Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалар контентінің жайы қандай?

Балалар контентінің жайы қандай?

Ертеңгі болашақ үшін қатты алаңдайтынымыз рас. Алайда, көкейде кішкентай балаларымыз көгілдір экраннан, ютубтан не қарап жүр деген сауал туады ма? Интернет біздің өмірге дендеп енгеннен бері, жаңа медианың қыр-сырын жетік білетін жас буын өсіп келе жатқандығын жасыра алмаймыз.
Ақпараттың қарқынды дамыған заманында балалардың ойлау-қабілеті, танымдық көзқарасы жылдам. Бірақ, ол қай бағытта? Олардың көріп жүрген мультфильмдері психикасына қалай әсер етіп жүр? Иә, елімізде балаларға арналған «Balapan» телеарнасы бар. Бұл арнада бала қызығып қарайтын қазақ тіліндегі қысқаметражды көркем фильмдер, мультфильмдер, танымдық бағдарламалар жоқ емес. Сонда да қазіргі балалардың барлығы тапжылмай телеарнада отырады деп айта алмаймын. Бәрінің қолдарында бір-бір ұялы телефондар. «Осы балам жыламай тыныш отырсыншы» деп қолына телефон бере салатын ата-аналар көп. Одан кейін «Балам түстерді, сандарды орысша, ағылшынша айтып жүр» деп шағымданып жатады.
Тіпті, байқап қарасақ кейбір бала­лар­дың тілдері кеш шығып жатады. Неге? Оның басты себептерінің бірі – балаларға арналған қазақ тілді контент­тердің аздығынан. Өйткені кезінде ата-әжелеріміз балаларына кітап оқытқызып, ертегі айтып беретін. Ата-әжесі күні бойы балалармен сөйлесіп, олардың тілінің шығуына көмектесетін. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Отандық сарапшы-мамандардың зерттеуіне сүйенсек, қазіргі кезде ата-аналардың 49,7 пайызы жұмыстан, үйдегі тіршіліктен қолы босамайды. Яғни, балалармен үнемі уақытын бірге өткізе алмайтыны рас. Ал баламен ешкім сөйлеспейді. Және балалар не істейді? Олардың қарайтындары не? Әлбетте, орыс тілді немесе ағылшын тілді контенттер. Сондықтан, олардың тілі өте кеш шығады. Кейбір балаларда үйінде ата-анасы таза қазақша сөйлесе де, ол қазақ тілді балабақшаға барса да, тілі орысша шығып жатады. Осының бәрін алдын-алу үшін ата-ана баласын ойлап, бақылау жасап отыруы қажет.
Баланың қолына смартфон берген кезде «Маша и медведь», «Щенячий патруль», «Барбоскины», «Приключения Лунтика и его друзей» сияқты танымал мультфильмдерді қызықтап қарайды. Мәселен, Youtube-та «Маша и медведь» - ті 2 миллиардтай адам тамашалайды екен. Бұл туындыны әлем халқының 20 пайызы көреді. Өкінішке қарай, қазақ тілінде осындай өнімнің болмай тұрғаны. Осы мәселе төңірегінде мен де қатты ойланамын. Әсіресе, балалар тақырыбы қозғалғанда жан-жақты журналистік зерттеулер, пайымдар жасауға тырысамын. Әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы болғаннан кейін, мен балаларға арналған контентті жос­парлап жүрмін. Бос уақытымда дыбыс­тамамен айналысқаннан кейін орысша, ағылшын мультфильмдерді қазақша аударып жүрмін. Оның ішіне аталмыш жоғарыда атап өткен «Маша и медведь»- ті қазақша аударып инстаграм, тик ток желісіне салған едім. Оқырмандардың көпшілігі қолдап, жақсы пікірлерін қал­дыр­ды. Осы видеодан кейін «тағы да сала­сыз ба, балама ұнап қалды» деген ұсыныстарда түсті. Тик токка салған видеом­ның көрсетілімі 946 000 қаралым болды. Бұл көрсеткішті көріп таңғалып, әрі қарай жалғастырудамын. Ендігі кезде мен де жоспар ютуб канал ашып, балалар­ды қызықтыру.
