ӘЛЕМ ҚАРИЯЛАРЫН ҚАЛАЙ АРДАҚТАЙДЫ?
Екінші Дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең үлкен қарулы қақтығыстардың бірі. Оған сол кезде әлемде болған 73 мемлекеттің 62-сі қатысып, жер шары халқының 80 пайызы соғыстың «дәмін» татты. Қырықтан астам мемлекеттің территориясында жүрген ұрыс алаңдарында 110 млн азамат өмірін қатерге тікті. Кескілескен соғыстың салдары – 60-65 млн адам шығынын әкелді. Әлем тарихында қанды әріптермен қалған оқиғаның әр мемлекет үшін өзіндік орны мен мағынасы бар. Отанына жеңісті күннің қуанышын сыйлау үшін от пен қанды қатар кешкен тұлғаларды әлем елдері шама-шарқынша ардақтап, олардың қамсыз қарттығын қамтамасыз етуге тырысады. Біз бүгінгі атаулы мерекеге орай, соғыс қасіретін көрген ардагерлердің бейбітшілік заманында қалай құрметтеліп жатқанын саралап көрдік.
Қазақстан
Өткен жылғы дерек бойынша, Қазақстанда 2776 Ұлы Отан соғысына қатысқан азамат пен 157679 тыл еңбеккері бар. 2017 жылы ардагерлерге әлеуметтік көмек көрсету үшін мемлекеттік бюджеттен 1 млрд 97 млн теңге бөлінген. 1995 жылы 28 сәуірде қабылданған «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы» заңға сәйкес, соғыс ардагерлеріне бірінші кезекте медициналық көмек көрсетіліп, дәрі-дәрмектер тегін беріледі. Тұрғын үйге мұқтаж деп танылса, жергілікті атқарушы органдар ардагерлерді бірінші кезекте пәтер алатындардың тізіміне қосады. Соғыс салдарынан денсаулығында ақауы бар азаматтар жылына бір рет 15 күнге емдеу-сауықтыру орталықтарына жіберіледі. Сонымен қатар коммуналды қыз-мет төлемдері мен қоғамдық көліктерге, жылына бір рет әуе, теңіз, теміржол билетіне жеңілдіктер алу қарастырылған. 2017 жылы Ұлы Отан соғысына қатысушы азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемдердің жиынтық мөлшері 114 655 теңге болған. Дәл осы қаржылық қолдау ҰОС мүгедектеріне – 118 499, ҰОС қатысушыларына теңестірілген азаматтарға – 109 176, тыл еңбеккерлеріне – 71 637 теңге көлемінде берілген.
Германия
Германиядағы соғыс ардагерлерінің зейнетақысы – 1600-9000 доллар. Әр азаматтың алған жарақаты, әскери шені, марапаттары мен өзге де жағдайлары ескеріліп, лайықты өтемақы көлемі есептеледі. Мәселен, кіші офицер 2700 доллар, қаза тапқан соғысқа қатысушы азаматтың жары 440 доллар алады. Одан бөлек, ардагерлерге жылына екі рет тегін аурухана қызметін пайдалану мүмкіндігі берілген. Соғыста әскери тұтқын болған азаматтар шектеусіз медициналық көмекке жүгіне алады. Мемлекет соғысқа қатысқан азаматтарға өз-дері майданда болған жерлерге (шетелдегі орындарды қоса алғанда) саяхаттау шығындарының белгілі бір бөлігін өтеп береді. Германияда өмір сүретін бұрынғы қызыл әскердің құрамында болған азаматтар да 440-550 доллар көлемінде көмек алады.
Ұлыбритания
Ұлыбританияда ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсету ісімен Қорғаныс министрлігіне қарасты «Ардагерлер мен әскерилердің ісі жөніндегі агенттік» айналысады (Veterans UK). Мұнда Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан азаматтарға Ұлыбритания араласқан басқа әс-кери қақтығыстарда болған ардагерлер-мен бірдей көмек пен қолдау көрсетіледі. Соғыста зардап шеккен кез келген британдық зейнетақы алуға құқылы. Оның көлемі алған жарақатының ауырлығы мен әскери шеніне байланысты тағайындалады. Ай сайынғы төлемдер 2200 бен 10000 доллар арасында өзгеріп тұрады. Қажет болған жағдайда мемлекет ардагерге күтуші жалдап береді.
АҚШ
АҚШ-та ардагерлердің мәселесін 1930 жылы құрылған арнайы департамент шешеді (1989 жылы министрлік болып өзгертілді). Мұнда 280 мың адам жұмыс істейді. Америкада дәл осындай ең көп қызметкері бар екінші орын – Пентагон. Министрліктің қарамағына соғысқа қатысқан азаматтардың қажетіне салынған 152 аурухана, 800 емхана, 126 үйде қызмет көрсету мекемесі кіреді. Соғыс ардагерлеріне барлық медициналық көмек тегін көрсетіледі. Мемлекет ұсынатын әлеуметтік төлем-дерді зейнетақыға үстеме ақша, жерлеу рәсімінің шығындары, мүгедектік жағдайына байланысты өтемақы мен сақтандыру құрайды. Мәселен, соғыс ардагері қалыпты 1500 доллар зейнетақысына қосымша 1200 доллар үстеме ақша алады. 2016 жылғы дерек бойынша, АҚШ-та Екінші Дүниежүзілік соғыстың 697,8 мың ардагері бар. Жыл сайын мемлекеттік бюджеттен Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагерлері, Корея, Вьетнам, Кувейт, Ирак пен Ауғанстандағы соғыстарға қатысқан азаматтар мен олардың отбасыларына берілетін әлеуметтік төлемдерге 7 млрд доллар қаржы бөлінеді.
Франция
Францияда ардагерлердің мәселесімен Бұрынғы әскери қызметкерлер мен соғыс құрбандары ісі жөніндегі министрлік айналысады. Орташа зейнетақы мөлшері – 1400 доллар. Одан бөлек, жыл сайын Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагерлері 770 дол-лар көлемінде жәрдемақы алады. Францияның әйгілі туристік нысандарының біріне айналған «Мүгедектер үйінде» әскерилерге арналған аурухана қызмет етеді.
Израиль
Израильде соғыс ардагерлері ай сайын 1500 доллар көлемінде зейнетақы алады. 2007 жылдан бастап, концлагерьлер мен геттоларда болған адамдар да Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілді. Одан бөлек, нацистік идеялардың құрбаны болған азаматтарға жылына бір рет 300 доллар шамасындағы сыйақы беріледі. Оларға көмек көрсететін үкіметтік емес ұйымдар да көп. Ардагерлерге айына елдегі орташа жалақы мөлшерінің
35 пайызына тең (875 доллар) жәрдемақы, тұрғын үйді жалға алуға 10 пайыз үстеме беріліп, дәрі-дәрмек шығындарының
75 пайызын мемлекет өтейді және коммуналды қызметтерді төлеуге жеңілдіктер беріледі. Сондай-ақ барлық әскери қақтығыстарға қатысқан азаматтар салықтан босатылады.
Динара ТІЛЕУБЕК