Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еркін Шәкірұлы: Елден жырақ жүрсек те, жүрегімізбен біргеміз

Еркін Шәкірұлы: Елден жырақ жүрсек те, жүрегімізбен біргеміз


Күнделікті виртуалды әлемнің жаңалықтарын шолып шығу заңды құбылысқа айналғандай. Әлемнің қиыр бұрышынан хабар алып, әлеуметтік желімен әңгіме өрбіту де бүгінгідей дамыған заманның жетістігі. Әдеттегідей фейсбук желісіндегі парақшаға көз салғанымызда жерлес әріптесіміз Еркін Шәкірұлының жазбаларынан М.Шоқай жайындағы тың деректерді аңғардық. Осылайша, туған жердің даңқты тұлғасын зерттеп жүрген жерлесімізбен виртуалды сұқбат жасаған болатынбыз...
– Биыл туған жеріңіз Шиелі ауданының құрылғанына 90 жыл. 41 Еңбек Ері, 5 ғасыр адамы шыққан өлке. Бүгінгі таңда осы киелі мекеннен шыққан өз орны бар танымал тұлғалардан кімдерді атап айта аласыз.
– Алдымен өзіңізге алғыс айтамын. Туған жерден осылай іздеп жатса әркез қуанамыз. Шынында Шиелі ауданын қайнаған еңбек пен мәдениеттің ордасы дер едім. Бұл өлкеден шыққан талай мықтыны тарихқа көз жүгіртпей-ақ білеміз. Оның бірі биыл ауылымызға Жаназар батырдың атын берді. Талай жаудың бетін қайтарған батырдың еңселі ескерткіші ашылғанда біз бала едік. Бірақ сол тойда күн қарайып, жұлдыз шыққанша жүргеніміз есімде. Оқшы ата туралы аңыз бен әфсанаға құрылған талай әңгімені естідік. Одан кейінгісі өзім құрмет тұтатын, Алаштың аяулы азаматы Мұстафа Шоқай. Өзім сол ауылда туып өстім. Жазушы Сұлтанәлі Балғабаев ағамызбен әлі күнге дейін хабарласып тұрамын. Алматыға оқуға түскен жылы іздеп барғанмын. Ол кісі де Астанаға келсе мені іздейді. Өйткені, ол менің атам туралы соғыс және еңбек ардагері Манасбай Дүйсеновтің ерлігін өз кітабына арқау еткен. Оразбек Сәрсенбаев ағамызды көре алмадық. Есесіне туған інісі суретші Әбілқасым Сәрсенбаев ағамызбен бірнеше елді аралап, Берлинге дейін барып қайттық. Одан бөлек Ыбырай Жақаев атамызды білеміз. Мырзабек Дүйсеновтей ғалым шыққан ел. Қуандық Түменбай, Нұртөре Жүсіптей жазушы-журналист, Маханбетқали Тұрсановтай ақын шыққан аймақ. Айта берсе көп.
– Еңбек жолын телеарнамен байланыстырған журналистердің бірісіз. Бұл салаға қалай келдіңіз және қай бағытқа көп басымдық бересіз?
– Шиелі ауданындағы №142 қазақ орта мектебін бітіріп, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстік. Әдебиетке, тілге жақын болған соң таңдағанымыз да журналистика факультеті болды. Бірінші курсты тәмамдап тәжірибе жинау мақсатында «Қазақстан ұлттық» арнасына бардым. Таңғы бағдарламаның табалдырығын имене аттаған едік. Дегенмен, ауылда атам дүние салып, тәжірибені толық аяқтай алмай елге қайтып кеттім. Ол уақытта телефон біреуде бар, біреуде жоқ. Келсем мені іздепті. Жұмысқа қабылдаймыз деген. Бірақ, оқу басталған соң мен оған бара алмадым. Осылайша, екінші курстың жазында «Қазақстан ұлттық» арнасының «Таңсәрі» бағдарламасына жұмысқа қабылдандым. Міне, содан табан аудармай 10 жылға жуық бір арнада қызмет еттім. Еңбек жолым басталған таңғы бағдарлама жаныма жақын болып кетті. Марқұм, жерлесіміз Руслан Бөлебаймен бір жатақханада тұрдық, бір редакцияда қызмет еттік. Мені жерлесім деп жақын тартушы еді. Сәнді киінетін. Кейде өзінен қалған киімдерін маған ұсынатын. Бір күні эфирге реквизит ретінде алма қажет болды. Содан маған Руслан өтініп ала келші деп, мен көлікпен 1 сағаттай жүріп таба алмадым. Таңғы эфир 7-де басталады. Ол уақытта дүкендер кеш ашылатынын білмей сандалып ем. Одан кейін аз уақыт «7» арнаның жаңалықтар қызметінде жұмыс істедім. Көп ұзамай музыкалық арнада қазақ редакциясын басқардым. Қазіргі қызметім жаңадан ашылған «Atameken Business» арнасының жаңалықтар бөлімінде тілшімін. Негізі экономика, бизнес, қаржы тақырыбындағы мәселелерді жиі қозғаймын.
– «Мұстафа Шоқай»деректі фильмінің редакторы екенсіз. Осы күнге дейін М.Шоқай жайлы ашылмаған, не болмаса айтыла бермейтін құпия бар ма?
