Онлайн қызметі жұмысты оңайлатады
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанындағы «Нарықты мониторингілеу мен талдау орталығы» «Atameken Services» бизнеске электронды қызмет көрсетудің «бір терезе» жобасын іске қосты.
Енді кәсіпкерлер мобильді телефон, планшет немесе компьютерді қолдана отырып, «Атамекен» ҰКП-ның қызметтеріне қашықтықтан тапсырыс бере алады.
Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы біздерге, еліміздің болашағы үшін тағдыр шешті мәселелерді көтерген атаулы құжат болды. Жолдау біздің еліміздің ширек ғасыр ішіндегі екі жаңғырту үрдісін аяқтап, үшінші, экономикамыздың әлемдік өсімінің лайықты деңгейге жетуін қамтамасыз ететін, жеделдетілген технологиялық жаңғыртылу басымдығына көшуімізді айқындап берді.
Негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету болып табылатын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Елбасымыздың Жолдауын жүзеге асыруда өз үлесін қосуда. Мысалы, мемлекеттің көмек-қолдауы жайлы құлағыңыз шалса, компьютер іздеп жүгірмей, қазір жете дамыған планшет сияқты құралдан «Atameken Services» ұтқыр қосымшасына кіріп, мән-жайға қанығасыз. Кеңседен шықпай-ақ немесе үйде отырып, ҰКП қызметтеріне ұзын-сонар кезексіз, қашықтықтан тапсырыс беру мүмкіндігі пайда болды.
«Atameken Services» жобасының мақсаты – ұлттық кәсіпкерлер палатасының айналасына әрбір кәсіпкердің кірісін арттыру прагматикалық идеясының негізінде бизнесті біріктіру. Бұл жетістікке негізгі төрт бағыт бойынша «бір терезе» электронды қызмет көрсетуді кезең-кезеңімен дамыту жолымен жету жоспарланып отыр.
Бірінші, сату көлемін арттыру. Кәсіпкер ұқсас өнім қандай көлемде және қайдан сатып алынатындығын, нарықта қандай тұтынушылар бар және олардың байланысын қалай алуға болатынын түсінуі үшін әлеуетті тұтынушылар мен дилелердің байланыс мәліметтерімен бірге тізімін, сондай-ақ, өткен кезеңдегі сатып алу көлемі туралы деректерді бере отырып көмектесуге болады;
Екіншіден, шығынды азайту. Әлеуметті жеткізушілерді іздеу бойынша қызмет көрсете отырып, кәсіпкер сатып алудың анағұрлым жақсы бағасын таңдай алады, себебі, жеткізушілердің арасындағы бәсекелестіктің арқасында баға 10-15%-ға азаятыны белгілі. Бұл айтарлықтай ықпал.
Үшіншіден, маманмен қамтамасыз ету және олардың дамуы. Ұйымның адами ресурсын дамыту мәселесін шешу және бос жұмыс орнын толтыру үшін қажетті мамандарды іздестіру.
Төртіншіден, бизнесті қолдау шаралары. Қолданыстағы үкіметтік және үкіметтік емес қолдау бағдарламаларының негізінде кәсіпкерге өз ісін жеделдетуге және бәсекелік артықшылықтарды алуға мүмкіндік беретін қаржылай және қаржылай емес қызметтер санаты.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының электронды қызмет көрсету алаңы – уақыт талабының жемісі. Бүгінде «Atameken Services» қосымшасы арқылы қаржылай емес қолдаудың 8 бағыты бойынша 76 тегін қызмет көрсетуге қол жеткізуге болады. «Атамекен» ҰКП қызметтерін алуға өтініш беру үшін «Қызметке тапсырыс беру» тетігін басып, өзіңіз туралы мәліметтерді көрсету жеткілікті, одан кейін маманның жауабын күту керек. Өтініштеріңізді қарай отырып, тапсырысыңыздың орындалуын бақылай аласыз.
Шиелі ауданында «Atameken Services» жобасы арқылы онлайн қызмет көрсету ағымдағы жылдың 1-шілдесінен бастап іске қосылды. Бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Шиелі ауданындағы филиал кеңесшілері сервистік қызмет көрсету бойынша 290 өтінішті өңдеп тиісті жауабын берсе, ақпараттандыру және мемлекеттік бағдарламалар жөнінде келіп түскен 127 сауалдарға жауап берді. Бұл көрсеткіш күн санап өсіп келе жатқанына қарағанда, кәсіпкер немесе қарапайым халық «Atameken Services» қосымшасын тез әрі оңай игеріп жатқаны белгілі болып отыр.
Сондай-ақ, «Atameken Services» қосымшасын жеке деректемелер арқылы заңды тұлға туралы ақпарат іздеу қызметі де бар. «AGILE» әдістемесі бойынша «бір терезеге» кәсіпкерлер палатасының электронды қызметтерін шоғырландыру жұмыстары жалғасады. Бұл ай сайын көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті арттыра түспек. «Atameken Services» каталогында әлеуетті тұтынушылардың, жеткізушілердің, дилерлердің тізімін, сатып алу туралы және алдыңғы сатып алу деректері туралы ақпараттабуғаболады.»Atameken Services» жобасының барлық қызметтері бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін кәсіпкерлердің кірісін көбейтуге және шығынын азайтуға бағытталған.
Аталмыш жоба жүзеге асқанда заманауи құрал көмегімен шетелде жәнеел ішінде тұтынушылар мен серіктестердің сауда көрігі қыза түспек. Жергілікті сенімді әрі арзан тауар жеткізумен байланыс орнатқан отандық өндірушінің шығыны да азаймақ. Нарықта бәсекеге қабілетті артықшылық пайда болып, әкімшілік кедергіні жеңген бизнестің заңсыз әрекеттен қорғанысы да беки түсері анық. Өйткені, «Atameken Services» автоматтандырылған қосымшасы арқылы кез келген заң бұзушылық туралы хабарлауға жол ашық.
Субсидия мен грант, жеңілдік жайлы құнды мағлұмат пен сарапшы кеңесі өз алдына. Нәтижесінде, тыныс-тіршілігі өркендеген кәсіпкерлік салада жаңа жұмыс орындары ашылып, ел қазынасына құйылатын қаржы артатыны даусыз. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа тойтарыс берудің тиімді тәсілі.
«Арық айтып, семіз шық» деген халық даналығын ұмытпай, игілікті істің сиырқұйымшақтанып кетпеуіне тілектестік білдіріп, кей кемшіліктер байқалып жатса, кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметті жеңілдетуге арналған тың бастамаға «Көш жүре түзеледі» деген жанашырлық ниет танытуға шақырамыз.
О.ЖЫЛҚЫБАЕВ,
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының
Шиелі ауданындағы филиал кеңесшісі.