Кемел ойлы Кенжетай

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын», – демеуші ме еді атам қазақ. Осы қанатты сөз ойға оралған сайын елдегі парасаты биік, пейілі таза, көңілі мәрт, халқының қамы үшін құрақ ұшып, жұртының жыртығына жамау, жанына жалау болудан танбайтын, адалдығы мен ізгілігінен айнымайтын арда туған ағалар мен қатар-құрбы замандастарымды ұдайы еске алып отырамын. Елден шалғай, жерден жырақ жүргендіктен бе, әйтеуір, туған топырағыңа аңсарың ауып, күнделікті күйбең тіршілікте қылт еткен мүмкіндік бола қалса қалт жібергің келмей, ауыл қайдасың деп алып-ұшып, асығып тұратынымызды қайтерсіз. Міне, сондай сәттерде жаныңды ұғатын, арының алаңы, көңілінің қылауы жоқ жақын достарыңды іздейсің ғой.
Сөйтсем, Кенжекеңді, Кенжетай досты іздейтін тек мен емес, оны іздеп, өздеріне жақын туыс, ақылшы аға, ұлағатты ұстаз тұтып қана қоймай, елдің ағасы, қамқор жанашыр, сыйлас ағайын санайтындар Ақмая ауылы түгіл, аудан шеңберінен асып, сол аймақтың аржақ-бержағының өзінде де жетіп жатыр екен. Осыны ойлағанда мен оның мұндай абырой-беделге кеше-бүгін ғана ие болып отырмағанын есіме алдым. Неге дейсіз ғой. Өйткені...
Екеуміз бір мектепте, бір сыныпта оқыдық. Яғни, мен «Қызылту» (қазіргі Жақаев) ауылындағы жеті жылдық мектепті бітіріп келгенімде, ол осы Шиелідегі №45 қазақ орта мектебінің табалдырығынан аттағаннан табан аудармаған «тіс қаққандардың» бірі болатын. Сөйтіп, сегізіншінің серкелерінің бірі, сымдай тартылған сылыңғыр, қағілез қара баламен бозбалалық шағымызды бірге өткіздік. Мұны айтып отырғаным, сол Кенжетайдың құрдастары біздер әлі албырттықтың буына елтіп, албырттығымыздан арыла алмай жүргенімізде ол қашан болсын селт етпес сабырлы, маңғаз қалпынан мызғымай, бойынан ойы озық пайым-парасатымен басым түсіп тұратын.
Кейін әрқайсымыз жан-жаққа шашырап кеткен кезімізде ол іргесіндегі Қызылорда пединститутының физика-математика факультетіне түсіп, өзінің табиғатына тән ұстаздық мамандықтың жалынан ұстады. Сонда Қалыш деген көрші апаның: «Кенжетайдың мінезі, болмысы мұғалімдікке сай еді, өз жолын дұрыс таңдапты», – деп ерекше қуануы да тегін емес-ті. Сол Кенжетай кейін Шиеліге мұғалімдік дипломымен қоса төрт жыл бірге оқыған, көңілдері жарасып, жүректері табысқан Бегайнасымен жұбын жазбай келіп, аудандық оқу бөлімі жіберген «Жеміс-жидек» ауылына да ойланбастан тартып отырды.
Қатардағы мұғалімнен аудандық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, одан соң бұрынғы мектебіне қайта оралып, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды, өзінің қабілеті мен қарымын, іскерлігі мен ізденімпаздығын таныта білген жігерлі жас кезіндегі біраз марапаттарға: аудандық, облыстық білім бөлімдерінің мақтау қағаздарына, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» медаліне, Қазақ ССР Оқу министрінің Құрмет грамотасына да ие болған-ды. Мектеп қана емес, аудан мұғалімдері арасындағы беделі де арта түсіп, ең бастысы, ата-аналары мен шәкірттерінің құрметі мен сүйіспеншілігіне бөленді.
