Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ресейде "Балапан" арнасының жаңа маусымының тұсауы кесілді

Ресейде "Балапан" арнасының жаңа маусымының тұсауы кесілді


РФ Түмен облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ресейдің Ишим қаласында «Балапан» телеарнасының 2018-2019 жылдардағы жаңа телемаусымының тұсаукесері өтті.

Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, балалардың бойына қазақ тілінің қадір-қасиетін сіңіріп жүрген Балапан телеарнасы биыл көрермендеріне 8 тың жоба ұсынды. Сонымен қатар, телеарна өз бағдарламасына BBС kids, Kika TV, Карусель сынды шетелдік балалар арналарымен әріптестік негізінде кішкентай көрермендері қызықтыратын түрлі жанр мен бағыт қосты. Ашылғанына 8 жыл болған телеарна Ишим қаласының тұрғындарына балалардың ой-өрісін дамытып, ұлттық тәрбие беретін сан түрлі танымдық бағдарламаларды таныстырды.
«Петропавлда өткелі жатқан өңіраралық ынтымықтастық форум – екі мемлекет арасындағы байланыстың көкжиегін кеңейте түседі деген сенімдемін. Және Балапан телеарнасының жаңа маусымының өнімдерін таныстыру рәсімі осы ауқымды жиын алдында өтіп отырғаны біз үшін үлкен мәртебе. Таныстырылымның бұл қалада өткізіліп жатқандығының мақсаты біздің қазақстандық телеөнімдерді тұтынатын көрермендер аясын кеңейту. Бүгінгі кездесуден кейін Ишим қаласында да, Балапан, Қазспорт, Қазақстан телеарналарының көрермендері көбейеді деген сенімдемін», - дейді облыстық «Qyzyljar» телеарнасы директорының орынбасары Баян Қалиева.
Балапан телеарнасындағы бағдарламалар, атап айтқанда, «Ертемір», «Айдар», «Дала ойындары» сынды анимациялық жобалар баланың ақыл-ойын дамытып, білім аясын кеңейтуга бағытталған.
«Балаларымыз жастайынан орыс балабақшаларына барады. Одан кейін орыс тілді мектепте білім алады. Сондықтан, қазақ тілін тиісті деңгейде білмейтіндер көп. Балапан телеарнасы балаларға ғана емес, ересектер де тілді меңгеруге септеседі. Себебі оның тілі жеңіл, ұғынықты», - дейді Ишим қаласының тұрғыны Хәлел Омаров.
Шара барысында балаларға «Балапан» телеарнасының жаңа маусымда көрсетілетін жобалары таныстырылды. Телеарна НD форматта тәулігіне 17 сағат хабар таратады. Сонымен қатар, телеарна мультфильмдерін «Қазақстан ТВ» мобильді қосымшасын жүктеу арқылы, онлайн түрде көруге болады.


Baq.kz
07 қараша 2018 ж. 1 000 0