2017 – НЕСІМЕН ерекшеленді?
Міне, ресми күнтізбе бойынша тағы бір жыл аяқталып жатыр. Осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын еліміз төрткүл дүниеге өзінің тәуелсіздігін паш етті. Өтіп бара жатқан 2017 жыл аудан үшін айтулы күндерімен бірге, күтпеген жағдаяттарымен де есте қалды.
Аудан үшін биылғы жылдың басты жаңалықтарының бірі деп – кезекте тұрған азаматтарға жер телімдерінің үлестірілуін айтуға болатындай. Себебі, бұл мәселе ұзақ жылдар бойы ақсап тұрған еді. Үстіміздегі жылы бірталай азаматтардың көптен күткен армандары орындалып, бүгінде тұрғын үй салуға кірісіп кетті. Сонымен қатар, биыл жер үшін кезекте тұрған жандардың өз реттілігінің сақталуы да жөнге қойылды. Енді бұрынғыдай таныс-тамыры арқылы ешкім де жер кезегін жылжыта алмайды. Себебі, барлық жұмыстар халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өз ретімен іске аспақ.
Тағы бір тарихи оқиға ірі кәсіпорын – «Гежуба» цемент зауытының құрылысының басталуы болды. Бұл – республика бойынша ең ірі өндіріс орындарының бірі. Осы жоба арқылы бірқатар азаматтар тұрақты жұмысқа орналасып, аудан экономикасы едәуір алға жылжуы тиіс.
Аудан басшылығындағы лауазымды тұлғалардың да жаңадан тағайындалғанын жыл жаңалығына енгізуді жөн көрдік. Жуырда ғана жаңа аудан әкімі мен мәслихат хатшысы халыққа таныстырылғаны белгілі. Ал, жыл басынан бері білім, мәдениет, құрылыс секілді бірқатар бөлім басшылары түрлі жағдайларға байланысты жаңадан тағайындалды.
Сондай-ақ, тауық жылы ауданда спорт кешендерінің де саны артты. Соған орай спортшыларымыздың жеткен жетістіктері өткен жылға қарағанда жоғары болып отыр. Жалпы, спорт – соңғы жылдары ауданда қарқынды дамып келе жатқан салалардың қатарында.
Өткен жылы Ы.Жақаевтың 125 жылдығын атап өтсек, биыл Ш.Есеновтың 90 жылдығы республикалық деңгейде тойланды.
Белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, жерлесіміз Алма Қыраубаеваның 70 жылдық мерейтойының кең көлемде атап өтілуі де биылғы жылдың басты оқиғаларының тізімінде.
Шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің, ауыл шаруашылығы корпоративтерінің, балабақшалар мен түрлі білім орталықтарының саны артқаны тағы бар.
Өткенге салауат айтып, жаңа жылдан жақсылық күтетін халықпыз. Ендеше, ауданның 90 жылдық мерейтойымен қатар келе жатқан ит жылы табысты, берекелі жыл болсын дейміз.
Гүлхан ЯХИЯ.