Түркістанда облыстық кәсіпкерлер палатасы ашылды
Астана, BAQ.KZ. Бүгін Түркістан қаласында өңір басшысының бірінші орынбасары Қайрат Нүкеновтің қатысуымен Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ашылу салтанатына ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, өңірлік кеңес төрағасы Қайнар Абасов және облыстың бизнес өкілдері қатысты.
Іс шара аясында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов қонақтарды палата кеңсесімен, онда көрсетілетін қызмет түрлерімен таныстырды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қ.Нүкеновтің айтуынша кәсіпкерлер палатасының Түркістанға көшуі өңірдегі кәсіпкерлік саласының сапалы жұмыс істеп, сандық өсуіне едәуір көмек береді. Бұл өз кезегінде, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.
Іс шара аясында ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов өңірлік кеңес отырысын өткізіп, жаңа кеңсенің заманауи, ыңғайлы жұмыс кеңістігін бағалап, кәсіпкерлер палатасының ұжымына сәттілік пен жемісті еңбек тіледі.
«Біздің негізгі мақсатымыз – кәсіпкерлердің басын қосып, оларды жұмылдыру арқылы облыстың экономикасын көтеру. Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған барлық бағдарламаларды көрсетіп, түсіндіру. Бәсекелестікке үйретіп, оларды оқыту. Сонымен бірге, Елбасы айтқандай Түркістан қаласын барлық салалар бойынша көтеріп, ондағы шағын және орта бизнесті көтеру. Ол үшін біздер Астана мен Алматыдағы озық тәжірибелерімізді Түркістанда қолданып, шаһарды халықаралық деңгейдегі қалаға айналдыруға барынша атсалысамыз», - деді А.Мырзахметов.2018 жылғы 5 қазандағы ҚР «Атамекен» ҰКП бұйрығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасы Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы болып қайта өзгертілген болатын. Мұнда жобаларды сүйемелдеу, кәсіпкерлердің құқығын қорғау, қаржылай емес қолдау бөлімдері кәсіпкерлерге қызмет ететін болады. Сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы да іске қосылған. Бұрынғыдай кеңесшілермен ұсынатын қызметтердің көпшілігін онлайн режимінде алуға болады. Кәсіп үйренемін деушілерге кәсіпкерлік негіздерін үйрететін бизнес мектеп те жұмыс істейді.
«Палатаның Түркістан облысының кәсіпкерлеріне үлкен қолдау көрсетеді деген үмітіміз бар. Басты мақсатымыз кəсіпкерлікті дамытуға жəне қолдауға, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, үкімет пен билік өкілдері арасында іскерлік келіссөздерді күшейтуге, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу процесінде кәсіпкерлерді тартуға бағытталған», - деп атап өтті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Каржауов.
Baq.kz