Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіби біліммен нәсібін тапқан

Кәсіби біліммен нәсібін тапқан



Өмірде қателесуге болмайтын екі нәрсе болса, бірі – мамандық. Қос-қостан диплом алып, кәдеге жарата алмай жатқандар жетерлік. Ал, кәсіптік біліммен-ақ ісін алға дөңгелетіп отырған қаншама азамат бар.

Қызыл диплом алып, қызығын көрмесең оқығаныңнан пайда жоқ. Бұл жердегі ең бастысы, мамандығыңды, жұмысыңды жақсы көру. Ішкі сезімің мен икемің келетін мамандықты оқысаң және биікке ұмтылсаң дегеніңе жетесің. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен екі-ақ ай білім алып, жұмысын жандандырып отырған жан. Перизат Нұрланқызы Қызылорда қаласында өзінің көңіл қалауымен шаштараз мамандығын оқып, тәжірибесін жетілдіреді. Алғашында тұрмыс жағдайына байланысты Бидайкөл ауылынан шаштараз ашып, кәсібін бастайды. Ауылдық жер болғандықтан, жұмысы сәл табандап қалады. Қиындыққа мойымай, осы күні аудан орталығындағы «Дива» сұлулық салонына келіп, ерлер мен әйелдердің шаш қырқу шеберіне айналды. «Аллаға шү­кір жұмысым қалыпты. Шаш қидыруға келушілер көп, кейде үлгере алмай қаламыз. Бұл – мамандықтан қателеспегенімнің көрі­нісі. Әркім өз мамандығын жақсы көріп жұмыс істесе, кез келген биіктікті бағындырады», – дейді Перизат Бегманова. Шаштараз болу­дың оңай емес екенін, тек шаш қырқу шаштараз болуға жеткіліксіз екенін де жасырмады. Жұмыс орның таза болмаса, кез келген тұтынушы табалдырықтан аттамайды. Ал, мұнда күніне неше адам шаш қидырса да, шашылып жатқанын көр­ме­дік. Алдағы уақытта ауданға пайдасын тигізетіндей үлкен шаштараз ашып, өзі секілді икемі бар мамандарды жұмысқа алуды жос­парлап отыр. Тұтынушы Бағлан Мұқанов – Перизат шашты керемет алады. Мен шашымды тек осы жерге қырықтырамын, – деп ризашылығын білдіруде. Кез келген мамандық иесі жұмысын ықыласпен істесе, еліміз көркейіп, әл-ауқатымыздың жақсаратыны айқын.

Б.Ержігіт.
23 қаңтар 2019 ж. 1 166 0