Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жемқорлардың жолы қысқа

Жемқорлардың жолы қысқа

     
Мемлекеттік қызметке қабылданған азамат ең алдымен халықтың қызметшісі екенін түсінуі керек. Негізгі тұтынушысы халық болғандықтан, қарапайым азаматтарға сапалы қызмет көрсетіп, көңілінен шығуды, сеніміне ие болуды басты міндеті деп түсінуі шарт. Ал мәртебелі қызметті өзінің игілігіне пайдаланып, беделін арттырудың, қалтасын қалыңдатудың құралына айналдырғандардың жолы қысқа. Бүгінде өзіне берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланбай, сыбайластығы, жемқорлығы үшін абыройынан да, жиған-тергенінен де айырылып, сотты болып жатқандар да аз  емес.
       Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес көп болып жұмылғанда ғана нәтижелі болмақ. Жұмысыңды жедел, тиімді шешу үшін таныстарды жағалап, пара ұсынатындар бар кезде кеселге тосқауыл қоямыз деу мүмкін емес. Өйткені сыбайластыққа тек «алушы» ғана емес «беруші» де жауапты. Сыбайластықтың тамырына балта шабылса, жемқорлықтың да жолы кесілері анық. Мемлекеттік органдарда жұмыс жасайтындардың өзгенің тағдарына, жұмысына немқұрайды қарауы, қолдан кезек ұйымдастырып, шаруаны қиындатуы азаматтарды сыбайластыққа, пара беруге итермелейді. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, жемқорлықты көбейтіп отырған негізінен шарасыздық пен сауатсыздық.
      Жемқорлықпен күресуді бүкіл халық болып қолға алсақ қана тоқтатуға болады. Заңбұзушылықтар орын ала тұра, құқығы бұзылған азаматтар дер кезінде құқық қорғау органдарына хабар бермегендіктен, кінәлі тұлғалар жауапкершіліктен құтылып кетеді. Сондықтан, мемлекеттік орган мен мекеменің лауазымды адамдарыныңМемлекеттік қызметшілердің ар-намыс кодексі шегінен шыққан әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жергілікті органына, прокуратура органдарына немесе сотқа шағым беруге болатынын ауданымыздың әрбір азаматы есте сақтағаны жөн.
      Халқымызда «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген қанатты сөз бар. Расында құлқынның қамын ойлаған кейбіреулердің теріс әрекеті бүкіл ұжымға кері әсерін тигізетін кездер аз емес. Осыған орай, кеселмен күресті сапымыздағы ала қолдардан арылудан бастағанымыз жөн.  
      Тұтас мемлекет ретінде тұрақты дамимыз десек, «Жемқорлық-індет, оны жою міндет» деген ұстаныммен одан бойын аулақ ұстау еліміздің саналы, сауатты әр азаматыныңайнымас қағидасына айналуы тиіс.
      Бірлігіміз жарасқан ел ретінде жемқорлықпен күрес бүгінгі күні мемлекеттігіміз үшін өте маңызды екенін түсінуіміз қажет. Халықтың бірлігі қашан да жеңіске жетеді. Сондықтан, болашақ ұрпақ үшін бұл мәселеде «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығару баршамызға ортақ парыз.

Шиелі аудандық сотының
төрағасы М.О.Күздеубаев
30 желтоқсан 2018 ж. 890 0