Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілім төрге озсын десек...

Тілім төрге озсын десек...

Балаңыз ғаламтордан қай тілдегі бейнажазбаны қарайды? Иә, бұрынғылардың «қай елдің шығармасын оқыдың?» деген сауалы қазір «ютубтан қай тілді тамашалап жүрсің?» деген сұраққа алмасқалы қашан. Осыны бір сәт ойланып көрелікші… Бүгінгінің балалары көретін қазақша контенттің халі нешік? Рас, қазір бұл салада серпіліс бар. Дегенмен де жұтаңдық басымырақ секілді. Әйтпесе, теледидарға телмірген бөбектеріміз «Baby Shark»-ты қызыға тамашалайтын 13 миллиардтан астам көрерменнің қатарынан табылмайтын, не аудармасы денеңді түршіктіретін «Тралалла», «тум, тум, сахур» деп дауысы қарлыққанша ән шырқамас еді.

«Үйде қазақша сөйлейміз»
– Үйде орысша сөйлейтін адам жоқ, бірақ, кіші екі баламыздың тілі орысша шықты. Түс, сандарды айтқанда ағылшынша араластыратынын қайтерсің?!
Көпбалалы шиелілік ана Нұргүл Мұхтарқызының осы сөзі қазіргі көп отбасыға тән құбылыс.
– Қолдарынан телефон түспейді. Бәрі соның кесірі. Балаларымыз бүкіл видеоны орысша көреді. Жұмыста жүрген кезде қадағалай алмаймыз, кешкілік келгенде қазақша мультфильмдерді қосып қоямын. Бірақ оны қызығып қарай қоймайды, – дейді ол.
Шыны керек, баланы алдандырудың амалы ретінде қолына телефон ұстата салу, теледидардан қызылды-жасылды анимацияны қосып беру – көпшілігімізге тән тірлік.
– Бұл көп отбасы үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Кейбір ата-ана оған онша мән бермейді. Бірақ бұл – үлкен проблема. Қазіргі таңда біздің алдымызға келетін балалардың көпшілігіне ата-ана, ортасы, қоғаммен сөйлесу жетіспейді, – дейді логопед-дефектолог Арайлым Рахметова.
Маман келтірген деректерге сүйенсек, бала сұрақ-жауап алмасып, қарапайым тілдесудің жеткіліксіздігінен, аз сөйлейтін, тіпті сөйлеуге ерінетін болады. Мұндай бала уақыт өте келе, тұйық, айтар ойын анық жеткізе алмауы да мүмкін.

Интернет иіріміндегі ұрпақ
– YouTube-те қазақша әрі қызықты контент көп емес. Балаларды қызықтыратын видеолардың басым бөлігі өзге тілде. Бірақ біз жұмыс барысында үнемі қазақша көрсетілімдерді қолданамыз. Кестеге сай, белгілі бір уақытта бөбектерге теледидар қосып, бірге қараймыз. Сандарды жаттауға, түстерді ажыратуға көп септігін тигізетін сабақ түріндегі шығарылымдар – біздің көмекшілеріміз, – дейді «Аймира» балабақшасының тәрбиешісі Айгүл Ағайдарқызы.
Қазіргінің баласын қызықтыру да қиын сыңайлы. Өйткені, қолында – интернет иірімінің шексіздігіне сүңгітетін смартфон. Смартфон дейміз-ау бірер жыл бұрын тентек Маша мен аюды баламыздың жүйкесіне зақым келтіретін болды деп абдыраған едік. Қазір сюжеті мен мағынасы адам шошырлық бірақ баланы баурап алатын дүниелер сәт сайын артып барады. Сондықтан баламызға иелік етпесек әлем желіге әліміз келер емес.
Қазір теледидар немесе компьютер, планшет, телефонға «ата-аналар бақылауы» ­функциясы енгізілген. Сол арқылы балаңыз қарайтын контентті өзіңіз қадағалап, шектеу енгізе аласыз. Бұл да – аса маңызды мәселенің бірі.
Сарапшылар жүргізген зерттеу нәтижелеріне қарасақ, әлем бойынша бүлдіршіндер күнінің 30 пайызын теледидар алдында немесе телефон қараумен өткізеді екен. Дамыған елдер осы сараптамаға сүйене келе, идеологиялық құралдың сапасын арттыруға, балалар үшін пайдалы болуына мән беріп отыр. Мұндай игі үрдіс Америка, Жапония, Қытай секілді дамушы елдерде кең етек жайған. Олар дайындаған қай туындының да астарында патриоттық рух, ұлттық ұстаным жатыр.
Қазақша контентті дамытудың драйвері – бәсекелестік. Сондықтан, өзара салыстыру арқылы сапалы дүниелер жасалары сөзсіз. Осы ретте былтырдан бастап, шетелдік арналарда көрсетілетін телеөнімдерді қазақшалау күн тәртібіне енгізілді. Балалар арасында кеңінен сұранысқа ие Nickelodeon және TiJi телеарналарымен жүргізілген келіссөздің нәтижесінде бағдарламалары қазақша көрсетіле бастады. Бұл да – жоғарыда атағанымыздай, бәсекелестік тудырудың бірден-бір амалы.