Сол тұста, яғни, 1981 жылы ауданның «Авангард» (осы күнгі Ақмая) ауылындағы №49 аралас қазақ-орыс орта мектебінің бұрынғы директоры орнынан алынып, одан кейін тізгінді қолға алған азамат қайтыс болып, өз дәстүрі, тағылымды ұстаздары бар ұжымның берекесі қожырай бастаған-ды. Міне, нақ сол шешуші кезеңде мектеп басшылығының жауапкершілігін аудандық білім бөлімі тепсе темір үзер тегеурінді ісімен, ұйымдастыру жұмысындағы ұтқырлығымен танылған отыз төрт жастағы Кенжетай Палмағанбетовке сеніп тапсырған. Рас, алғашқы кезде педагогикалық ұжымның психологиялық ахуалын қалыпқа келтіру, материалдық базасын нығайтып, оқу-тәрбие жұмысын жолға қою, мектептің бұрынғы жақсы дәстүрлерін жандандырып, озық үлгісін қайта жаңғырту оңайға түспеген.
Оның үстіне ауыл мектебінің өзіндік ерекшелігі – шаруашылықтың егін жинау науқанынан тыс қала алмайтын жағы тағы бар. Оқушылар қыркүйектен қазан айына дейін егін алқаптарында жүрсе, мұғалімдер түнгі кезекке қырманға шығады. Әйтеуір, бір тыныштық жоқ. Облыс көлеміндегі алғашқылардың бірі болып, оқушылардың «Жас ұлан» өндірістік бригадасы да осында құрылған. Сөйтіп, өз алдарына жер алып, оған дән сеуіп, Әбдуәли Нәріков басқарған өндірістік бригада мүшелері Бүкілодақтық ауыл шаруашылық жетістіктері көрмесіне қатысып, арнайы дипломмен, 10 оқушысы көрменің медалімен марапатталған. Оқушыларды еңбекке баулу, еңбек тәрбиесін берудегі ауданның тірек мектебіне айналып, кезінде мұнда облыстық семинар да өткізілген.
Кешегі тоқсаныншы жылдары да жалғасқан осы дәстүр нарық кезінде де өз нәтижесін беріп, олардың білім нәрімен сусындауымен қатар қосымша табыс тауып, отбасының күнкөрісін айыруға үлесін қосуына да септігін тигізген. Оқу мен еңбекті қатар өрбіткен мектеп ұстаздарына ата-аналар да алғыстарын білдірген. Соған қарамастан мектептің оқу үлгерімі де ауданның кеуде қатарында жүрді. Әлбетте, мұнда ұстаздар ұжымын тас-түйін біріктіріп, бірлігі мен тірлігін жас ұрпақтың тәрбиесіне жұмылдыра білген директор Кенжетайдың еңбегі де ерекше еді. Оның 1995 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озық қызметкері» атануы да сол еңбегінің, басшылық іскерлігі мен ұстаздық ұлағатының жемісі болатын.
Кейін ауылдағы өзге ұлт өкілдерінің бірі тарихи отандарына, екіншілері басқа өңірлерге қоныс аударуына байланысты бірыңғай қазақ мектебіне айналған білім ордасы бұл саладағы шұғыл өріс алған реформаларға орай оқу-тәрбие жұмысын да жаңаша құрып, оқытудың инновациялық үрдісіне көшкен. Оқытудың жаңа технологиялары енгізіліп, мұндағы жас мамандар, үлгі-тірек мектептері, дебат, олимпиада орталықтары мұғалімдерді жаңаша жұмыс істеуге, шығармашылық ізденіс пен шеберлікке шыңдап, тәуелсіздіктің төл перзенттері – жаңа буынды заман талабына сай жеке тұлға ретінде қалыптастыруға жұмылдырудағы Кенжетай достың үлкен үлесін, біліктілігі мен белсенділігін әріптестері ерекше атайтын.
