Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» Темірге «өмір» берген шебер

Темірге «өмір» берген шебер



Нарықтың заманында әркім өзіне қолай көрген кәсібінен нан табуды жөн санады бір кездері. «Неге маған да бір кәсіппен айналыспасқа?» деп алдына мақсат қойып, жарқын болашаққа ұмтылған жандардың бірі – Еділбай Сегізбаев еді. Еділбай Балтабайұлының таңдаған кәсібі темірден түйін түю.
Әңгімені әріден бастасақ, 1986 жылы мектеп бітірген ол, 1988 жылы әскер қатарында болып, ел алдындағы борышын абыроймен атқарып келеді. Негізі, бұл жолды Еділбай Сегізбаев бекер таңдамаса керек-ті. Еділбайға бұл өнер әкесі Балтабайдан қонған екен айтуынша. Ең алғаш сымдарды өріп, қамыр сүзетін нан шолпы дайындап, сатылымға шығарады. Онысы тез өтіп кетеді. Сөйтіп, күнделікті 3-тен 12 түрлі өлшеміне дейін жасап, ауылдастарының басқа да тапсырыс, ұсыныстарын орындайтын жағдайға да жетті. Араға уақыт салып, өнімінің түрі көбейіп, сапасы да арта бастады. Жаңа үлгімен дайындалған үлкен темір қақпалар, үлкен жиындарға арналған шатырлар, сыртта демалатын демалыс бұрышы (беседка), т.б. дайын болған өнімдер тез арада өз иелерін табуда. Әсіресе, өндіретін өнімі үй тірлігіне, тұрмысқа қажетті заттар болғандықтан, күнбе-күн сұраныс та көбейе түсті. Тапсырыс берушілердің әрбір өтініш, қалауы ескеріледі екен. Шебердің қолынан шыққан кейбір дүниелерді облыс орталығындағы дүкендер тапсырыспен алдыратын көрінеді. Сонымен қатар, аудан орталығындағы екі-үш дүкеннен нақ осы Еділбай шебердің қолынан шыққан заттарды кездестіруге болады.
Көрген көзге оңай болғанымен машақаты өте көп өнерге тек сабыр мен төзім болса болғаны. Еділбай Балтабайұлы бүгінде «ҚазМұнайГаз» мекемесінде автогаз операторы болып жұмыс жасайды. Жұмыстан тыс уақытында шеберханасына кіріп алып, жаны қалаған дүниесін жасау­­мен айналысады. Әкесінен дарыған өнерді «балаларыңыздың бойынан байқай аласыз ба?» деген сауалға «Кішкентай ұлым Заңғар әрнәрсені жасап, қызығады. Үйде болғанда маған көмектеседі» деді шебер.
– Қазақтың мәдениеті, салт-дәстүрі, ұсталық өнері ертеден халықпен біте-қайнасып, ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып келеді ғой. Рухани жаңғыру ұран болып тұрған шақта өскелең ұрпағымызды ұлттық рухта тәрбиелеп, дәстүрімізді насихаттап, ата кәсіптің берер тағылымы мол екендігін ұғындыра білсек, біз үшін зор бақыт осы. Қолымнан келгенше бұйымдарды шын ниетпен жасауға тырысамын. Содан болар – жасаған дүниелерім көпшілікке ұнап жатады. Осы кәсібім арқылы қоғамға, туған еліме пайдам тиіп жатса, соған да шүкіршілік етемін, – деп өз ойын әрі қарай сабақтады Е.Сегізбаев.
Айта кету жөн, тағы бір байқаға­нымыз – темір ұсталары тек қана кәсіпкерлікке бой ұрмай, жай темірге «екінші өмір» беріп, пайдаға асыруды мақсат тұтқандай боп көрінді. Олар, қолдарына тиген темірді иіп, кесіп, жалғап, өрнектеп, сырлап, қажет дүниеге айналдыра қояды екен. Қандай керемет!

Дина ЖҮСІПОВА.
---
22 мамыр 2018 ж. 1 336 0