Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АУыЛЫМЕН КӨРКЕЙГЕН АЗАМАТ

АУыЛЫМЕН КӨРКЕЙГЕН АЗАМАТ


Кезінде бір келген сапарында Қара­қалпақстанның халық ақыны Тілеуберген Жұмамұратов деген ағамыз:
«Бір колхоздан он алты батыр көрдім,
Бар қазақ батыр болмай несі қал­ды...», – деп жырға қосқан Ақмая ауы­­лына менің де жолым түсті. Шынында, адамды таң қалдырмай, ақын шабытын шамырқандырмай қоймайтын дерек бір ауылдан осынша еңбек ерлері шыққан дейді. Ия, сол тұста арып-ашып, пана іздеп келген сан алуан ұлт өкілдерін жатсынбай, жатырқамай, құшақ жая қарсы алған Шиелі өлкесінің қасиетті топырағы сол ұлт өкілдерінің кеудесін жұлдызбен көмкеріп, Еңбек ерлерін шығарды. Ал, менің атбасын Ақмаяға бұруымның себебі, ауыл ардагерлерінің басын қосып, үлгі етерлік іс атқарып келе жатқан, ауылдың ардақты ағасы болып отырған Кенжетай Палмағанбетов ағамызбен тілдесу еді. Ауыл әкімі аппаратында өзінің жұмыс бөлмесінде отырып ұзақ тілдестік. Жақсымен өткен уақыттың тез өткенін байқамай қаласың деуші еді, рас екен. Әңгіме ауаны қызды білем, уақыттың қалай сырғығанын да аңғармай қалыппыз. Бірінші рет кездесіп отырған жандардай емес, құдды ескі таныс-біліс сияқты әңгімеге кірісіп кеткенбіз.
– Бәрі күні кешегі сияқты еді, өзің келіп сұраған кезде ғана өткен күндер еске түсіп, талай белесті артта қалдырғанымыз ойға оралғаны, – деді сырбаз да, сыпайы аға қалыптасқан қарапайым әдетімен.
Иә, Шиелінің тумасы Кенжетай Мах­мұтұлы 1965 жылы «Октябрьдің ХІV жылдығы» атындағы №45 (қазіргі «Ақ Орда» мектеп-гимназиясы) мектептен орта білім алып шыққан. Осы жылы Қызылорда қаласы Н.Гоголь атындағы мемлекеттік пединститутына (қазіргі Қорқыт ата атындағы ҚМУ) оқуға түсіп, 1969 жылы математик мамандығын алып шығады. Сол жылы Палмағанбетовтар отбасында қос қуаныш. Кенжетай ағамыздың дипломы және дип­ломмен бірге келген келін. Ағамыз 1969 жылы институтта бірге оқыған Бегайна Атабаеваны шаңырағына құтты келін етіп түсіреді. Содан міне, бүгінге дейін бір-бірінің бетіне келмей, тату-тәтті күн кешіп келеді. Оқу­ын бітіре сала жолдамамен «Жеміс-жидек» совхозындағы №181 мектепте еңбек жолын бастаған кейіпкеріміз 1981 жылға дейін аталмыш мектепте қызмет етеді. Осы мектептің директор орынбасары қызметін атқарады. 1981 жылы Ақмая ауылындағы №49 орта мектебінің директоры қызметіне та­ғайындалады. Сол жылдан осы ауылға тұрақтаған Кенжетай аға 2010 жылы 41 жыл жұмыс өтілі мен зейнеткерлік дема­лысқа шықты.
Білім беру саласының зейнет демалысындағы кейіпкерімізге ауыл ақсақалдары ардагерлер кеңесі төрағасы қоғамдық жұмысына сайлайды. Қолдан келгенше ауыл халқына қызметімді жасайын деп бұл ұсынысқа қарсылық білдірмеген Кенжетай аға осылайша «аты бар да заты жоқ» жұмысты қолға алады. Ауылда 24 жыл мектеп директоры қызметінде болған ол кісіге ауыл жетістіктері мен кемшіліктері, тыныс-тіршілігі таңсық емес еді. Алдымен жұмыс бөлмені дайындап алу мақсатында шаруашылық кеңесіндегі қоймаға арналған үлкен бөлмені сұрап алып, оны «Ардагерлер бөлмесі және қоғамдық ұйымдар орталығына» айналдырған ардагерлер кеңесінің төрағасы ауылдағы «Бәйтерек» жастар ұйымы, мәдени-спорт ұйымдары, «Жас Отан» жастар қанаты, әйелдер кеңесі ұйымдарының жұмыстарына қозғау сала отырып, солармен бірге жұмыс жасағанды жөн көреді.
