Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕК – АДАМДЫ ЖАСАРТАДЫ

ЕҢБЕК – АДАМДЫ ЖАСАРТАДЫ


Күн дүйсенбі, яғни, алғашқы жұмыс күн секілді сезініп, жұмысқа бет алып келеміз. Жұмысқа кешігуді әдет қылмаған біз, сағаттың қысқа тілін тоғызға жеткізіп алмайық деп жанұшырып асығып жатырмыз. Жұмысқа тез жеттік, ерте келдік дегеннің өзінде, бөлмеге кірсек кент
ардагерлер ұйымының төрағасы Әбдішүкір Батырбаев бізді күтіп отыр екен.
Көктем шығып, күн жылып, барлық диқан білектерін түріп, егістіктегі жұмысына кірісіп жатқанда, аудан әкімі Әшім Оразбекұлы «Бидайкөл» шаруа қожалығынан кент ардагеріне арнап, 10 гектар жерді жыртып, егін егуге әзірлеп берген болатын. Бұл еңбекпен бірге жасап келе жатқан ардагерлерге таптырмас сый болды. Мұны естіген ардагерлер кетпендерінің жүзін қайрап, бір ауыздан егін егуге уағдаласты. 100 адамға шақталған жерге бас-аяғы 44 ардагер бел буып, жұмысқа кіріскен еді.
Әбдішүкір ағамыздың да келу себебі осы екен. Бізді егістік алқабына алып кетпекші. Жаз бойы еткен еңбектерінің жемісін көрсетіп, таныстырмақшы. Осы мақсатта темір тұлпарын редакцияға қарай бағыттаған екен. Ардагердің ұсынысын біз де қабыл алдық. Көлігіне жайғасып алып, ноқтаны «Бидайкөл» ауылына бұрдық.
«Көп бейнет етіп, үздіксіз жұмыс жасаған жан, тез шаршап, ерте қартаяды», – дейді кей адамдар. Негізінде бұл сөз жалқаулардан шыққан. Керісінше, еңбек еткен жан әрдайым қозғалыста болып, көп ауырмайды. Тынымсыз қозғалыстың арқасында денсаулығы жақсарып, жасарады. Көп ауыратындар үйлерінде жатқандар», – дейді көлікті тізгіндеп келе жатқан ағамыз. Айтып жатқан сөзінің жаны бар. Қоғамдық жұмыстан мүлдем ажырамайтын ағамыздың жүрісі ширақ, әрбір ісіне жауапкершілікпен қарайды.
«Бидайкөл» ауылынан өтіп, сым қоршаудың ағаш есігін ашып, егістік алқабына да жақындадық. Ойлы-қырлы жолдардан мейлінше тез жүруге тырысып келеміз. Шыр айналған шаң артымыздан қалысар емес. Атыздың жиегі баулап орып қойылған кепкен шөптер. Көлікті егістіктің шетіне қойып, бірінші болып Болат Медетбековтің еңбегімен танысуды бастадық. Жасыл алқаптың арасынан сарғайған әңгелектер назарға бірден ілігіп, көздің жауын алып барады. Мұнда бәрі бар. Қауынның түр-түрі, картоп, қияр, қызанақ, сәбіз. Жасарған егістік алқабының ішінен биік болып тұрған жүгері де алыстан-ақ көзге шалынды. Жан-жаққа қарап, қызығып тұрғанымызда, егістікке қатысты ортақ мәселені шешуге жиналған ардагерлер бізге жақындап, жағдай сұрасып үлгердік.
Қали Дүйсеманов, Алдан Бәйімбетов, Әйтен қажы, Әбдірахман Ақпанбетов, Өркен Исмаил, Әбдімомын Алдия­ров, Бекентай Ахметов, Ерназар Әбдуәлиев, Бектас Нұртазаев, Шерахан Мүсілімов, Сейтхан Әбжанов, Серікбай Жүзімовтер жаз бойы еткен еңбегін малдан қорғау мәселесі бойынша бас қосып отыр екен.
Иә, егін егу оңай шаруа емес. Ең алғаш тұқымды жерге тастағанда су мәселесі пайда болады. Бекітілген ескі арнаның ауызына Сейітбек Әлімбетов құбыр салып, ашпалы-жаппалы қақпасын орнатады. Ал, мал мәселесі биылдыққа алғаш пайда болған шаруа емес. Атыздар арасына жайылып, маса жаудай болған шақта жазық, желді егістік алқабына табан тірейтін көрінеді. Табан тіреген жерін таптап, аунағанда егінді жапырамыз қиратып, жарамсыз етіп тастайды. Бұл еңбектің еш болғаны. Ол кезде де осындай басқосу болып, қоралауды мәміле етеді. Балталарын өткірлеп, немерелері мен балаларын ертіп, қада шабуға кіріседі. Ортақтасып сым алып, жер қазатын құрал тауып, алқапты қоршайды. Ендігі жерде қораланбай қалған қашыртқы маңы ғана. Су тартылған соң егістікке жол ашылған. Бұл жолы алдағы демалыс күндері осы жерге жұмылып, еңбектерін қорғамақшы.
Көпті көрген ардагерлердің бұл еңбектері жастарға үлгі. Ауызбіршілік болған жерде береке болатынының бір көрінісін тамашалап, қуаныш сезіммен кері қайттық.

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
02 қыркүйек 2018 ж. 1 717 0