Олар атап қана қоймай, өздері бүгінгі талап пен талғамға сай ізденіп, шәкірттеріне сапалы білім, саналы тәлім-тәрбие беруге ұмтылып отыратын. Айталық, сол қарсаңда мектептің маңдайалды мұғалімдері – биолог Ақмарал Төлегенова «Үздік биолог-2004», Пернеш Қалымбетова «Жыл мұғалімі-2000», қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Бибігүл Сұлтанова – «Жыл сынып жетекшісі-2002» аудандық байқауларының жүлдегерлері атануының өзі осының бір айғағы еді. Сол сияқты тәжірибелі ұстаздар – бастауыш сынып мұғалімдері Гүлжәмила Ташматова, Салтанат Айымқұлова, Замира Палманова, химбиолог Жазира Сүлейменова, орыс тілі мен әдебиетінен Ұлман Палымбетова, математиктер Мария Естаева, Бегайым Даубалаева, қазақ тілі мен әдебиетінен Бақшагүл Оразымбетова, технология пәнінен Айзада Әлиева мен Сәдуақас Сандыбаев, тарихшы Ұлбосын Рафилова сынды өз ісінің маманы, тәрбиенің тарландары атанғандарды шәкірттер мен ата-аналар ғана емес, күллі ауыл мақтан тұтатын.
Бұл саңлақтардың кейбіреулері, оның ішінде Кенжекеңнің өзінің өмірлік жары әрі әріптесі, ұстаздар әулетінен шығып, уақытында педагогикалық ұжым үздіктері қатарынан ойып тұрып орын алған Бегайна Атабаева да бүгінгі таңда зейнеткерлер қатарын толықтырып отырса, ал, өзгелері жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі ел алдындағы қасиетті парыздарын өтеуді әлі күнге дейін абыроймен жалғастырып келеді. Орайы келгенде ұстаздар әулеті деген сөзіміздің мәнісіне тоқталсақ, Бегайнаның әкесі Төлеген осы ауданның Мұстафа Шоқай ауылында бар өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнағанын, ал, оның інілері Дүйсет пен Кенжалының кезінде аудандық, облыстық білім бөлімдерін басқарған абыройлы азаматтар болғанын күллі Сыр өңірі біледі десек артық емес. Тегінен ұстаздық қасиет бойына дарыған Бегайна Кенжетайға жар жылуымен қоса үш ұл, бір қыз сыйлап, ұрпақтары алдындағы аналық парызын өтеумен ғана шектелмей, бүгінде олардан өрбіген немерелерінің де мейірбан әжесі болып отыр.
Ал, бұрын өз балаларының жетістіктерінен гөрі шәкірттерінің табыстары туралы тереңнен толғап, сыр шертуден жалықпайтын, аядай мектебінің алуан мәселелерін айтудан танбай, қайтсем құлашымды жазып, мектебімнің мәртебесін марқайтам деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, тынбай жүретін Кенжекең пайғамбар жасынан асқаннан кейін де жан тыныштығын күйттеп жатып алмай, енді ауыл қарттарының қарекеті мен қамын ойлауға көшкен. Өйткені, ауыл ақсақалдары өзінен гөрі өзгенің жайын көбірек ойлау өмірлік қағидасына айналып, санасына берік сіңген Кенжекеңнің зейнетке шыққаны құлақтарына тиісімен оны ортаға алып, әй-шайына қаратпай, өздеріндегі ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайлап алған.
Міне, сол 2010 жылдан бері аты бар да заты жоқ жалақысыз жұмыстың жалынан ұстап, шаруашылық кеңсесіндегі қоймаға айналған үлкен бөлменің ішін ретке келтіріп, қайта жабдықтап, оның маңдайшасына «Қоғамдық ұйымдар орталығы» деп жазып, олардың да өкілдерін бір кабинетке топтастырып, іске белсене кірісіп кеткен. Сөйтіп, ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, осы мақсатта шаруашылық төрағалары мен әкімшілігіне өздерінің ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибелері арқылы барынша көмектесіп, елдің бірлігі мен тірлігіне үлестерін қосу жолындағы жастар мен әйелдер ұйымдарының да белсенділігін арттыра түсуді көздеген.
