Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Текпен дарыған текті өнер

Текпен дарыған текті өнер



Бабалардың салты мен санасынан, дәстүрлері мен құндылықтарынан сыр шертіп, тамыр үзбей жалғасып келе жатқан ұсталық өнеріне байланысты «Ағаштан түйін түйген» деген кереметтей теңеу сөз бар. Бұл кез келген жанға қарата айтыла салмайтыны тағы бар. Он саусағынан өнері тамған нағыз шеберлерге ғана осылай баға беріледі. Ұлттық өнерді бойтұмардай сақтап, шеберлігін кәсіпке айналдырған өнегелі жанның өмір жолдары біз көтергелі отырған тақырыпқа арқау болмақ. Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оны жаңғыртуда қажырлылық танытып жүрген жандардың Мәңгілік Ел болуға сіңірер еңбектері де орасан.
Сонымен, өскелең ұрпаққа үлгі етуге лайық кейіпкеріміз Ақтай Рыспамбет Пәтешұлы. Елге онша елене қоюды мансап көрмейтін, мақтап, мадақтауды сүймейтін, өзінің қарапайым ғана тірлігімен айналысып, ағайын-туыстың, ауылдастарының алғысын арқалап жүретін ағамыз топырағы тарихпен үндескен Бестам елді мекенінің тумасы.
Қарабайыр тіршілігі бар Рыспамбетов Пәтештің отбасында 1961 жылдың шіліңгір шілдесінде дүниеге келген ұста болашағынан көп үміт күттірген пайымды азамат болып ержетті. Абай атындағы педагогикалық институтына 1985 жылы оқуға түсіп, ата-ананың сенімін ақтауды мұрат етеді. Өзінің ұсталыққа, шеберлікке жақындығын сол жоғарғы оқу орнында жүргенде байқата бастайды. Дипломдық жұмысы бойынша да  домбыра жасауды сәтті қорғап шығады. Әңгіме арасында нақ осы жолды таңдауға да өзінің курстас досы атақты домбыра шеберлері Оханов Нарбек және педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрдығылов Жолаушылар себепші болғандығын атап өтті шебер.
– Жалпы өзім домбыра аспабында күй ойнағанды өте жақсы көремін. Әкем өте керемет күйші болған кісі. Кеңес өкіметі жылдарында өндіріс бригадасын абыроймен басқарған. Бірақ себептермен домбыра тартуды тастап кеткен. Кезінде менің де домбырада ойнауымды онша қаламады, – дейді шебер.
Туған ауылына еңбек сіңіруді көздеген Ақтай Пәтешұлы 1988 жылы №205 қазақ орта мектебіне бейнелеу өнері және сызу пәндерінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданады. Жалындаған жас маман жұмысын жан-жақты жандандыруды ойлап, өз саласына тың дүниелер енгізуді де ойластырды. Сөйтіп, 1992 жылы сол кездегі мектеп директоры Гүлхадиша Нысанбаеваның қолдауымен мектеп жанынан «Мирас» атты оқушылардың шағын кәсіпорнын ашады. Кәсіпорында бейімі мен талабы бар балаларды ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауға баулып, білгенін үйрете бастайды. Қабілетті шәкірттерінің қатарында Н.Жақыпов, М.Жиенбаев, Ж.Сағындықов, Д.Малдыбаев, Қ.Серікбаев есімді азаматтар да болды.  Кейіннен ұзақ мерзім науқастанып, үйірменің жұмысы  тоқтап қалады. Алайда, жасалған еңбек ешқашан елеусіз қалмақ емес. Халқымыздың ұлттық қолөнерін жаңғыртып, этнопедагогика бағыты бойынша жас ұрпақты ұлттық қолөнерге баулуда атқарған еңбегі бағаланған Ақтай шебер 1993 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталады. Біліктілігі мен ізденісі ұштасқан жетік маманның білімі қай кезде де сұранысқа ие. Міне, сондықтан да болар, біз тілге тиек етіп отырған кейіпкеріміз  1995 жылдан мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметіне лайық танылып, абыроймен атқарып келеді. Көне өнердің өріс жаюяны үлес қосып жүрген азамат одан әрі де шәкірт тәрбиелеуді жалғастыра бермек.
