп, Берлинге дейін барды. Бұл кезде ол Кеңес Одағының маршалы Г. К. Жуков қолбасшылық еткен І-Белорусс майданы қарамағындағы 77-гвардиялық дивизия құрамында болды.
1946 жылы туған елге жеңіспен оралған соң «Гигант» мектебінде мұғалім, №149 «Қызылту» орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, кейін осы мектептің директоры болып, бүкіл саналы ғұмырын өзі болашағын қорғасқан жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне арнады. «Қызылту» орта мектебін үздіксіз 30 жыл бойы басқарды...
Әлиакбар Сағындықұлы ­Монтаев (1923-1999) 1923 жылы Керделі ауылдық кеңесіне қарасты 13- ауылда (Еңбекші) дүниеге келген. Қызылорданың педагогикалық училищесін және Гогол атындағы педагогикалық институтын бітірген. КСРО мен Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі. «Шиелі ауданының құрметті азаматы».
Түйін:«Ер де, ерлік те ұмытылмайды» деген газет айдарының қанатты сөзге айналғаны қашан. Қаһарлы жылдар қаһармандарының әлі күнге ел есінен орын алып келе жатқаны осы дөп айтылған тұжырымның айғағы болса керек. Бұл күнде саналы ғұмырын сарп еткен №149 орта мектеп Әлиакбар Сағындықұлы Монтаевтың есімімен аталады. Ердің де, ерліктің де ұмытылмайтынының бұл да бір көркем көрінісі. «Ер есімі – ел есінде» деген, міне осы...

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
«Қазақстанның құрметті журналисі»,
Шиелі ауданының «Құрметті
азаматы»

05 сәуір 2021 ж. 845 0