БАЛАЛАРҒА ҰЛТТЫҚ КИІМДЕГІ ҚАЗАҚ ҚАҺАРМАНДАРЫ КЕРЕК...
Қазіргі таңда балалардың көпшілігі бос уақытын телефон қарап өткізеді. Олар Youtube, Tiktok сияқты әлеуметтік желілерден түрлі мультфильмдер көреді. Алайда балалардың көбісі орысша немесе ағылшын тілінде контент қарайды. Себебі қазақ тіліндегі мультфильмдер аз әрі тұрақты түрде шықпайды. Бұл – бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі.Қазақ мультфильмдерінің аз болуының басты себептерінің бірі – анимация саласының күрделілігі. Бір мультфильм жасау үшін көп уақыт, қаржы, мамандар қажет. Сонымен қатар балаларға арналған жобаларға жеткілікті деңгейде қолдау көрсетілмейді. Сол себепті шетелдік мультфильмдер балалар арасында тез танымал болып кетеді. Қазіргі балалардың қызығушылығын ояту үшін туынды заманауи әрі ерекше болуы керек. Балалар түрлі-түсті, күлкілі, оқиғасы тез дамитын мультфильмдерді жақсы көреді. Сондықтан қазақ мультифильмдері де қазіргі заманға сай жасалуы қажет. Мысалы, қазақша сөйлейтін робот туралы мультфильм түсіруге болады. Ол балаларға достық, білім, мейірімділік туралы үйретіп жүрсе, балалар қызығып қарайтын еді. Сонымен қатар қазақы супер қаһармандар туралы мультфильмдер де балалардың назарын аударады. Қазақтың ұлттық киімін киген, қазақша сөйлейтін кейіпкерлер балаларға ерекше әсер береді. Әрі рух сыйлап, патриоттыққа тәрбиелейді. Тағы бір қызықты идея – қазақ ертегілерін заманауи түрде шығару. Мысалы, Алдар Көсе қазіргі уақытта келіп, телефон мен интернет әлеміндегі қызықты оқиғаларды бастан кешірсе, бұл балаларға өте қызық болар еді. Сонымен қатар табиғатты қорғайтын балалар тобы, ұлттық аспаптармен достасқан кейіпкерлер туралы анимациялар да тәрбиелік мағына берері сөзсіз. Балаларды қызықтыру үшін тек мультфильм шығару жеткіліксіз. Оның қысқа үзінділерін Tiktok, Instagram, Youtube желілеріне салып отыру қажет. Қазіргі балалар әлеуметтік желілер арқылы тез қызығады. Сонымен қатар мультфильм кейіпкерлерінің әндері, стикерлері мен ойыншықтары болса, балалардың қызығушылығы одан сайын артады. Бұл жерде ата-ананың да рөлі маңызды. Өйткені ата-ана баласы тыныш отыру үшін телефон бере салады. Бірақ баланың қандай контент қарап отырғанын бақыламайды. Егер ата-ана қазақша мультфильмдер қосып берсе, бала да қазақ тіліне жақын болып өседі. Баланың бүгін көрген мультфильмі – ертеңгі дүниетанымының бір бөлігі. Сондықтан қазақ тіліндегі сапалы анимация жасау тек ойын-сауық емес, ұлттың болашағына жасалған инвестиция. Балаларымыз телефон экранынан қазақ тілін жиі еститін күн алыс болмаса екен.
Зухра БҰХАРБАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің І курс студенті
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің І курс студенті







