14 АРНА ӘР ОТБАСЫНДА
ХХІ ғасырды ғылым мен технологияның заманы деп жатамыз. Иә, өткен жиырма жылдың өзінде әлем күрт өзгерді. Бүгінгі күні бәрі дамыған. Бұрынғыдай үйдің төбесіне өрмелеп: «Теледидар қалай көрсетті»? – деген уақыт жоқ.
Ол заманда баршамыз өмір сүрдік десек те болады. Үйдегі арналарымыздың бірі көрсетсе, екіншісі көрсету үшін антеннаның бағытын «Нартай Бекежанов» ауылына бұраумен әлек болатынбыз.
Зымыраған уақыт өткен күнді артқа қалдырып, тек естелікке ғана айналдырып қалады екен. Евразия арнасы, Қазақстан ұлттық арнасы, Хабар мен Ел арнаны көретін халық уақыт өте жерсеріктік антеннамен алмастырды. Одан отандық «Отау тв» пайда болды. Бұл арқылы аудан халқы республикамыздың барлық аймағындағы жаңалықтардан хабардар болды. Яғни, отыз тоғыз телеарнаны еркін көрді. Әсіресе, үйдегі кішкентайлар “Балапан” арнасында тұрақты көрермендеріне айналды. Бірақ, аталмыш «Отау тв» орнату үшін жиырма бес пен отыз мың аралығында ақша керек еді. Бір жағынан, табиғат жайсыз мінезін көрсеткен шақта сырттағы тарелка қозғалып, қайтадан баптау жасауды қажет етіп отыратын.
Енді міне, ешқандай да құрылғысыз әр отбасы тегін он төрт арнаны тамашалай алады. Оның ішінде, «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Хабар», «24 kz», «Қызылорда», «КТК», «НТК», «Kazsport», «Балапан», «7», «Қазақ тв», «Астана», «Евразия» бар. Ол үшін тек теледидарыңыз жаңа, яғни, «ЛЕД» болуы қажет. Ал, ескі теледидарға бар жоғы үш жарым мың теңгелік құрылғы алады.
Осы тұста айтқанымыз жөн болар. Жоғарыдағы каналдардың қосылғанынан тұрғындардың хабарсыз екенін білетін жандар, баптауымен құрып береміз деп бес мың теңгені қалтасына басып жатқандарын естіп жатырмыз. Тіпті, бұл құрылғыны қажет етпейтін “ЛЕД” теледидарға да орнатып, бармақ тістегендерді көрдік. Ал, ол құрылғыға ешқандай баптау қажеті жоқ. Тек арналарды іздесеңіз, өзі тауып, реттеп береді.
Ерұлан ДАТКЕНОВ.