Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы халық атаулы көмектің игілігін көрді

Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы халық атаулы көмектің игілігін көрді

Қызылорда облысы бойынша 5 мың 127 отбасы жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмек алды. Сандарды сөйлетсек жыл басынан бері жаңа жүйе бойынша 27 мыңнан астам сырбойылыққа 1 миллиард теңгеге жуық қаржы төленген. Жаңа форматтағы жүйе кешенді түрде жасақталған. Яғни атаулы әлеуметтік төлемнен бөлек еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен қамту жағы тиімді қарастырылған. Шиелі ауданы Еңбекші аулының тұрғыны Мадияр Назарсейітовтың отбасында 15 адам бар. Ұсақ-түйек шаруаның басын шалғанымен біраз жылдан бері тұрақты қызмет бұйырмай жүрді. Әлеуметтік бағдарламаға өтініш білдіргеннен кейін өзі және 2 інісі де шаруа қожалықтарына жұмысқа орналастырылды. Оған қоса, үйі жанға толы Мадиярдың қорасы да малға толды. Мадияр Назарсейітов, Шиелі ауданының тұрғыны:  - 300 мың теңгені 2 рет бөліп, 688 мың тг алдым. Соған 4 тай алдым. Соны көбейтемін. 5 балам бар, үшеуі оқиды, екеуін балабақшаға беремін. Інімнің 5 баласы бар, одан төртеуі оқиды, біреуі үйінде. Берген ақшаның көмегі тиіп, бала-шағамыздың иглігіне жаратып жатырмыз бәрін.     Жаңа жүйе бойынша кедейлік шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан 50 пайызына дейін көтерілді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік төлемдердің де ұлғаюына сеп болып отыр. Бидайкөл ауылының тұрғыны Айнұр Кемалова 241 мың теңге шамасында бір жолғы шартты ақшалай көмек алып, тауық-ешкі асырап және жұбайына ағаш өңдеу құрылғысын алып берген. Нәтижесінде кесе, қасық, астау секілді ағаш бұйымдар жасап, сатып, еңбекпен қамтылып отыр.     Айнұр Әбдірахманова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы: - Шартсыз ақшалай көмек отбасында еңбекке қабілетті азаматы жоқ немесе еңбекке қабілетті азаматы бар бірақ обьективті себептермен жұмысқа жарамсыз: бала күтімінде отырған аналар, мүгедек баламен отырған аналар, қарттардың күтімімен отырған аналарға әлеуметтік келісім-шарт жасасу міндетті емес. Ай сайынғы төленетін жәрдемақы. Шартты ақшалай көмек бұл кем дегенде отбасы мүшесінде бір еңбекке қабілетті азамат болған жағдайда әлеуметтік келісім-шарт жасасу арқылы немесе бейімдеу шараларына қатысу арқасында немесе белсенді әлеуметтік шараларға қатысу арқылы төленетін ақшалай көмек.  Жалпы Шиелі ауданы бойынша атаулы көмекке 6 жүздей өтініш қабылданып, 4 жүзден астам адам жұмыспен қамтылды. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеді. 

24.kz
12 маусым 2018 ж. 2 060 0