Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемдегі ең кішкене бұғы – Пуду жөнінде не білеміз?

Әлемдегі ең кішкене бұғы – Пуду жөнінде не білеміз?

«Бұғы» сөзін естігенде, әдемі мүйізі бар, үлкен жануар бейнесі көз алдымызға келеді. Бұл кербез де паң аңның кішкене түрі де болады дегенге сенесіз бе? Пуду – әлемдегі ұсақ бұғылар тұқымдасына жататын ең кішкене бұғы. Оның екі түрі бар: оңтүстік пудуы және солтүстік пудуы. Денесінің тұрқы – 80-93 см. Бойы 30-40 см. Салмағы 7-10 кг тартады. Жаңа туған кезінде тұрқы – 15 см, салмағы небары 450 грамм ғана болады. Басқа бұғылар секілді, оның да мүйізі бар, бірақ ұзындығы 7-10 сантиметрге дейін ғана жетеді. Еркек түрлерінде анық көрінетін мүйізі, ұрғашы пудуларда жүнінің арасынан аса байқалмай қалады. Олар да жылына бір рет, маусым айында жаңадан мүйіз шығарады. Солтүстік және оңтүстік пудуларының бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Тек солтүстік пудулары сәл ірілеу келеді. Негізгі мекені – оңтүстік Чили өңірі. Пуду – жойылып кету қаупі бар аң. Тым аз түрі қалғандықтан, Қызыл кітапқа енгізіліп, қатаң түрде қорғауға алынған. Олардың құрып кетуіне екі нәрсе себепкер: Бірі – аңшылар болса, бірі – жыртқыштар. Олар өте кішкене болғандықтан, тез жем болады. Тағы бір басты жауы – ит. Пудудың өзінің де дауысы иттің үргені секілді. Сондай дыбыс шығару арқылы басқа туыстарын да сыртқы жаулардан қорғай алады. Тірі қалуы жолында топырақ түстес терісі де көз алдап, көңілге медеу болады.

Massaget.kz
30 шілде 2018 ж. 2 771 0