ЕЛ СҮЙСІНГЕН ЕЛОРДА
Астана – мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің тоғысқан нүктесі. Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан Астана – Еуразия мен Азияны жалғастырушы алтын көпір, қақпаның кілті болса, күллі қазақ елінің негізгі жүрегі. Сонымен қатар, қасиет қонған тәуелсіз елдің бас қаласы.Ақмола қаласынакөшіріліп, Сарыарқада алтын шаңырақ көтеруге Алматы қаласындағы халықтың тығыздығы мен экологиялық жағдайы көп әсер етті. Астананы көшіру ол – Қазақстанды нығайту, бейбітшілігімізді бағыттау болды. Яғни, экономикамызды нығайту, дамытудың бір тетігі деп саналды.
Осылай, 1994 жылы астананы солтүстікке Ақмолаға көшіру шешімі нақтыланды. Ал, 1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмола қаласы Қазақстанның ел ордасы болып төрткүл дүниеге жарияланды. Арқаның төрінде сылдырап аққан ерке Есілдің жағалауында орын тепкен айбынды Астана бүгінде еңсесін тіктеп, 20 жасқа толды. 20 жыл бұрын Астана еліміздің орталығы ғана болса, бүгінде мәдени-ғылыми орталыққа, сәулетті де, сәнді ордаға айналды. Астанада талай-талай мамандық алатын білім ошақтары ашылды. Жүзі басқа – жүрегі бір, тілі басқа – тілегі бір халқымыздың ұл мен қыздары білім теңізінен сусындап,терең мұхит түбінен інжу-маржан теруде.
Қазақстан жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа өркениетті ұлт ретінде, тарих сахнасына егеменді ел ретінде енді. Әлемдік қауымдастықтың көшіне өз алдына бөлек керуен болып қосылды. 20 жылдың ішінде адам айтса сенбестей өзгерген ару Астана дамыған елдермен терезесі тең, келешегі кемел, болашағы айқын қалалардың біріне айналды. Аз уақыттың ішінде көркейіп, түледі. Қараса көз тоймайтын, биіктігі көкпен таласқан ғимараттар қала ажарын айшықтады. Астана елдігіміздің жаңа беттерін ашқандай, тәуелсіздігімізді әйгілеп тұр. Бұл халықтың айрандай ұйыған ауызбіршілігі, тұрақтылығы және бір шаңырақтың астында бейбіт өмір сүріп жатқаны, ақ көңілді, кең пейілді, ешкімді жатсынбайтын, арамдықтан ада, қиянаттан шет, жомарт мінезінің арқасы. Астананың алып жатқан асуы – тұғырлы тәуелсіздігіміздің бір жемісі.
Ендігі жерде тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, елдігіміз еңселі, бейбіт күн мәңгі жасап, қол жеткізген жетістігі молайып, жайнай берсін дейміз. Асқақтай бер, Елбасының төл перзенті, ару
қала – Астана!
Ерұлан ДАТКЕНОВ.