Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлы даланың ұландары

Ұлы даланың ұландары




Атқа мінген қазақтың төрт ауыз айтар өлеңі бар. Ертедегі сөзге шешен бабаларымыз хат арқылы жазба айтыс жүргізгенін әдебиеттің тереңінен талай көрдік. Бірақ, осы күні жазба айтыс қолданыстан шығудың аз алдында тұр. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Нартай» өнер мектебіндегі «Махамбетқали Тұрсанов» атындағы ақындар сыныбы осы дәстүрді қайта қолға алып отыр. Белгілі айтыскер ақын Ержан Әміровтің төл өнерге енді қадам басқан қос шәкірті Елдар Әмірхан мен Айқын Төлеген Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында өткізген жазба айтысын назарларыңызға ұсынамыз.

Елдар Әмірхан:
Айқын көңілің Алатау ақ қарындай,
Өлең-жырын көктемнің шақтарындай,
Ассалаумағалейкум, амансың ба?
Неге шын айтыспасқа ақтарылмай?
Жолдауды жария етті ер еліне,
Қазақтың дақ түсірмей беделіне.
Өткенді білмей жатып болашақты,
Деді ғой болжауыңның керегі не?

Төл өнерін түгендеп алты Алаштың,
Тарихтың көз жүгіртті тереңіне.
Бұл заман талабына сай өркендеп,
Жатырмыз қол созып ел кемеліне.
Ұланғасыр даланың жеті қырын,
Өсіріп, өркендетіп келеді ме?

Білеміз ел алдында бағаң қалай,
Болашаққа барасың алаңдамай.
Естіп жатсың, мақала жазылуда,
Әсер етті бұл енді саған қалай?

Айқын Төлеген:
Ассалаумағалейкум, оқырмандар,
Жүректе лапылдаған отымды аңғар.
Нық ұстар деп елінің көк байрағын,
Біздерден үміт күтіп отырғандар.

Мақтанамын саналы елімменен,
Кең байтақ, қазыналы жерімменен.
Дақ түсірмей көтеріп көк байрағын,
Болашаққа жетерміз сенімменен.
Отан үшін отқа да, суға түсіп.
Елбасы бос уайымға берілмеген.
Баһадүр батырлардың ұрпағы едік,
Жауынан жарты қарыс шегінбеген.
Қазағымның беделін көтеретін,
Батырлар туа берсін елім деген.

Бұл жоспармен көп жұмыс жүріп жатыр,
Атағымыз өркендеп шығып жатыр.
Жолдау жайлы сен өзің естіп пе едің?
Мақаланы бар жаһан біліп жатыр.

Елдар Әмірхан:
«Атқа міну өнері» тым ғажабым,
Архивтің аясында жыр жазамын.
Тектілігім деп білем темірді де,
Алғашқы қорыта білген бұл қазағым.

Атыңа мүлдем бір сын тигізбепсің,
Ешкімге қара басты игізбепсің
Жолдауды өз алдыңа мақсат қойсаң,
Халқыңа қандай пайда тигізбексің?

Айқын Төлеген:
Алтын адам басталған дерегінен,
Мұрағаттың өткізген елегінен.
Атқа міну өнерін дамытамын,
Қазақтың баласымын себебі мен.
Жеті қырды жақсырақ ұғу үшін,
Тарихты оқып шығам тереңінен.

Жүректен жыр кептерін ұшырғанда,
Бойдағы жамандықты ысырғанда.
Еліме көп пайдамды тигіземін,
Ойда жырым, бойымда күшім барда.
Атқа мініп, тарихты терең ұғып,
Қазағым көпті көріп ысылғанда.
Раббымнан көп жақсылық сұрар едім,
Бес парызын өтеген мұсылманға.

Жырыңмен маңайыңа жарық бердің,
Шалқұйрықтай шаңдатып шауып көрдің.
Патшаның парасатты сөздерінен,
Ұлы дала жеті қырын танып келдің.
Өркендеуі туралы не айтасың?
Арыстандай айбатты даңқты елдің.

Елдар Әмірхан:
Қазағым көштен қалмай дамып жатыр,
Дәулетті, сәулетті үйлер салып жатыр.
Шаңырағы биік бұл азат елден,
Басқалар үлгі, өнеге алып жатыр.
Патша біреу, қалғаны тіреу болып,
Төңірек өткен күнді танып жатыр.
Жастарды қолдау жылын жариялап,
Сан істің байыбына барып жатыр.
Шүкір дейміз Аллаға бейбіт елміз,
Ұрпағың ұлылықты бағып жатыр.
Алысуды қалдырдық тек тарихқа,
Жарысқандар жолымда қалып жатыр.
Тәуелсіз ел шайқалмай шаңырағы,
Тәубесі бар ханымыз тағында тұр.

Досым-ай, осы айтысты тәмамдайық,
Енді үлкен додаларға қадамдайық.
Тең болып тереземіз тектілермен,
Ер болып елімізге алаңдайық.

Айқын Төлеген:
Болашаққа сенімің жоғалмасын,
Басқалардан Отаным бағаң басым.
Қазағым кұл болмасын жау қолында,
Еш бірі жағамыздан ала алмасын.
Берекені жоғалтар қанды соғыс,
Тәуелсіз елімізге оралмасын.
Отыз елдің қатарына кірейікші,
Еліміз алға басып оңалғасын.
Жаратқаннан тілерім жалпақ жұртқа,
Жеті атаға жететін бақ орнасын.

Дайындаған
Бекжан Ержігіт.




27 қаңтар 2019 ж. 1 840 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№37 (9201)

10 мамыр 2024 ж.

№36 (9200)

06 мамыр 2024 ж.

№35 (9199)

04 мамыр 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031