Интернетте қазақ тілді контенттер мүлдем жоқ демеймін. Бар. Соларға талдау жасап көрейікші.
«Torghai-Tv» каналы – балаларға және ата-аналарға арналған канал. Әзірге 829000 тұрақты түрде тіркелген көрермені бар. Қазақ тілін үйретуге арналған онлайн жоба. Канал 2015 жылдың 2 мауысымында ашылған. Жалпы қаралым саны бүгінгі күнмен санасақ 392 337 534 қаралым. Каналға 33 видео салынған. Бұл канал ешқандай комерциялық немесе жоба емес. Балаларға контент ұсынсам деген аз ғана адамның жұмысы. Сондықтан да жалпы қаралымдары көп болғанмен видеоларының саны өте аз. Жалпы қаралым саны бүгінгі күнмен санасақ 392 337 534. Каналға 33 видео салынған. Видеоларының ішіндегі ең аз «Би-би-биле», «Жануарлар биі» 560 00 қаралым болса, ең көп дегені «Аю әні» 80 млн қаралым жинаған екен.
Неше түрлі әндер мен өлендер, пішіндер, санамақ және оқу видео материалдарын ұсынады.
«Алан TV» каналы – балалардың дамуына ұлес қосқан каналдардың бірі. 2016 жылдың 5 сәуірінде ашылған каналдың бүгінде 618000 тұрақты түрде тіркелген көрермені бар. Жалпы қаралым саны бүгінгі күнмен санасақ 15 705 277 қаралым. Видеоларының саны 21. Ең аз қаралым жинаған видеосы 85000 ең көбі 7,7 млн қаралым жинаған екен. Қазақша сандар, үй жануарлары, бояу түстері секілді видеоларды осы арнадан таба аласыздар.
«Балаларға арналған әндер каналы» – 2014 жылдың 24 желтоқсанында ашылған. Бүгінде каналдың 159 000 тұрақты көрермені бар екен. Видеоларының саны 46. Жалпы қаралымы 50 766 047. Әлемді қуаныш пен шаттықта танығысы келетін балалар мен ата-аналарға арналған арна.Балаңыздың әнге деген қызығушылығы болса, онда бұл сізге таптырмас каналдардың бірі.
«Kazformoms Мама, қазақша сөйлеші каналы» – 2011 жылдың 20 ақпанында ашылған. Канал авторы Әсел Сапақова. Бұл арнада 21 видео бар. Басқа арналардан бір ерекшелігі – автор Maisy's Animals жинақшасының кейбір бөлімдерін қазақша әңгімелейді. Жалпы қаралымы 24 585 229, тұрақты көрермендердің саны 78 900 .
«ZerekbalaTV каналы»– бұл каналда 98 видео бар. Әліппе, қазақша санап үйрену, үй жануарлары, жабайы жануарлар, көліктер атауы секілді қызықты видеоларды көре аласыз. 2014 жылдың 16 наурызында ашылған бұл каналда 4 966 552 қаралым екен. Тұрақты көрермендердің саны 22 400.
Әрине, аталған арналардан басқа да каналдар жетерлік. Зерттеу арқылы түсінгенім, балаларға арналған қазақша контенттің әлі де жетіспейтіндігі мен сұраныстың бар екендігі. Балаларды қызықтыру үшін видео тоқтаусыз салынуы керек. Дәл солай бүгінде үздіксіз дамып отырған бір канал бар. Ол «Bala funny» - балаларға арналған көңілді және танымдық видеолар арнасы.2022 жылдың 30 қарашасында ашылған каналда 47 961 395 қаралым, 67 400 тұрақты көрермендері бар. Барлық видео саны 274. Бір қызығы видеоны күнделікті салып тұрады. Балалар үшін талпынып, тыным таппай жұмыс істейді. Тик ток желісінде де 80900 оқырмандары бар.
Еліміздегі 6-74 жас аралығындағы интернет пайдаланушылардың үлесі 78,2 пайызды құрайды. Интернет жылдам ақпарат тарататындықтан оны тұтынушылардың үлесі де соншалықты көбеюде. Мұны жай ғана нәрсе деп қолды сілтеуге әсте болмас. Демек, біздің алдымыздағы ең үлкен міндет – балалар аудиториясын тың зерттеулер жасап, ақпарат тұтынуға қатысты арнайы мониторинг жасау. Ал, бұл тақырып жайлы сіз не дейсіз, оқырман?!

Айнұр ИБРАШЕВА
25 қыркүйек 2023 ж. 247 0