Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Вьетнам соғысына қатысқан қазақстандық жалғыз жауынгер Қармақшыда тұрады

Вьетнам соғысына қатысқан қазақстандық жалғыз жауынгер Қармақшыда тұрады


Қармақшылық Иса Бисенов 1965-1967 жылдарда Вьетнам соғысына қатысқан жалғыз қазақстандық азамат. Жарты ғасыр бұрын сол елді соғыстың жалыны шарпыды. Сол бір сұрапыл жылдарда біздің елімізден шалғайда жатқан аталмыш мемлекетте әскери міндетін атқарып қайтқан ағамыз бүгінде ағайын-туыстың ортасында ақыл айтатын ақсақал. ҚазАқпарат тілшісі Иса Бисеновпен арнайы жолығып, әңгімеге тартты.  Жарты ғасыр бұрынғы жорық «Халқымызда тағдырдың жазуы деген сөз тіркесі бар. Әйтпесе, мен Вьетнам елінің дәм-тұзын татып қайтар ма едім. Өздерің білетіндей, аталмыш мемлекет Азияның оңтүстік-шығыс бүйірінде жатыр. Онда өткен ғасырдың 60-шы жылдарының орта шеніне таман АҚШ басқыншыларына қарсы жергілікті халықтың ұлт-азаттық қозғалысы белең алды. Сол тұста Кеңес одағының Америка Құрама Штаттарына қарсы саясаты күшейіп тұрған тұсы. Сондықтан біз сол мемлекетке барып әскери қызметімізді атқардық», - деді Иса Бисенов.  Шындығын айтқанда, ол елдегі соғыс жайында бүгінгі күні көп адамдар біле бермейді. Ол кезеңде де дәл солай болды. Иса ағамыз ол жайында жерлестеріне де айтқан жоқ. Арада жарты ғасырдай уақыт өткенде, 2013 жылдың шілде айында Қызылордаға Вьетнамның сол кездегі Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Нгуен Ван Хоа арнайы ат шалдырды. Сол сапарында елші ағынан жарылып, сонау бір кезеңде өз халқына демеу бергені үшін қарт жауынгерге жылы лебіз білдірді. Сөзінің соңында майдан даласындағы күндері өткен Вьетнам жеріне қонақ болып қайтуға шақырды.  «Сол шақыру бойынша Вьетнамға жол түсті. Әйелім - Әлияш екеумізге сол елдің дәм-тұзын татып бұйырған екен. Оған Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қолдау жасады. Бізбен бірге Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекетінің магистрі, аудармашы Лаура Әлиева да барды. Ол жақта бәрі де жылы жүзбен қарсы алды. Ел Президенті Чыонг Тан Шанг қабылдап, достық рәуіште әңгіме өрбітті. Сол жылдардағы біздің көрсеткен қамқорлығымыз үшін өз халқының атынан алғысын арнады. «Бүгінгі қол жеткен жетістігімізге сіздердің де үлестеріңіз бар. Сіз секілді жаужүрек ұлдар вьетнамдықтарға қаншама жақсылық жасады. Осы үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз» деді Вьетнам Президент бізбен жүздесу барысында», - деп еске алды И.Бисенов.
07 қаңтар 2019 ж. 1 022 0