Ұлт ұстазына арналған кеш
Биыл қазақтың лингвист-ғалымы, қоғам қайраткері, Алашорда көсемдерінің бірі – Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 145 жыл. Атаулы күнге орай аудандық орталық кітапхана қызметкері А.Жолдасбекқызының ұйымдастыруымен«Ұлтымыздың ұлы ұстазы» тақырыбында әдеби кеш өтті.
Мақсаты – ұлттық рухымыздың ұлы тіні, ұлағатты ұлт ұстазы, тәуелсіздік жолында күрескен ірі қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлының шығармаларын кеңінен насихаттау. Киелі тәуелсіздіктің қадір-қасиетін бағалай білуге, жастарды отансүйгіштіккке тәрбиелеу, дүние танымын кеңейту болды.
Шара барысында №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебініңкітапхана меңгерушісі Роза Тоқсанбаева мен тәлімгер Балжан Мырзахметованың оқушыларының шараға жақсыдайындықпен келгендігін аңғару қиын болмады.
Ал, «Өнер» үйірмесінің жетекшісі Ақайша Жолдасбекқызының жетекшілігімен нақ осы тақырыптағы №219 мектеп оқушыларынан құралған шәкірттері сомдаған сахналық қойылым көптің көңілінен шықты. Өздеріне берілген рөлдерін шынайы сомдап, тарихи кезеңдерді бейнеледі. Өз кезегінде А.Мырзалы ұлт ұстазының өмірбаянымен таныстырса, 8, 9, 10-шы сынып оқушылары «Қырық мысал», «Маса», «Жоқтау», «Әдебиет танытқыш» еңбектерін оқу арқылы Ахмет Байтұрсынұлының қаймықпас өр рухын паш етті. Шара соңында аудандық орталық кітапхананың әдіскері Ұлжан Нұрмағанбет бұл күнді Алаштың біртуар ұлының артында қалған мол мұрасымен сусындауға арнап, тағы бір рухани демалыс сыйлағандары үшін алғысын жеткізіп, шараға қатысушыларды марапаттады.
Әбіл АСАН.