Зайсан көлінде тыйым салынған ау құрған браконьер ұсталды
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Зайсан көлінде рейдтік іс-шаралар жүргізген Көкпекті аудандық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қызметкерлері тыйым салынған ау құрған браконьерді құрықтады.
«2019 жылғы 30 мамыр күні Қазақстан Республикасының Балық аулау ережесін өрескел бұзушылықтар бойынша құқық қорғау органдарымен жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Көкпекті инспекция бөлімінің инспекторларымен сағат 11.35 шамасында Зайсан көлінің «Қасқыр бұғасы» учаскесінде, балықтың уылдырық шашу кезінде балық аулауға тиым салынған 12 дана құрма аумен балық аулаған Тарбағатай ауданына қарасты Қабанбай ауылының тұрғыны ұсталды. Құқықбұзушыны ұстау кезінде жалпы салмағы 110,2 келі көксерке балығы тәркіленіп, «Ұлтарақ» ЖШС тоңазытқышына шешім қабылданғанша уақытша сақтауға қойылды», - деді ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас маманы Фархат Байбазаров.Жауапты тұлғаның айтуынша, аталған факті бойынша құқықбұзушыға алғашқы құжаттар толтырылып, құқық қорғау органдарына берілген. Қазіргі уақытта материалдар Тарбағатай ауданының аудандық ішкі істер бөліміне түсіп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сотқа дейінгі тексеру жүргізілуде.