Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегемен өрілсе өмір-өрнек

Өнегемен өрілсе өмір-өрнек


Киелі Шиелі топырағы ұлағататты ұлдар мен бар өмірін еңбекке арнаған жандардан да кенде емес. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деген болатын. Иә, әр елдің, әр өлкенің өзіндік ерекшеленетін тарихы мен өскелең ұрпаққа үлгі ететін тұлғалары бар. Солардың бірі де бірегейі Әлиакбар Монтаев еді.

Әлиакбар Монтаев 1923 жылдың 12 қыркүйегінде Шиелі ауданында дүниеге келелі. Ал, 1940 жылы Шиелі қыстағында қазіргі №45 «Ақ Орда» мектеп гимназиясын бітіріп, қанатын қомдап, томағасын енді сыпырған 19 жасында зұлмат соғыстың хабары да елге жетіп, ерлер іріктеледі. Содан 1941 жылы ел басына қара бұлт үйіріліп, мемлекет тұтастығына қауіп төнгенде Әлиакбар Монтаев көппен бірге қолына қаруын ұстап, майдан шебіне аттанады. Сөйтіп соғыс даласындағы алғашқы ұрысы 1942 жылы Сталинград майданына қатысудан басталып кетеді. Генерал Жуковтың Армиясы құрамындағы 77 гвардия дивизиясының 86-ерекше саперлық батальонында әскери борышын өтейді. Қаруын жанына серік еткен жауынгер Беларуссия, Польша елінде, Варшава қаласын, т.б қалаларды азат етуге қатысқан. Мұнан соң, 1943 жылы Мәскеудегі әскери командирлер дайындайтын училищеде әскери білімін жетілдіре отырып, офицер шенін иемденеді. Қайсар мінезімен талай ерлік үлгісін танытқан майдангер ұстаз Жуковтың армиясы қатарында взвод командирі болады.
Ал, 1945 жылы соғыстан соң өзге қаруластары секілді елге қайта алмады. Берлин қаласы зонасында Америка мен Англияның шекарасында зас­тава бастығы болады. Бір жылдан соң ғана елге оралған ол енді кезек күттірмейтін еңбек майданына етене араласып кете барады. Ұлы жеңіске қол жеткенімен, бұл кез елдегі ауыртпалықтың күшейген тұсы болатын. Шаруашылық атаулы күйреді, халықтың әлеуеті төмендеді. Әсіресе, білім беру саласы кенжелеп қалды. Өйткені, білікті ұстаздардың бір бөлігі майданға аттанып, сол жақта жан тапсырды. Елге келген 1946 жылдан бастап Монтаев мұғалім болып, білім сапасын арттыруға жете көңіл бөлуді жөн санайды. Содан 1954 жылға дейін қазіргі Гигант мектебінде талай жанның білім нәрімен сусындауына септігін тигізеді. Заманның ауырлығы адам баласынан қолдан келместі талап етті. Білімі мен білігі жоғары әрі еңбекқор адам қатардағы көптің бірі болып қалмайтыны белгілі. Осылайша, Әлиакбар Монтаев ыждағатты, кішіпейіл, еңбексүйгіш қасиетімен өзгелерден дараланды. «Алмас кездік қап түбінде жатпайды» деген нақылдың осы тұста мәні арта түскендей. Көп ұзамай, 1954-1964 жылдар аралығында №149 мектепте оқу ісінің меңгерушілігі қызметі сеніп тапсырылады. Бұл жұмыста жүріп те майдангер мұғалім өз ісінің хас шебері екендігін көрсете білді. Түрлі іс-шараларды ұйымдастыру барысында жоғары нәтиже көрсетеді. Сөйтіп, 1964-1984 жылдары аталған мектептің басшылық қызметіне дйін көтеріледі. Ауылдың еңбектеген сәбиінен еңкейген қариясына дейін Әлиакбар Монтаев туралы тек өнегелі әңгіме өрбітетін. Ұлы Отан соғысының ардагері мектеп директоры болып қызмет атқарған шағындағы тәртіп, үлкенге көрсетілетін құрмет, ұстаздардың мәртебесі жайы­н­­да көп айтылатын. Сонымен қатар, Әлиакбар Монтаев басқарған жылдары осынау мектеп ауданның алдыңғы қатарлы мектептерінің санатында көріне білді. «Жаңатұрмыс» ауылынан 9-10-сынып оқушылары осы мектепке қатынап оқиды. Әрбір оқу жылында 60-тан аса түлек мектеп бітіреді екен. Сол жылдарда мектеп ұстаздары мен шәкірттерінің жетістіктері көбейді. Мектеп бітіруші оқушылардан бірнеше алтын медаль, үздік аттестат иегерлері шықты. Республикалық семинар, бірнеше рет облыстық семинарлар өтті. Көп ұзамай еңбегінің алғашқы жемісін де көре бастады. Атап айтқанда, мектеп облыстық партия комитетінің құрмет тақтасына жазылып, Әлиакбар Сағындықұлы 1972 жылы «Қазақ ССР Білім беру ісінің үздігі» атанады. Бұл тұста оның есімі ауыл жұртшылығын былай қойғанда, жалпы аудан халқына жақсы таныс болды. Еңбегі еленіп, 1984 жылы «СССР Халық ағарту ісінің үздігі» деген құрметті атақ беріледі. Бейнеттен зейнет жасына жеткенде де қарап отырмады. Таңның атысы, күннің батысы бар әлеуетін ауданның қоғамдық қызметіне жұмсаған Әлиакбар Монтаев атақ пен даңқты емес, ең әуелі елдің жайын көбірек ойлайтын еді. 10 жыл ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауылдың өркендеуіне де үлесін қоса білді. ­Бойы­н­­­­­­да күш-қуаты тұрғанда ауылының гүлденуіне ар­­аласып, келешек ұрпақ үшін қолдан келген істерден аянбай, жақсы істерге ұйытқы болуға тырысты. Еселенген еңбек те елеусіз қалмады. Бейбіт өмірдің еңбек майданын белшесінен кеше жүріп бірнеше орден, медальдардың иегері атанған Әлиакбар Монтаев 1999 жылы дүние салды.
Иә, бұл жалған дүниеге кім келіп, кім кетпей жатыр. Өмірден озғаннан кейін де халқының жадында жақсы мінезімен, әлеуетті әрекетімен, тындырымды ісімен есте қалу әрбір адамда бола бермейді, бұл – өшпес рухтың көрінісі. Мұндай үлгі «елге еңбек ету парызым» дейтін парасатты тұлғаға тән құбылыс. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, ұстаздың өзі еңбек сіңірген №149 мектепке есімі берілді. Сонымен бірге, білім ошағына бюсті қойылып, мектеп мұражайынан Ә.Монтаевқа арналған бұрыш ұйымдастырылды. Тұтынған заттары мен құжаттары қойылды. Ендігі жерде мектепке қадам басқан әрбір жан өмірін өнегемен өрген жан жайында кең көлемде мәлімет ала алады. Өмір өрнегі өнегемен өрілген осынау жанның тұлғасы жыл өткен сайын биіктей берері хақ дүние.

Дина ЖҮСІПОВА.
29 қыркүйек 2018 ж. 1 958 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930