Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылқыңды Сүліктен сақта!

Жылқыңды Сүліктен сақта!


Бүгінгі таңда әлеуметтік желінің зияны да пайдасы да қоғамға қатар әсер етіп тұр. Бастысы тұлғаның түпкі мақсатына байланысты. Осынау игілікті қай бағытта қолдана білсеңіз сол бағытта сізге мол мүмкіндіктер есігі айқара ашыла кетері сөзсіз. Жуырда осынау ақпараттар айдынының фейсбуг әлеуметтік желісінде облысқа белгілі ақын Мамыр Байдәулетовтың жеке парақшасында қызықты ақпарат жария­­ланды. Оқи сала оны көпшілікпен бөлісе кетуді жөн санадық. Жылқы малына қатысты жарияланған видеороликте Қамбар ата төлінің тіліне жабысқан сүліктерді сылып алу қажеттігі көрсетілген, егер тіл астына түскен сүлік сурылып алынбаса, оның зиындылығы туралы дәлелдер келтіріліпті.
Онда ҚазҰАУ-нің қауым.профессоры, А/ш.ғ.кандидаты, доцент Исxан Қайрат Жәлелұлының төмендегі сөздері жазылған екен. Олай болса, Қамбар ата төлінен нәпақасын тауып отырған кәсіпкерлер үшін пайдасы тиер деген ниетпен назарларыңызға төмендегі жазбаны ұсынамыз.
Халқымыздың бағзыдан келе жатқан сөз саптауларында «сүліктей сұлу», «сүліктей жұтынған», «сүліктей қаракөк немесе сүлікқара», «сүліктей сорды», «сүліктей жылтыр» дейтін ауыспалы мағынадағы тіркестер кездеседі. Сүліктің жып-жылтыр, мөлдіреген, қара түсті көркем бейнелері көз алдымызға келе қалады және оның өте жабысқақ екенін, қадалған жерінен қан алмай қоймайтынын да нақты көрсетеді емес пе?! Олай болса, ерте заманда-ақ көпшілік қауым сүліктің сыр-сипатын, ерекшеліктерін жақсы тани білгендігіне күмәніміз жоқ. Ал бүгінде біз сүлік жайлы не білеміз?
Сүліктердің табиғатта кең тараған 3 отряды, 5 тұқымдасқа бірігетін 400-ден астам түрі мәлім. Олар теңіздерде, тұщы суларда және топырақта өмір сүреді. Еркін қозғалатын жыртқыштар, жануарлардың қанын қорек етеді. Сол себепті сүліктерді эктопаразиттер деп те атайды. Денесінің ұзындығы – 0,2-20 сантиметр, бас және аналь бөлімдері жоқ, денесі 33 сегменттен түзілген, олардың алдыңғы төртеуі қосылып алдыңғы сорғышты, артқы жетеуі артқы сорғышты құрайды.
Сүлік сілекейінде 40-қа жуық ферменттер бар.
Сүліктің сілекейі қабынуға қарсы күресу, иммундық жүйені қоздыру, қан тамырларының склероздық үдерісін азайту, қан ұю үрдісін болдырмау және ұйыған қанның түйіршіктерін езу қасиеттеріне ие. Ғалымдар сүліктің сілекейінен дестабилаза деген фермент жасалып шығатынын анықтап отыр. Бұл фермент фибриндік қоюланған заттарды жою дәрежесіне жеткізе алады. Сүліктің сілекейіндегі осындай қасиеттерді анықтаған дәрігерлер оны адам қанын азайтуға және қанды ұйымайтын жағдайға жеткізу үшін пайдаланып келеді.
Өкінішке орай, біздің айтпағы­мыз! Жылқы жануарының тілі­нің астына жабысқан сүліктің қаншалықты пайдасыз екендігі. Тұрып қалған көл, көлшіктерден су ішкен жылқыларға сүлік ауыз қуысы арқылы кіріп, тілінің астына жабысып, сол жерде көбейіп, саны артады! Демек жылқының жағының, ұртының, тілінің қызметін нашарлатып, азық қабылдау процессіне, ас қорту жолдарына және тыныс жолдарына өте үлкен зиян келтіреді. Жылқы азып-тозып, нәтижесінде өлімге душар болады! Сондықтан, жылқыларды уақытылы сүліктеп отыру қажет! Абзалы жылқыларды жазда-жайлауда, күзде-күзеуде, қыста-қыстауда ұстаған дұрыс! Сонда ғана жылқыны сүліктен құтқара аламыз. Сүліктеу мәселесі болмайды. Ия, қазақтың мал бағу теxнологиясын сақтамаудан туындаған жағдай! Жайлау, күзеу, қыстауды ұмытып қалған қазір! Содан малды қинап өсіріп жатырмыз! Сүлігі көп көлдерден су ішкізу жылқы малы үшін аса зиян.
Мінекей, жазбадан байқап отырғандарыңыздай, жылқы үшін сүліктің зияндығы орасан зор. Біз көбінесе жылқыны қорада емес далада ұстаймыз. Қай суаттан, өзен-көлден су ішкенін маңызды санамайтынымыз да жасырын емес. Қашан жылқының тілінің астын, жағының арасын ашып-көріп, тексердік? Соңғы жылдары топтап жабағы, тай сатып алып, үйірге айналдырып, желмен жарысқан жануарлардың санын арттырып жатқан жастар көп. Олай болса, біздің осынау кішігірім ақпаратымыз кәдеге жарап қалар деген мақсатпен жазбаны назарларыңызға ұсындық.

Әзірлеген
Н.Сәдуақас.

15 тамыз 2018 ж. 2 339 0