– Бұл ұзақ әңгіме. Ол кісі туралы таңды таңға ұрып айтуға болады. Мұстафа Шоқайды танымай, білмей, қазақты сатып, елді тастап кетті дейтіндер көп. Бірақ, олар қателеседі. Шын мәнінде Мұстафа Шоқай Әлихан Бөкейханды ұстаз санады. Сол кісінің тапсырмасымен жүрді. Шетелге кетуіне де мұрындық болған Әлекең деп айтуға болады. Фильм туралы айтар болсам деректі дүниені 1 жылға жуық уақыт түсірді. Фильмнің идея авторы, жүзеге асырушы ақын Қасымхан Бегманов. Осы кісі өзің ұлттық арнадасың, Мұстафа Шоқай туған топырақтансың, осы фильмге сені алмағанда кімді алам деп мені жақын тартты. Ұлттық арнамен фильмді көрсетуге келісім жасалды. 2008 жылы сәуір айында Қызылорда облысын су басып, дария тасып жатқан кез еді. Сөйтіп, сапарымыз туған жерінен емес, білім алған Ташкенттен басталды. Ташкент, Ферғана, Қоқан сапарында керемет дүниелерге кезіктік. Бір кездері Қоқан автономиясын құрған ғимарат әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Мамыр айында Сыр еліне келдік. Шиелі ауданы, Қызылорда қаласында түсірілім жұмыстары жасалды. Кіндік қаны тамған Наршоқыға бардық. Базарбай Атабаев ағамыз бастан аяқ алып жүрді. Мұстафа туралы айтқанда біз жұбайы Мария Шоқайды ұмытпауға тиіспіз. Көп естеліктер, тарихи дүниелер сол кісі арқылы жетті. Тіпті, Мария Шоқай өзін жерлейтін жерді сатып алу үшін үйіндегі құнды мүлкі ақ пианиноны сатқан көрінеді. Сөйтіп, тірісінде дайындалған. Одан бөлек, Мария Шоқайдың бейітінің басында 1888 жылы туған деген жазу тұр. Қайтыс болған жылы көрсетілмеген. Өйткені, оны жерлейтін ешбір туысы болмаған. Ал, М.Шоқайұлы 1941 жылы 27 желтоқсанда белгісіз жағдайда дүниеден өтті. Сол кездері қанша жалынып сұрасада, мәйітін жары Марияға да көрсетпеген.
– Елбасы 5 қазандағы «Қазақ­стан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұр­мыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту керек деді. Сіз өз ауылыңыздың көркеюіне не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Қазір әлем үлкен өзгерісті күтуде. Оның бірі урбанизация үдерісі. Болашақта әлем халқы ең үлкен 39 мегаполистің маңайына шоғырлануы мүмкін. Ал, біздің билік болашағы жоқ ауылдардың тізімін жасауда. Алдағы жылдары сол ауылдарға интернет пен су тарту, газ әкелу сынды жұмыстар жүргізілмей есесіне қаражат пайдалы іске жұмсалады. Бүгінгі таңда, мен туып өскен қазіргі Жаназар батыр ауылында үлкен мәселе бар. Ол – ауыз су мен егістік суының жоқтығы. Ауыз суды әркім қажетінше есік алдына мотор орнатып шешімін тауып отыр. Алайда, оның өзі күніне сағаттап қана беріледі. Ал, мал мен егін үшін су жағы кемшін болып тұр. Ендігі мәселе ол ауылдың жолы, суы мен халыққа керегін жасаса ғана, берекесі артады. Елден жырақ кетсек те жүрегімізбен елдің ішіндеміз.
– Жеке өміріңіз жайлы айтсаңыз?
– Қарапайым еңбек адамының отбасында дүниеге келдім. Бала күнімізден шаруаға араластық. Өйткені атам Манасбай Дүйсенов 40 жыл шопан болған. Бір кездері Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылып, басқа адамға беріліп кеткен. Бірақ, соғыстағы ерлігін ешкім жоққа шығара алмайды. Менің бір өтінішім ауылдағы орта мектептің атын ауылымыздан шыққан жалғыз соғыс ардагерінің атына берсе деймін. Бұл кісіні бір кездері Дінмұхамед Қонаев қабылдап, «мына қырғыздар Манас, Манас деп мақтанады өзімізде де ер Манас бар екен» депті. Шопан кезінде-ақ 100 қойдан 150 төл алып, рекордтық көрсеткіш көрсеткен. 1984 жылы очерк жазуға барған жазушы Сұлтанәлі Балғабаевтың атамды көріп, кітабына түсіргені сол кезең. Әкем зоотехник болған. Анам үй шаруасында. 2004 жылы мектеп бітірген соң Алматыға оқуға кетіп, сонда қалып қойдық. 2012 жылы Астанаға отбасыммен бірге қоныс аудардым. Ұлымыз Әлихан елордада дүниеге келді. Қазір осы қалада тұрып жатырмыз.
– Ұлыңыздың есімін кім қойды және кім болғанын қалайсыз?
– Ұлымның есімін көкем Қасымхан Бегмановқа қойдырдық. Ол кісі қазақтың жоқшысы. Бір жылдары үйінде елеусіз жатқан Жағда Бабалықұлын іздеп барып, «Этногрофпен әңгіме» деген кітап жазды. Өзі Түркістанда туылса да, Сырда туған Мұстафа Шоқайды іздеп, керемет фильмді жа­рыққа шығарды. Әлиханымыз туылғанда қазақтың Әлихан Бөкейхандай ұлы болсын деп ырымдап қойған еді. Қазір енді баламыздың қай бағытқа жақын екенін нақты айта алмаймыз. Дегенмен қазір каратэге барып жүр.
Ал, бала кезімізден оқып өскен «Өскен өңір» газетінің ұжымына шығармашылық табыс тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет.


Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
24 қазан 2018 ж. 998 0