IT ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНҒАЛЫ ТҰР
Жапония супермаркеттеріндегі арнайы технология кәрзеңкедегі азық-түлігіңізді қалташаға салып, түптеп қолыңызға ұстатып береді. Былай қарағанда тым қарапайым, бірақ өте қажетті әрі сүйкімді технологиялық жетістік. Бұл жаңалықты оқып, бейнежазбасын қарап отырып ішімнен «бізге әлі өсу керек, өсу керек» дегеннен басқа ауызға ештеңе келмеді. Өзіміздегі аз-маз жетістікті жерге ұрып, өкінгеніміз емес. Заманның бейімі соған келе жатыр – автоматтандыру, цифрландыру, роботтандыру. Қаптаған «дыруларды» кәдемізге жарата алсақ, көп нәрседен ұтатын түріміз бар.
Бірінші ой
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында экономиканы цифрландырудың жай-күйі қайта-қайта қозғалады. Қоғамға жаңа технологияны енгізу, оны өндірістің қайнаған ортасында пайдалану – кезек күттірмейтін міндет. Елбасы бірінші басымдықта – «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» дейді. Осы ретте бүкіл автоматтандыру мен цифрландырудың негізі болып табылатын IT саланың еліміздегі жағдайы қалай дегенді ойландық. Ойландық та қолға қалам алдық.
Президент айтады – өндірісті цифрландыру, технологиялар трансфертін ынталандыру керек деп. Бұл ретте инновациялық шешімдер жүйесі «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Алатау» инновациялық паркі, IT-стартаптардың халықаралық технопаркі секілді орталықтарда қалыптасуы тиіс. Сонымен қатар Елбасы IT және инжинирингтік қызмет көрсетуді дамыту жайына да тоқталады. Сарапшылардың айтуынша, IT мамандарға деген сұраныс өте жоғары. Жұмыс көп. Тек соны игеріп, дөңгелентіп кететін мамандар жоқ. Бар болған күнде де сапалары сын көтермейді.
«Атыс-шабыс» ойлап табайықшы
– Сұраныс өте жоғары. Қазір оқу бітірген IT мамандар көп, бірақ білімі мен тәжірибесін ұштастырған сапалы мамандар өте аз. Сол себепті, еліміздің IT кеңістігі әлі де бос. Президенттің Жолдауына да қарап отырсақ, әр басымдықтың астарынан «Цифрлық Қазақстан» деген мазмұнды аңғаруға болады. Алайда соны жетер жеріне жеткізіп іске асыратын кадрлар тапшы болып тұр. Істейтін адамға бұл салада web-сайт құрастыру, мобильді қосымша жасап шығару сынды жұмыстар көп. Мәселен, сайттың адамдар көретін беткі жағы – контенті және артқы жағы – бэкэндті жасау да үлкен білімді қажет етеді. Бұл тұрғыда жекелеген адамдар және түрлі мекеме, компаниялар тарапынан сұраныс өте көп, – дейді бағдарламалаушы инженер Асхат Болатхан.
Асхаттың айтуынша, әлемдік даму мүмкіндігімен салыстырғанда біз едәуір арттамыз. Әлемді қоя тұрып, халқы 10 миллионға жетер-жетпес, көршілес Беларусь мемлекетін алайықшы дейді ол. Соңғы деректер бойынша бізде 15 мыңдай IT маманы бар болса, ол елде 100 мыңға жуықтайды. Сөйтіп, осы елдің өзі-ақ әлемге әйгілі көптеген жобалар шығарып жатыр. Күллі әлем қырылып-жойылып ойнап жатқан World of tanks деген компьютерлік ойынды да ойлап тауып, өндіріске жіберген Белоруссияның Wargaming.net студиясы. Одан бөлек адамның бет-жүзін өзгертіп, түрлі пішінге келтіріп күлкі тудыратын, көңіл көтеруге арналған мобилдік қосымшаны да осы белорустар шығарды. Оны Facebook қаншама миллиард доллар шығындап сатып алды. Мамандардың айтуынша, Беларусь елінің қалыптасқан, жүйелі жолға түскен базасы мен технопарктері бар. Рас, дүниетанымға әсер ететін күрделі, зияткерлік мазмұндағы дүние ойлап табамын деп бас қатырудың қажеті шамалы. Заман, адам не талап етеді, соны шығар да отыра бер. Жоқ дегенде осындай атысатын-шабысатын бірнәрсе шығарайықшы, тым құрыса IT-дың өрістей түсуіне жол ашылар еді.
«Ақылды» бала IT-ға жүгірер
Тағы бір білікті маман Ержан Оңалбаевтың сөзінше, бұл күндері IT туралы ортақ түсінік қалыптасты. Бұрындары адамдар IT десе көз алдына информатика кабинетін ғана әкелсе, қазір кеңінен ойлана алады дейді ол.
