Сұранысқа сай болу маңызды
Лесбек Әшіров, Шиелі индустриалды-аграрлы колледжінің жастар комитетінің төрағасы:
Елбасының қатысуымен өткен «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атты форумды аудан жастарымен бірге тамашалау мүмкіндігіне ие болдық. Биылғы жылдың «Жастар жылы» деп аталуының өзі біздерге жігер береді. Шара барысында Н.Назарбаев жас буынды қолдауға бағытталған бірқатар жобаларды атап өтті.
Қазір бәсекелестік заманы. Әлем күн сайын қарыштап дамуда. Сол көшке ілесіп, елімізді ең алдыңғы мемлекеттер қатарына қосу біздің міндетіміз. Ол үшін әрбір қазақстандық жас өз елінің жанашыры ретінде ерінбей еңбек етуі тиіс. Елбасының өзі кешегі форум барысында «өзгелердің ұстанымын сыйлай отырып, өз еліміздің нағыз патриоты болумыз керек», – деді.
Бүгінде өскелең ұрпақтың әрдайым заман сұранысына сай бейімделуі үшін білім беру әдістемесіне өзгерістер енгізілуде. Үш тұғырлы тілді меңгеру, заманауи ІТ-технологиясын енгізу, робототехника және басқа да жаңашылдыққа баса назар аударылуда. Елдің болашағы үшін еңбек ету алдымен, ауданымыздың дамуына қосқан үлесімізбен өлшенеді. Сондықтан, аудан жастары бірігіп «Жастар жылының» жоғары деңгейде өтуі үшін атсалысуымыз қажет. Бұл орайда өңірдің әрбір жасының ойы мен пікірі маңызды.