Кітап оқымайтын қоғам қайда барады?
Қазіргі қоғамда ақпарат алу бұрынғыдай қиын емес. Телефон бір сәтте кез келген жаңалықты, видеоны немесе қысқа мәтінді көрсетеді. Осындай жеңіл ақпаратқа үйрену кітап оқуға деген қызығушылықты азайтып барады. Көп адам «оқимын» дегеннің өзін әлеуметтік желідегі қысқа посттармен алмастырып жүр. Бірақ мәселе кітаптың аз оқылуында ғана емес, сол әдеттің қоғамға ұзақ мерзімді әсерінде жатыр.Ең алдымен, кітап оқымайтын ортада ойлау тереңдігі төмендейді. Мысалы, бір оқушы әлеуметтік желіден «5 минутта ағылшын үйренуге болады» деген видеоны көріп, соған сенуі мүмкін. Ал шын мәнінде кез келген білім уақыт пен еңбекті талап етеді. Кітап оқымаған адам осындай жеңіл ақпаратты талдамай қабылдай салады. Соның салдарынан сыни ойлау дамымай, адам әр нәрсеге тез сенгіш болып қалыптасады. Тағы бір мысал – тіл мәдениеті. Кітап оқитын адам мен оқымайтын адамның сөйлеуінен айырмашылық бірден байқалады. Кітап оқымаған жас «ойым түсінікті ғой» деп, сөзін қысқа әрі қарапайым тіркестермен шектейді. Ал кітап оқитын адам өз ойын нақты, жүйелі жеткізеді. Қазіргі мектептерде де байқауға болады: кейбір оқушылар шығарма жазғанда ойын кеңейтіп жеткізе алмай, бір-екі сөйлеммен шектеліп қалады. Яғни кітап оқу арқылы сөздік қорының молая түсетінін осыдан аңғаруға болады. Рухани тәрбие жағынан да мысал - дар көп. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармасында адам мінезі, қоғамдағы әділетсіздік, рухани ізденіс терең суреттеледі. Осындай кітаптарды оқыған адам өмірге басқаша қарайды. Ал ондай шығармалардан мүлде алшақ адам көбіне тек өз пайдасын ойлауға бейім болып кетуі мүмкін. Бұл қоғамда түсініспеушілік пен немқұрайлылықты көбейтеді. Кітап оқымаған адам ақпаратты дұрыс ажырата алмауы мүмкін. Қазір интернетте «дәрі ішпей-ақ 3 күнде арықтау», «емтиханды ұйықтап жүріп тапсыру әдісі» сияқты жалған кеңестер өте көп. Кітап оқып, ойы қалыптаспаған адам мұндай нәрселерге сеніп қалады. Ал шын мәнінде ол кеңестердің көпшілігі ғылыми негізсіз. Ұлттық құндылықтарға да әсері бар. Бұрын үлкендер балаларға батырлар жырын, ертегілерді кітап арқылы таныстыратын. Қазір кей отбасыларда бала ертегіні кітаптан емес, телефоннан тыңдайды. Бірақ кітаппен оқылған мәтін баланың қиялын дамытады, ал дайын видеоны көру тек қабылдауға үйретеді. Бұл да ойлау белсенділігін төмендетеді. Дегенмен бұл мәселенің шешімі бар. Мысалы, кейбір мектептерде «аптасына бір кітап оқу» жобалары енгізілген. Осындай бастамалар оқушыларды жүйелі оқуға үйретеді. Сонымен қатар кітапханаларда оқырман клубтары құрылып, балалар оқыған кітабы туралы пікір бөліседі. Бұл әдіс оқуды міндет емес, қызық процеске айналдырады. Отбасындағы рөл де өте маңызды. Егер атаана өзі телефоннан бас алмай, балаға «кітап оқы» десе, нәтиже болмайды. Ал үйде кешке бірге кітап оқу дәстүрі болса, бала үшін бұл қалыпты әдетке айналады. Қазіргі технологияны да дұрыс қолдануға болады. Мысалы, электронды кітаптар мен аудиокітаптар жолда, автобуста немесе бос уақытта кітап оқуға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе жастар үшін ыңғайлы. Кітап оқымайтын қоғамда ең үлкен қауіп – ойдың жеңілдеуі мен рухани әлсіреу. Бірақ дұрыс бағыт берілсе, кітап оқу қайтадан күнделікті әдетке айнала алады.
Зухра БҰХАРБАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті
журналистика факультетінің І курс студенті







