Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанның картасы іспетті

Қазақстанның картасы іспетті


Шыңдары көкті тіреген асқақ Алатау баурайынан Ұлы даланың кіндігіне көшіріліп, ерке Есілдің жағасында бой түзеген әсем Астана – жаңа ғасыр ғажабынан жаралған жас қала. Жер шарының картасынан Астана атауы да өз орнын алды. Қара шаңырақ астында дүниеге келген қазақ көк әлеммен тілдескен үйлерді құтты қонысқа айналдырып, қысылып-қымтырылмай жаһан халықтарымен иық тірестіріп тұратындай дәрежеге жетті. Бұл бас шаһардың бүгінгі бағындырып жатқан белестерінің бірі ғана дейді Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», журналист Ағайдар Ысымов.
Ажары айшықталып, келбеті келіскен Астананың ел жүрегінен орын тебуі тарихи сәттердің бірі. Сол бір айтулы мезетте елордасының Ақмолаға көшуін көзімен көріп, әрбір қадамын бірге жасап келген аудандық «Өскен өңір» газетінің ардагері Ағайдар Ысымовтың аузынан қызықты деректер естіп, тарихқа көз жүгірттік.
– «Астананы көшіру туралы ең алғаш 1995 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Оралхан Бөкейдің мақаласы жарық көрген болатын. Онда көтерілген түрлі мәселелер мен уәждер Алматы қаласының толығуымен байланысты болды. Жан-жақты мақалалар мен сан алуан пікірлер өрбіп, Қазақстанның нағыз кіндігі, баяғы хандардың яғни Шыңғыс ханның бас қосқан жері Ұлытау болсын деген ұсыныстар да болды. Алайда, тұйықта орналасқан Жезқазған идеяға жақсы болғанымен халыққа ыңғайлы тоғыз жолдың торабында орналаспаған. Келісіп пішкен тон келте болмас дегендей, астананы Ақмолаға көшіруге бел байлайды. Ол кезде Парламентте Сенат апаратында қызмет атқарып жүргенмін. 1994 жылы 6 шілде күні ХІІІ сайланған Жоғарғы Кеңесте Ә.Кекілбаевтың төрағалығымен өткен отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе Астананы көшіру туралы болды. Ресми түрде қолға алынып, қызу пікірталастар айтыла бастады. Тәуелсіздікке енді қадам басқан Қазақстан үшін бұл қиындық тудырады деген керітартпа сөздер де болды. Елбасы нүктесін қойып, баяндама жасады. Онда астананы көшірудің 16 түрлі дәлелдерін келтірді. Елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси т.б ауқымын қамти отырып, бәрі айтылды. Тек бір ғана мәселе көтерілмеді. Ол бүгінгі таңда көтеріліп жатқан – ұлттық мүдде. Сол уақыттарда шығыс Қазақстан, Өскемен, Солтүстік, Павлодар жақта Қазақстанның Солтүстік өңірлерін бөліп әкету туралы сыбыстар шығып, орыстың жері қосылып кетті деген ойлар орыс газеттерінде жарық көріп жатты. СССР бірінші президенті Горбочовтың өзі Қазақстанға 5 облыс кезінде қате қосылып кеткен деген пікірді айтып кетті. Оның үстіне қазақтар өз жерінде өзінен-өзі азайып кеткен жоқ. 1916 жылдан бастап 1945 жылға дейінгі кезеңдерде қазақ халқы 3/2 пайызынан айырылды. Қуғынға ұшырап, атылған, жер аударылғандары қаншама. Сол мезеттерде 20 пайыз ғана дәрежеде болсақ, бүгін шүкір 75 пайызға жеттік. Сан-алуан сын-пікірден өтіп 1994 жылы 6-шілде күні ХІІІ Жоғарғы Кеңестің қаулысымен бекітіліп, 1997 жылы күзде Астананы көшіру туралы президенттің жарлығы шықты. Осылайша, мемлекеттік рәміздерден бастап, парламент, сенат бәрі Ақмолаға көшірілді. Келесі күні бізде жаңа астанаға табан тіредік. Ол жақтың суық, аязын естіп, қатал табиғат мінезіне дайындалып барған біздерді Ақмола ерекше жылулықпен қарсы алды. Сол мезетте күн көзі жымыңдап, қар еріп, көңілге ерекше қуаныш сыйлады», – дейді.
Қазақстанның бас шаһарына қадам басып, әрбір өрелі істің өзекті тұсында өзіндік үлесін қосып жүрген зиялы қауымдар қатарынан Ағайдар Ысымовта көрініп келеді. Ақмоланың ел астанасы болған сәтін баяндағанда жанарында ерекше ұшқын пайда болған ардагеріміз сол күнді ешқашан ұмытпайтынын тілге тиек етті. Астана – Қазақстанның картасы іспетті. Оның әрбір көшесінде жер-судың, өлкелердің атауы бар. Мысалы, Шиелі, Жаңақорған көшелерін кезіктіруге болады деді әңгіме барысында.
20 жылды еңсерген Астананың бүгін еңсесі биік. Дамыған 50 елмен терезе теңестіріп, төрткүл дүние көз тіккен дамушы елдер қатарынан ойып тұрып орын алдық. Елімен етене Елбасы бар. Тәуелсіз елдің көк байрағы желбіреп, Астанасы көз сүйсіндірер сұлулыққа тұнып тұр. Бұл 20 жылдық жеміс!
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
06 шілде 2018 ж. 1 209 0

Қоғам

ШАРАПАТЫ МОЛ ШАРА
04 мамыр 2024 ж. 30

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031