Қармақшылық шебер мүйізден мүсін жасайды
ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тұрғыны Самалбек Бурабаев мүйізден мүсіндер жасайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шебердің айтуынша, əбден тазаланып, суға қайнатылған мүйізден көздің жауын алар жан-жануарлардың, құстардың мүсіндерін жасайды. «Қармақшыдағы мектепте еңбек пәнінен сабақ беремін. Қолөнермен айналысу үшін ең әуелі ынта-жігер мен ептілік қажет. Мүйізді өңдеу үшін бір жетідей уақыт кетеді. Суға салып, жібітіп аламын. Содан кейін ыстық суға қайнатып немесе ыстық қоламтаға салып балқытып алса, кесіп, жонуға жеңіл. Мұндай жұмсаған, балбыраған мүйізді июге, қалыпқа қысып кез келген пішінге келтіру оңай. Бабына келіп тұрған кезінде пышақпен еркін жона беруге болады», - дейді шебер. Мүйізден мүсін жасайтын шебер өзіне мәлім өнер туралы кітап жазғысы да келеді. «Әкем ер-тұрман, ер-тоқым, қамшы жасайтын. Қолөнерге ықыласымның оянғаны содан болса керек. Мен мүйізден түрлі бұйым жасауға машықтандым. Бүгінде оқушыларға еңбек пәнінен сабақ беремін әрі қолөнер бұйымдарын әзірлеуге баулып келемін. Балалардың да қызығушылығы жоғары», - дейді шебер. Бүгінде қөлөнершінің қолынан шыққан дүниелер жұртшылыққа кең танылған. Тапсырыс берушілері көбейген. Бір мүсіннің бағасы 3 мың теңге мен 30 мың теңгенің аралығында сатылады. Айта кетейік, С.Бурабаевтың жасаған мүйіндері Қорқыт ата этноауылы мұражайында, ЭКСПО-2017 көрмесінде көпшіліктің назарына ұсынылған болатын.
inform.kz