– Өзіміз қазір стартаптарды қолдаумен айналысамыз. Соңғы 2 жыл ішінде жақсы алға жылжу байқалады. Еуразия ұлттық университетінде технологияларды коммерциялизациялау департаментінде жұмыс атқарудамыз. «Жастар бизнес инкубаторы» деген жеке ғимаратымыз бар. Сол жерде отырып, идеяларды жүзеге асырамыз, студенттердің жобаларын іске асыруға мүмкіндік беріп, қолдау көрсетеміз. Бұл жерде олар тегін компьютер, интернетпен қамтамасыз етіліп, еш алаңсыз жұмыс істей алады, – дейді IT маманы Ержан.
Оның айтуынша, ақпараттық технология тіршілігімізге дендеп араласатын болса өмір сүру біршама жеңілдемек. Бұған «ақылды үйлер» жобасы дәлел болар еді. Үйді қоя тұрып, Елбасы Жолдауында «ақылды қалалар» туралы айтпап па еді. «Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады» деді. Бұл мемлекет тарапынан IT салаға айрықша қолдау көрсетілетінін аңғартады. Сарапшылар дерегіне сүйенсек, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен адам жақсы табыс та табады. Орта есеппен 300-400 мың теңгедей. Тынбай еңбек етсең тіпті 1-1,5 миллионға дейін қаражатты иеленуге болады дейді Ержан Оңалбаев. «Ақылды қала» мен «ақылды үйді» жасау үшін де ерекше «ақылды» болуға тура келетін сықылды. «Ақылды» бала IT-ға жүгірер» дегіміз келіп кетеді осындай да.
Адамға да жұмыс табылады
Белгілі IT сарапшы Тимур Бектұр, бізде даму бар, бірақ әзірге тек импортпен шектеліп жатырмыз дейді.
– Халықаралық IDC report зертеуіне қарайтын болсақ,
IT саласы – software, hardware сынды бағдарламалық қосымшалар, сату және қызмет көрсету деп негізінен, төрт бөлікке бөлінеді. Қазіргі таңда біз Windows, Microsoft Office сынды бағдарламаларды сырттан импорттап қолданамыз. Дегенмен Documentolog сынды өз бағдарламаларымыз да дамып келе жатыр. Бізде сөзсіз сұраныс бар. Мәселе оны импортталған қызметтің деңгейінде жұмыс жасай алатын өнім қылып жетілдіру тұрғысынан болып тұр. Біз қазір өсу нүктесіндеміз. Әлі толық потенциалымызға келе алмай жатырмыз, – деді Timur academy оқыту орталығының басшысы.
Жолдаудың мынадай бір тұсы бар: «Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады». Бірақ сарапшы, бұдан қауіптенудің қажеті шамалы деп кеңінен түсіндірді.
– Жалпы, қауіптің өзегі бар екені рас. Ондаған немесе жүздеген адам атқаратын шаруаны роботтар не болмаса автоматтандырылған технологиялар атқара алады. Дегенмен соның аясында да қосымша, адам жасауы керек жұмыстар шығып жатыр. Автоматтандыру, цифрландыру – күнделікті қайталана беретін, қызықсыз жұмыстарды реттегенге қолайлы. Не болмаса қауіпті аймақта жұмыс істейтіндердің жұмысын жеңілдетеді. Мысалы, бара-бара жердің астына шахтер түспейтін заманға да жетуіміз мүмкін. Себебі, оның барлығын конвейер атқаратын болады. Қауіпті жерлердегі, тәулік бойы істелетін жұмыстарды роботтар алғанымен, оның аясында адам атқаруы тиіс жаңа функциялар шығады деп ойлаймын. Әсіресе, бұл дамыған елдерге де қатысты. Бізде қазір адам ресурсын пайдалану саласы толық жолға қойылмағандықтан, мамандарымыз бір өзі бірнеше адамның жұмысын істеп жүр. Бәрі автоматтанғанымен адамға жұмыс табылады, – дейді Тимур Бектұр.
Robotic hand using a laptop computer, illustration.
Ой-түйін
Басын қауіппен бастап едік, сөйтсек күтер үміт көп екен. Т.Бектұрдың айтуынша, Relog деп аталатын логистикалық қызметті ұсынатын қазақстандық интернет-қызмет ТМД мен шетелдерге де импортталып жатыр. «Операциялық жүйелерді импорттауға әлі қуатымыз жете қоймаған болар, дегенмен басқа да IT қызметтердің сыртқа шығып жатқаны қуантады. Мәселен, aviata.kz жобасының да басқа мемлекеттерге қызмет көрсетіп жатқанын естіп жүрміз» дейді ол. Жолдаудың 10 бағыты да тікелей IT-ға қатысты. Әу бастан әңгіме түбі осыған келіп тірелу керек еді, Төртінші өнеркәсіптік революция қарсаңында жетіп отырмыз деп қуанып отыр IT қауымдастық. Бұл ретте Қазақстанның әлемдік көшке, оның ішінде технологиялық жаңғыруға лайықты үн қосарына шүбә жоқ. Біз солай ойладық. IT – бұл тіршілік, өндіріс, қоғамдық құндылық, ол тіпті де «информатика кабинеті» емес.
Абай АЙМАҒАМБЕТ