Оның үстіне болашақ ұрпақ тәрбиесі өзінің өмір бойғы ұстанымына айналған Кенжекең мектептегі ата-аналар комитетімен де тығыз байланыс орнатып, шаруашылық төрағалары мен ауылдағы мемлекеттік мекеме басшыларының ой-санасын ардагерлер кеңесімен санасатын, қажет болған жағдайда қоғамдық ұйымдардың қолдау-көмегіне арқа сүйейтін деңгейге көтере білген. Осындай игілікті қадамдарымен елге таныла бастаған бұлардың жақсы бастамалары облыстық ардагерлер кеңесінде де кеңінен талқыланып, атқарған жұмыстарына оң бағасын берген-ді. Сол 2012 жылы республикалық деңгейдегі бастауыш ардагерлер ұйымдары байқауына қатысып, Орталық кеңестің дипломымен марапатталғаны тағы бар.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Үздік түлек», сондай-ақ, түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқайдың мерейтойлық медальдарын омырауына қадап, 2015 жыл қорытындысымен «Ардақты ауыл ағасы» номинациясының иегері атанған Кенжетайдың аудандық, облыстық ардагерлер кеңестерінің бірінде алқа, екіншісінде пленум мүшелігіне сайлануы да оның ел игілігі жолындағы ерен еңбегінің жемісі екендігінде дау жоқ. Кенжекеңнің ауыл қарттарының жағдайына жанашыр болумен қатар, жалпы тұрғындарының да қам-қарекетін ойлап байыз таппаумен тынбай, оны аудан, облыс өміріндегі мәселелер де алаңдатып, осынау келелі түйіткілдің оң шешімін табуына өзіндік үлесін қосып, атсалысып отыруды азаматтық парызы санауының мәнісі де, міне, осында жатыр дер едік.
Ақмая ауылының кәрі-жасы күнде таңертең үлкен көшемен бойын тік ұстап орталықтағы кеңсеге қарай аяңдап бара жатқан Кенжетайды көреді. Сол кеңседе қызмет істейтін жастар жағы өздерінің жұмыс орындарына сағат таңғы 9-да өз кабинетіндегі үстел үстінде қаққан қазықтай қаздиып отыратын Кенжекеңнен бұрынырақ жетуге асығады. Ал, кешігіңкіреп қалса, Кенжекеңнің оларға ләм демейтінін білсе де, кабинеттеріне оның көзіне көрінбей өтіп кетуге тырысады. Бұл, әрине, әлдеқалай шаруамен аудан орталығына немесе басқа бір жақтарға шығып кетпесе, сол сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін кеңседен табылып, түскі үзіліске де олармен бірдей барып келетін Кенжетай ағаларынан қысылғаны әрі оны сыйлағаны. Кейде олар, «Аға, сіз бұл үшін жалақы да алмайсыз, күніне не түске дейін, не түстен кейін бір мезгіл соғып кетсеңіз де болады ғой», – дейді. Сондайда Кенжекең: «Өздерің көріп жүрсіңдер ғой, менің кабинетімнен ешқашан адам үзілмейді. Қолдан келгенінше оларға көмектесіп немесе ең әрі дегенде ақыл-кеңесімді беріп жатамын. Соның өзі – мен үшін бақыт, ал, бақыттың үлкен-кішісі болмайды. Ендеше, мен қалай үйде тыныш жата аламын, адамға қызмет – ақшамен ғана өлшенбейді емес пе?!», – деп өздерін ойландырып тастайды.
Адамдар сонысы үшін де оны құрмет тұтады. Ал Кенжетай болса, сол тынымсыз тірлігінен рахат табады.
Мұрат КҮЛІМБЕТ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.