Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ телевизиясы бүгін 60-тың асуына шықты

Қазақ телевизиясы бүгін 60-тың асуына шықты

ҚазАқпарат - Бүгін, яғни Халықаралық Әйелдер күнімен тұспа-тұс Қазақ телевизиясы 60 жылды артқа тастап, мерейлі күнді қарсы алып отыр. 1958 жылы дәл осы күні елімізде теледидар алғаш рет Алматыда тікелей хабар тарата бастаған болатын, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

1951 жылы 22 наурыз күні КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен КСРО-ның Орталық телевизия студиясы құрылды. 1957 жылы Үкімет радио және теледидарды Мәдениет министрлігі құрамынан бөлек шығару туралы шешім шығарып, КСРО Министрлер Кеңесінің жанынан Радио және телехабарлар тарату жөніндегі комитет құрылды. Бұл жаңалықтың ізін ала 1957 жыл 29 маусымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Телевизия және радиохабарлары жөніндегі комитет құру туралы қаулы қабылдады. Осылайша, арада 8 ай өткеннен кейін 8 наурызда Қазақ телевизиясы дүниеге келді. 1958 жылы Қарағанды мен Өскеменде, 1959 жылы Жезқазғанда, 1960 жылы Петропавлда облыстық студиялар ашылды. Бұдан кейін Целиноград, Орал, Балқаш, Семей қаласында студиялар ашылып, аталмыш бағытта жұмыс жалғаса берді. Алғашында телехабарлар кино, театр секілді тәжірибе түрінде таратыла бастаған болатын. Газет, радио саласынан келген журналистер көк жәшіктің қырларын меңгере бастаған шақ та сол кез еді. Осының нәтижесінде телеплакат, репортаж, әңгіме-хабар секілді жанрдағы хабарлар қалыптасты. Кинотаспаларға түсірілген тележаңалықтар, жылжымалы телестанциялар арқылы телерепортаждар, студияның ішінде қойылған әртүрлі жанрдағы телетуындылардың ақыры шығармашылық ізденістерге ұласты. Алғашқы телеспектакльдер, телефильмдер, балаларға, жастарға арналған хабарлар, оқулық бағдарламалар дүниеге келіп, қоғамдық өмірдің, ауыл шаруашылығының, өндірістің, ғылымның, өнердің, әдебиеттің өзекті мәселелерін қозғайтын шығармалар таратылып жатты. Қазақ телевизиясының қабырғасын қалап, қалыптасуына үлес қосқан азаматтардың қатарында Қанапия Мұстафин мен Совет Масғұтовты ерекше атап өтуге болады. Қазақ КСР-і Министрлер кеңесінің жанындағы Радиохабарлар және теледидар жөніндегі комитетті 1957 жылдан бастап, тәуелсіздік алғанға дейін Қанапия Мұстафин, Құрманбек Сағындықов, Кенжеболат Шалабаев, Кеңесбай Үсебаев, Хамит Хасенов, Камал Смайылов, Ғаділбек Шалахметов, Сағат Әшімбаев сынды басшылар басқарды.  Жетпісінші жылдардың ортасынан бастап комитеттің атауы - Қазақ КСР-і Радиохабарлар және теледидар жөніндегі мемлекеттік комитеті болып өзгерді. Әр жылдарда Қазақ телевизиясы сан түрлі құрылымдық өзгерістерге ұшырады. 1960-1970 жылдардағы шығармашылық бірлестіктер « Шұғыла», «Құрдастар», «Ровесники» секілді бағдарламаларды бастап, осы кезеңде басшылықта болған белгілі қайраткерлер К.Шалабаев, К.Үсебаев, Х.Хасенов, К.Смайыловтар Қазақстандағы телевизияның жан-жақты дамуына зор үлес қосты. Көгілдір экранда көп сериялы телеспектакльдер («Қымызхана»), деректі телефильмдер (50 серия), авторлық бағдарлама («Сұхбат»), ұлттық бояуы қанық жастарға, балаларға арналған хабарлар («Алтыбақан», «Айгөлек»), ауыл шаруашылығын («Ақ бидай»), өндіріс тақырыбын қозғайтын («Операция «Ритм») т.б. туындылар жарыққа шығып жатты. 1985 жылғы қайта құру кезеңі Қазақ телевизиясына да өз ықпалын тигізді. Елдегі дағдарыс пен саяси ахуалды таразы басына теңестірген телеарна тығырықтан шығар жол іздеді. 1991 жылы ел Тәуелсіздігін халыққа бірінші боп жеткізіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ант қабылдау рәсімін көрсеткен де «Қазақстан» арнасы еді. Еліміз егемендік алғаннан соң Қазақстан Телерадиокорпорациясына Ғаділбек Шалахметов, Шерхан Мұртаза, Әшірбек Көпішев, Ерлан Сатыбалдиев, Есетжан Қосубаев, Ғалым Доскен, Нұртілеу Иманғалиев, Дәурен Әбдіхамитов, Жанай Омаров, Нұржан Мұхамеджанова сынды басшылар жетекшілік етті. Қазіргі уақытта Ерлан Қариннің басшылығындағы телерадиокорпорация тың идеялармен жұмысты жалғастыруда. Қай кезде де әрбір ақпарат құралы өз елінің ұлттық идеологиясын басты мақсатта ұстауға міндетті. Уақыт талабы ең алдымен тек қазақ тілінде хабар тарататын телеарна керектігін көрсетті. Бұл талапты жарты ғасырға жуық шежіресі бар «Qazaqstan» ұлттық арнасының орындауы заңды еді. 2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен Ұлттық арна 100 пайыз қазақ тілінде хабар таратуға көшті. Қажеттіліктен туындаған өзекті мәселенің түйіні осылай шешілді. «Қазақстан» Телерадиокорпорациясы қазіргі таңда «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы, «KAZsport», «Балапан» телеарналары, «Қазақ», «Шалқар», «Астана» және «Классик» радиолары, аймақтық телерадиокомпанияларды біріктіретін Қазақстандағы және алыс-жақын шетелдегі беделді телерадиокорпорациялардың бірі болып отыр. Бүгінде корпорация мен өңірлік филиалдарда екі мыңнан астам адам қызмет етеді.  «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының көрерменге ұсынар төл өнімі бүгінгі күні 80 пайызға жетіп қалған. Көктемгі маусымда ұлттық арнаның ұжымы көрермендерін тың жобалармен қуантпақ. Атап айтқанда, «Жүрсіннің жүйріктері» жаңа форматта айтыстың көркін қыздырса, 26 наурыздан бастап Алаш зиялыларының тағдырын арқау еткен «Тар заман» телехикаясы көрерменге жол тартады. Сонымен бірге, жаңа деректі фильмдер, отандық телесериалдар да эфирге шығып жатыр. Алпыс жылдық тарихы бар Қазақ телевизиясы - қазақ зиялы қауымының мәдени әрі рухани ошағы болып, осы миссияны абыроймен атқарып келеді. Қара шаңырақта телевизия үшін тер төккен зиялы қауым мыңдаған жас өрендерді тәрбиелеп, отандық телевизия мектебін күшейтуге бір кісідей атсалысты. Ұлттық арна заман өзгерісіне қарай сан-салалы бағыт-бағдарын түзеп, келешекке кемел қадам басып келеді.
inform.kz
08 наурыз 2018 ж. 2 567 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930