Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Талапты қыздың талпынысы

Талапты қыздың талпынысы






Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында көптеген тағылымға толы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – Алматы қаласында өткен «Өнерлі өркениет» атты балалар мен жасөспірімдер арасындағы республикалық өнер байқауы.


Осы жарыста жерлесіміз № 244 Ы.Жақаев атындағы қазақ орта мектебінің 6 сынып оқушысы Гүлбану Файзуллаева жеңіспен оралды. Ол байқауда «Қолөнер» номинациясы бойынша қатысып, өзін болашақ жас өнерпаз ретінде таныта білді. Сондай-ақ, шеберлігі мен ой-таным қабілеті озық болғаны үшін III дәрежелі лауреат дипломымен марапатталды. Тігін тігу, қолөнермен айналысу – асқан шыдамдылық пен ерекше еңбекті талап ететін іс. Бар өнеріңді салып, ден қойып жасаған дүние кез келген заттан ерешеленіп, дараланып тұрады. «Үш жылдан бері қолөнермен айналысып келемін. Әсіресе, жетекшім Айман Әбілдаеваның ықпалы ерекше болды. Маған аса ептілікпен үйретіп, білмеген жерімді дұрыстап, бағыт бағдар беріп келеді», – дейді Гүлбану Бауыржанқызы. Алдағы уақытта натюрморт салуды, кілем тоқуды үйренгісі келетінін де жасырмады.
Сонымен қатар, өткен жылы желтоқсан айында «Қысқы табиғат» деген тақырып бойынша Мәскеуде өткен сурет салу байқауынан бірінші орынды иеленген екен. Қолөнер мен сурет салуды бір-бірімен ұштастырып келе жатқан талапты қыздың талпынысы жоғары болсын деп тілейміз.

Ж.Ноғайбайқызы.
12 ақпан 2019 ж. 1 090 0