Бәсекелестік болуы керек
Бұл тақырып – айтылып, көтеріліп жүрген мәселенің бірі. Шешімін табу жолдары да қарастырылып, жаңашыл бастамалар да көтерілуде. Алайда, аталған мәселеге мемлекеттік қолдау қажет-ақ.
Иә, мультфильм – тәрбие құралдарының бірі. Қазір қазақ тіліндегі танымдық мәні бар, заманауи, бүгінгі көрермендер талғамына сай элементтері бар мультфильмдердің қажеттілігі туындап отыр. Сан емес, сапаға көшетін уақыт келді. Біз ұсыныс бердік. «Қазақфильм» секілді ұлттық идеологияға жұмыс жасайтын, жаңашыл «Қазақмультфильм» ұйымы болса қанекей. Өйткені балаларды тәрбиелеуде бұл бастаманың мәні ерекше. Бүлдіршіндер өзге тілдегі көрсетілімдерді қарау арқылы, бөтен мәдениетті бойларына сіңіруде. Сондықтан, қазіргі қоғамда балалардың тілі кеш шығуы белең алып, сол үшін дефектологқа сұраныс артуда. Баласын сөйлету үшін өзге адамның, арнайы маманның көмегіне жүгінушілер көп.
Балаларға арналған контент өндірісін дамытып отырған «Балапан» арнасы сияқты тағы да телеарналар ашылса, бәсекелестік туындайды. Сол кезде салада өсім пайда болады. Өйткені, монополия болса, даму аз болары сөзсіз, бір арбаны сүйреп жүре берген дұрыс емес.
Ғаламтордың шексіздігі соншалықты, өскелең ұрпақ ондағы ақпараттың бәрін талғамай тұтынуда. Мысалы, «YouTube» желісінен бүлдіршіндер небір анимациялық бейнелерді бірнеше тілде көре береді. Сондықтан, тілі шұбарланып, ойын жеткізу үшін бірнеше тілді араластырып қатар қолданады. Өзге елдердің мульткейіпкерлерін идеалға айналдырып отырған бөбектердің назарын аударту үшін қазақ анимациясы әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуы тиіс.
Мәселе айтылуда, талданып та келеді. Бұл бағытта жаңашылықтар да жоқ емес. Қаралымы миллиардтарға жетпегенімен, мыңдаған көрермені бар қазақша көрсетілімдер, канал, контенттер бар. Қолдау болса, дами түсері де сөзсіз.
Қазақ тілін тек қорғап емес, трендке айналдырып, сапалы, қызықты, заманауи етіп ұсыну қажет. Тіл дамуы үшін – оған сұраныс болуы керек, ал сұраныс – сапалы контенттен туады.
Бұл мәселенің бір тіні – ата-ананың уысында. Ең бастысы, баланы қадағалауды, оларға өзіміз үлгі болуды ұмытпасақ екен.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
24 маусым 2025 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (9315)

01 шілде 2025 ж.

№47 (9314)

28 маусым 2025 ж.

№46 (9313)

24 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031