Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кісі аттарына мейлінше шектеу қойылған

Кісі аттарына мейлінше шектеу қойылған

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне көше атауларына байланысты арыз-шағымдар ауызша реніш сөздер айтып келушілер жетерлік. Оған бізде дау-дамайсыз жауабымызды беріп, немесе жазбаша жауап қайтарамыз. Осыған дейін Ұлы отан соғысы және соғыс ардагерлері мен ауданның экономикасы мен мәдениетін дамытуға еңбегі сіңген азаматттарға жаппай көше атауы беріліп келгені белгілі.Өзгеріп тұратын заңдар секілді онамастика саласында да өзгертулер, өзгерістер болып жататыны ақиқат. Біз келген кісілерге осы жағдайды айтып, түсіндіруге тырысамыз. Бірақ, оны түсінетіндер бар, ал, түсінгісі келмейтіндер онан да көп. Әрине, еңбегіне қарай бағаланып, халықтың қолдауына ие болып, көше не мекеме атына есімі беріліп жатса, оған бізде қуанамыз. Ондай кісілердің аудан абыройын­ асқақтатары сөзсіз. Олар мақтанышымызға айналады. Өздеріңізге аян, 2017 жылы 28 ақпанда №17-388-5 Елбасының жергілікті жерлерде кездесетін идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту, сондай-ақ, кісі аттарына мейлінше шектеу қою туралы барлық билік тармақтарына қатаң ескерту жөнінде тапсырмасы болған. Осы тапсырмаға сәйкес, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ортақ тарихи сананы қалыптастыру мақсатында «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдері жобасы әзірленіп, Қазақстан Рес­публикасы Президенті әкімшілігімен келісіліп, ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының отырысында қаралып, мақұлданған.
Осыған орай, алдағы уақытта объектілерге, әкім­шілік аумақтық бірліктерге, олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау кезінде жоғарыда аталған ҚР Президенті әкімшілігімен келісілген атаулар тізбесі басшылыққа алына­тын­дығын көпшілік назарына саламыз.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің 2013 жылғы 9 тамыздағы «Тарихи географиялық атауларды сақтау және қалпына келтіру, сонымен қатар, халықтық және тарихи қалыптасқан атауларға құрметпен қарауын қалыптастыру үшін әкімшілік-аумақтық бірліктерді жаппай кісі есімдерімен атауға жол бермесін» деген тапсырмасы да қатаң бақылауға алынған. Сондықтан, аудан тұрғындары осы мәселеге ыждағаттылықпен, түсіністікпен, байыппен қарағандарыңызды қалар едік. Бұл біздің ауданда ғана емес, бүкіл республика көлемінде атқарылуға тиіс тапсырма деп білгеніміз жөн. Аудандық ономастикалық комиссияның да ұстанымы солай. Осындайда «сабырлық» деген сөз жолдары ойға оралады.

Өркен Исмаил,
ҚР Мәдениет қайраткері.
27 қараша 2018 ж. 1 217 0