Кәсіпкерлікке кең қолдау көрсетіліп, мол мүмкіндік болып жатқанда «неге өнер әлеміне қайта оралып, текті өнердің тамырына қан жүгіртпеске?» деген ой Ақтайды жігерлендіреді. Сөйтіп, 2016 жылы «Нариман» атты жеке кәсіпкерлік ашып, тұрақты жұмыс жүргізуді қолға алады. Шыдамдылық пен төзімділікті талап ететін кәсіппен айналысып қана қоймай, бүгінде ұлы Нартай Рыспамбетовты, жиені Тәттімбет Балтаевты және ағасы Нұрмағанбет Қожамжаровты баулуда.  Ағаштан жасалатын музықалық аспаптармен қатар ұлттық қолөнер бұйымдарын, тарихи қару-жарақтарға дейін жасай бастайды. Өткен 2017 жылы бизнес жобасын қорғап, мемлекеттік грант иегері атанады. Мақсаты айқын, ұста қайтарымсыз грант қаржысына бірнеше заманауи құрылғылар сатып алады. Биылғы жылы да кәсіптің ауқымын кеңейту үшін біршама жоспарлары бар екендігін ортаға салды. Жасап жатқан жұмыстары өз жемісін бере бастағандығы да мәлім болды. Нақтырақ айтсақ, бестамдық шебер 1996 жылы Алматы қаласында өткен домбыра жасаушы шеберлердің республикалық байқауында дипломант, 2017 жылы Алматы қаласында өткен «Аңыз домбыра» атты домбыра жасаушы шеберлердің республикалық байқауында марапатқа ие болды. Иә, өлшеусіз еңбек қашан да еленбей қалмасы хақ.
–Жұмысыңа деген сүйіспеншілік болмаса, еткен еңбектің жемісін көру неғайбыл. Әрі шаршағаның басылып, рухани демаласың. Өнерімізден хабардар болған болуы керек, аудандық мұражайдан тапсырыс та қабылдадық. Ағаш төсек, дөңгелек ас столы, сандық, жетіген, дауылпаз, қылқобыз, нарқобыз, айбалта, садақ сияқты бұйымдарды жасап өткіздік. Домбыраларымды жергілікті жерден ғана емес Орал, Ақтөбе, Астана қалаларынан да тапсырыс беріп жасататындар бар. Сондықтан, кәсібімнің  аясын кеңейтсем деймін. Қазіргі таңда кәсіпкерлікпен қатар мектеп оқушыларын да осы өнерге тартып, алдағы уақытта жас шеберлер үйірмесін ашсам деймін, – дейді Ақтай аға. Осыдан біршама уақыт бұрын жылына бір-екі домбыра ғана жасаумен шектеліп отырған Ақтай шабер еңбек өнімділігі артқандығын алға тартты. Айына 3-4 домбыра және өзге де дүниелерді жасауға мүмкіндікке ие. Негізінен,жасалатын бұйымдарының ағаштары әр түрлі екен. Домбыра жеміс ағашының қатты және иілгіш түрінен жасалса, аккустикасы жақсы шығатын көрінеді. Мұнан өзге жиде, қарағаш, тұт ағаштарын да қажетіне қарай пайдаға асырып отырғандығын да білдік. Дәл осы сәтте 70 жыл кептірілген қарағайдан домбыра жасауға кіріскен аға өз ісінің нағыз шебері екендігін көрсеткендей.
Қолөнер кез келгенге қона бермейтін өнер десек, атадан балаға мирас болып келген алтын қолды шеберлеріміздің ісмерлігін жалғаушы ұрпақ бүгінде некен-саяқ. Ал олардың абыройын асырып, қадірін көтеруге барынша тырысуымыз қажет-ақ. Оны екінің бірі үйреніп алып, кәсіп етіп кете алмайды. Бұл — атадан балаға берілетін ерекше қасиет. Осы ретте, ұлттың өнерін өрістетіп, ұрпағына ұлағаттап, жастарға үйретіп отырған ағамыздың еңбегіне біз табыс тілейміз.
 Дина ЖҮСІПОВА
11 ақпан 2018 ж. 1 306 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930