Осылайша, өз жұмысына ерекше құл­­шыныспен кіріскен ауыл ағасы ауылдағы иесіз қалған (имамы көшіп кеткен) мешіттің жұмысына да атсалысты. Ауданның бас имамымен келісе отырып, имам алдырып, мешітті соған тапсырады. Енді осы мешіттің құжаттарын рәсімдеуді міндеттеген ардагер ұстаздың тынымсыз еңбегінің және ауылдағы діни сауаты бар жастардың арқасында, өсіп келе жатқан жас буынды имандылыққа баулитын және қасиетті дінімізді уағыздайтын орталыққа айналған. Негізгі жұмысына сай ауыл үлкендерінің белсенділігін көтеру, әлеуметтік жағдайларын зерттеу, денсаулығын және емделуі мен демалысын ұйымдастыру, ауыл ардагерлерін ауылдың өміріне араластыру, ұрпақ сабақтастығын дамыту, мерейтойларын өткізу мен еңбектерін ұлықтау сынды тірліктер қолға алынды. Бұның барлығы жылдық жұмыс жоспарларына сай, 9 адамнан тұратын ардагерлер кеңесі, 7 адамнан тұратын билік кеңесі, әйелдер кеңесі, арнайы құрылған 3 тұрақты комиссия, көше комитеттері, мәдениет бөлімі және әкімшілік арқылы жүзеге асырылып келеді.
Кенжетай аға ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында ауыл әкімі мен шаруашылық басшыларымен бірлесе отырып, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолынан өткел аштыру, ауыл халқының кепілдіктегі жерін қайтару, ауыз су, аяқ су, көшелерді жөндеу, жарықтандыру, жайылымдық жер және тағы да өзге көптеген мәселелерге білегін түре кіріскендігін айтады үзеңгілестері.
Жоғарыда айтып өткенімдей, кейіп­керіміз «аты бар да заты жоқ» жұмысты қолға алып, өзгеге үлгі ететіндей тірлікке мұрындық болып жүр. Ардагерлердің мерейтойларын атап өту, мемлекеттік мерекелерде құттықтап, сый-сияпат жасау, әр жылда 4-5 ардагерді шипажайларға жіберіп демалдыру сынды игі жұмыстарды мүмкіндігінше жүзеге асырып келе жатқан жайы бар. Осынау жұмыстардың орындалуына қолдау көрсетіп келе жатқан, соңғы жылдары облыс көлемінде көзге түсіп жүрген ауылдағы «Ақмая» шаруа қожалығы, оның төрағасы Дәулет Жұмбеков екенін атап өтті Кенжекең.
Отанасы Бегайна анамызбен құрған шаңырағын ұл мен қыздан сүйген немерелердің шат күлкісі әсемдегендей. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, дәстүр-салтымен сусындатып, атаның баласы емес, адамның баласы етіп тәрбиелеп, бүгінде немерелермен алаңсыз отырған кейіпкеріміз біраз уақытқа сүбелі сұқбаты­мыздан кейін шаңырағына шақырған болатын. Сол кезде байқаған көрінісім бұл.
«Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», аудандық ардагерлер ұйымының алқа мүшесі, ардақты ауыл ағасы Кенжетай аға Палмағанбетовпен осылайша өнеге боларлықтай әңгіме өрнегін құрдық.

Бақытжан МӘДЕНОВ.
04 ақпан 2018 ж. 1 234 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930