Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ағаш ұстасы – дулыға

Ағаш ұстасы – дулыға


Адам баласының тағдыры өз қолында екені белгілі. Қандай жағдай болсын, өмірде өз орнын табу, ел қатарлы өмір сүру, өзіне ұнайтын, қолынан келетін кәсіппен айналысу – әркімнің өзінің ерік-жігеріне байланысты. Біз газетіміздің әр нөмірінде кәсіпкерлік тақырыптары бойын­ша егін егіп, мал баққан шаруа адамдарының еңбегін көрсетіп келеміз. Ал, бұл санында жай жатқан ағашқа жан бітіріп, көз жауын алатындай бұйымдар жасап шығарып отырған қарапайым жан жайында әңгіме өрбітпекпіз. Он саусағынан өнері тамған осынау шебердің әр бұйымына көз тіксеңіз, бейне бір әдемілік әлеміне сапар шеккендей күй кешесіз. Олай болса, тақырыпты тарқатайық.
Ал, біз әңгімелегелі отырған Бидайкөл ауылының тұрғыны Дулыға Бақытбек өмірде өз кірпішін қалаған азамат деуге болады. Құдайдың берген тағдырына ризашылықпен қарайтын ол бүгінде ауылдастарының құрметіне бөленіп жүр. Бидайкөлдік Дулыға ұсталықты дамытып, ағаш шеберлігімен айналысуды жаны қалайды. Бүгінде сол ағаштан бұйым жасауды жаңғыртып, қазақтың осы бір өнерін дамытып, бабалардың өнегелі жолын жалғаған қолөнер шебері ағаштан түйін түйіп келеді. Ағаштың түбірін кәдеге жаратып, еңбегімен көптің көзайымына айналды. Мақсаты – киелі де бірегей ұсталық кәсіпті дамытып, ұлттық нақыштағы бұйымдарды насихаттап, тапсырыс берушінің талғамына қарай еңбек ету.
Шеберханасына бара қалсаңыз, әдемілік пен шеберліктің куәсі боласыздар. Қазақтың тұрмысына қажетті бесік, сандық, қол жуғыш, кіре беріс жиһазы көздің жауын алады. Сондай-ақ, ожау, астау, қобдишалар, гүл салғыштар мен әртүрлі кәдесыйларды, басқа да ағаш бұйымдарын кездестіресіз. Сонымен қатар, тапсырыс берушінің талғамына қарай түрлі бұйымдар жасап, көңілінен шығуда.
Жұбайы Дәрікүлдің айтуынша, алғашқыда тұрмысқа қажетті бұйымдарды өз үйіне жасаған екен. Кейін тапсырыс берушілер келе бастады.
– Ісіміз алға басып, өзімізге қажетті құрал-жабдықтарды сатып ала бастадық. Жолдасым бесік жасаса, оған көмектесіп, бесіктің жасауын тігіп беремін. Сонымен қатар, кейіпкеріміз отбасында жұбайы Дәрікүл Сқақова екеуі бір ұл, алты қыз тәрбиелеп отыр. Олардың білім алуына барлық жағдайларын жасауда.
Асқан төзімділікті, ептілікті талап ететін бұл өнермен мектеп бітіргеннен бері айналысып, шыңдалып, қолтаңбасы қалыптасқан шебердің атқарары әлі де көп. Анасы Қазыкен Дүйсенбекова шебер, ісмер кісі екен. Кейіпкерімізге де бұл өнер нағашыларынан беріліп, ана сүтімен дарыған. Оның үстіне қазір ағаштан жасалған бұйымдар, күнделікті қолданыстағы ыдыстың өзі экологиялық жағынан таза болып келеді. Бұл күнде ұлтымыздың ұлылығын паш ететін туындыларға сұраныс едәуір артуда. Шебер де үздіксіз ізденістен жалыққан емес. Құрал-саймандарымды толықтай түгелдеп, келешекте жасап отырған жұмысымды көбейтіп жандандыруға ниетті.
Ауданымызда кәсіппен айналысам деуші азаматтарға әрқашанда қолдау көрсетіліп отыр. Болашақта өзінің кәсібін жоғары деңгейге дейін көтеріп, өзінің жеке ғимаратын болғаны қалайды. Міне, біздің бұл кездесуіміз «Кім? Қайдан? Қашан береді?» – деп алақан жайып отырмай, қолынан келген кәсіппен айналысып, пайдасын көріп, ел алғысына бөленуге талпынған адамның қолынан келерін тағы бір дәлелдей түскендей. Олай болса, жұмыс сұрап, табалдырық тоздырғанша, өз бетімен еңбек етіп, күн көруге ұмтылатын уақыт жеткен сияқты.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.
05 қыркүйек 2018 ж. 3 372 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930