Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелі шежіресін фотосуретпен жазған

Шиелі шежіресін фотосуретпен жазған


Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Сайдхасан Хутаев туралы бір үзік сыр


1967 жылы «Өскен өңір» газеті редакциясына корректор болып жұмысқа кіріскенімде Еркін Мұстафаев деген жігіт, жасы менен екі-үш жастай үлкен болуы керек, фототілші екен. Көп ұзамай жұмыстан шықты да, оның орнына Сайдхасан Хутаев келді. Сайдхасанды бұрыннан сырттай білетінмін. Шиелі кентінің қазіргі «Әбдіманап Шорабаев» базары маңайына орналасқан «ТИР»-де (пневматикалық мылтықпен нысана ататын арнайы орын) істейтін. Талай барып жануарлардың бейнесін көздегенбіз. Кейіннен аудан орталығындағы «Фото» салонда фотограф болды.

Ол уақытта шаруашылықтың барлық саласында еңбек қайнап жататын. Қырда малшылар, ылдида егіншілер. Олардан басқа да өндіріс орындары қаншама. Мәдениет, оқу-ағарту және медицина салалары тағы бар.
Жұмыс әсіресе, науқан кездерінде қатты қарқын алатын. Ал науқан дегенің кезең-кезеңімен кезектесіп келіп тұратын. Қыста – мал басын қытымыр суықтан сақтау, көктемде – егін егу мен қой төлдету, жазда – мал азығын дайындау, күзде – егін мен бақша өнімдерін жинау, қой күйегін ұйымдастыру, әйтеуір жұмыс толастамайтын. Не керек, аталмыш жұмыс орындарындағы шабытты еңбек пен шалт қимылдарды бір ғана фототілші – Сайдхасан түсіріп, газетке дайындайтын. Соның бәріне үлгеретін. Аудандық газеттен бөлек облыстық, республикалық, кейде одақтық газеттерге де фоторепортаждары басылып тұратын.
Бірде мынандай оқиға болды. Ауданның екі шопаны («еңбекшілік» Нәшімхан Сәденов пен «Қазақстанның 30 жылдығы» кеңшарынан Уәйда Әлиханов) бір-бірін жарысқа шақырып, үндеу жариялады. Солардың суретін жеделдетіп газетке беру керек болды. Мен газеттің жауапты хатшысы едім. Ол уақытта сурет облыстық баспаханада ғана жасалынатын. Газет тілшісі Бақберген Әбілдаевты қолына әлгі екі шопанның суретін ұстатып Қызылордаға жібердік.
Кеш болды. Жұмыс уақыты бітті. Бірақ газетшілер үшін мөлшерлі жұмыс жоқ қой. Қашан газет беттері толғанша сол маңайда жүресің. Газет өзге мақалалары дайын болып, тек әлгі екі суретті күттік. Сағат түнгі 9-10-дардың шамасында әріп терушілердің тағаты таусыла бастады. Қалайда газетке сайысқа түскен екі шопанның суреті шығу керек. Не істеуге болады? Сайдхасанды үйінен шақыртып, көмек сұрадық.
Түн болса да келді. Жеке сурет мұрағатын ақтарып жүріп әлгі екі шопанның темірге жасалған суретін тапты. Оны әбден тазалап, қайта басуға жарайтындай жағдайға жеткізді. Сөйтіп, газет ұжымын бір қиындықтан құтқарып қалды. Ертесіне жарыстас қос шопанның үндеуі суреттерімен газеттің бірінші бетінде жарқырап тұрды.
Кейіннен темірге сурет (клише) шығаратын аппаратты редакцияның өзі сатып алды. Бұрынғыдай облыс орталығына сабылудан біржолата құтылдық. Жаңылмасам сол кезде мұндай аппарат облыс аудандарының ішінде бізде ғана бар еді. Сайдхасан өзі түсірген суреттерді өзі шығаратын. Лезде аппараттың қыры мен сырын меңгеріп алды. Суретті материалдардың жедел түрде жарық көруіне мұның септігі көп тиді.
Сайдхасан ағамыздың фотомұрағаты өте бай. Бір өкініштісі сол шежірені бас-аяғын жинас­тырып жеке кітап етіп шығаруға үлгермеді білем. Әлде ондай ойы болмады ма екен. Ол жағынан мүлде хабарсызбын. Білетінім, ауданның 60 жылдан бергі тарихы, өскен, өркендеген жолы сол суреттерде сақтаулы екендігі. Шиелі ауданы туралы әр кездері шыққан кітаптардағы суреттердің дені Хутаевтың мұрағатынан алынған. Оларды тізіп жату артық болар.
Сайдхасанның саналы өмірі «Өскен өңірде» өтті. Газет арқылы елге танылды. Ауданның еңбек тынысын да елге таныта білді. Ол – Шиелі ауданы мен Қызылорда облысының «Құрметті азаматы». Бұл да қажырлы еңбегінің нәтижесі болса керек.
Ол Сыр маржаны атанған Шиелінің шежіресін аудан өмірінен түсірілген фотосуреттермен жазып шықты десек артықтық болмас, сірә. Өткен жылы жарық көрген Шиелі туралы кітапқа да Сайдхасанның бірқатар фотосуреттері басылды. Әлі талай шежірелі, тарихи басылымдардың негізгі бейнесін Сайдхасанның фотолары бастап тұратынына еш күмән жоқ.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылары­ мен Журналистері одағының мүшесі, Қазақстанның
Құрметті журналисі.
1981 жыл.


Суретте (солдан): Сайдхасан Хутаев пен редакцияның жауапты хатшысы, осы жолдардың авторы газеттің келесі номеріне сурет дайындау үстінде.
Суретті түсірген С.Хутаев.

19 ақпан 2019 ж. 2 445 0