Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдан шыққан сырбаз сәулетші

Сырдан шыққан сырбаз сәулетші

Топырағын түртіп қалсаң, тасын төңкеріп қарасаң қарт тарихтан хабар беретін қазақтың қазыналы жерінде талай дүние тұнып жатыр. Алаш алаш болғалы қазақтың төрт астанасы орын тепкен Сырдың бойында да өткеннің сайраған ізіндей, көненің көзіндей тарихи һәм мәдени орындар мен тау тұлғалы азаматтар жетерлік. Арғы-бергі замандарда осы өлкеге аяқ басқан талай-талай сұңғылалар оқылуы қиын, айтары көп, осы бір дүниедегі теңдесі жоқ ескерткіштерге таңдайын қағып, тамсанумен кетіпті. Ал, сол ескерткіштің сырын, оның айтар өнегесін осы топырақтың тұла бойын жарып шыққан өз перзенттері ғана түсініп, кейінгілерге мән-мағынасын жеткізумен келеді. Қазақ жерінде теңдесі жоқ сәулет ескерткіштерімен өзге алдындағы еңсемізді жоғарылатқан аталарымыздың бұрынғы өнеріне жаңаша сипат беріп, биік деңгейге көтерген ағамыз Яхия Күлбаевтың қалағынан шыққан дүниелерінің мән-мағынасы мен айтар ойын түгелдей жеткізу бәлкім біздің қолдан келе қоймас. Әйтсе де, Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан перзенттерін келер ұрпақ біліп өсуі тиіс деген болатын...
Туған жерге ту тігіп, отанына адал, қалтқысыз қызмет еткен Я.Әлиакпарұлы 1958 жылдың 26 желтоқсанында Иіркөл ауылдық кеңесіне қарайтын бұрынғы тұқымбақ – Жеміс-жидек совхозы қазіргі Алмалы атты кеңшарда дүниеге келген Сырдың сырбаз ұлы. Білім-ғылымға құмар жаны Шымкент қаласындағы Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, 1980 жылы кәсіпқой суретші атануына сеп болады. Еңбек жолы Шиелі поселкесіндегі теміржол дистанциясы, аудандық тұрмысты өтеу комбинаты сынды мекемелерден бастау алады. Тынбас ізденімпаздығы мен әсемдікке әуес көңілі Ленинград қаласындағы Репин атындағы көркемсурет архитектуралық академиясының «Суретші-Сәулетші» факультетіне апарар жолдамаға қол жеткіздіреді.Кейіпкеріміз жайлы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер кафедрасының доценті, қауымдастырылған профессор, ҚР тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі М.Алдаберген «Байқағаным, алыстағы Ресей қаласында оқып жүргеніне қарамастан ауылдағы ағайындарына ешқандай салмақ салмай, намыстанбай, қара жұмысты да істеп жүр. Архитектуралық академия бөлімінде білім ала жүріп, баспанасына қонақ етіп, сый көрсетеді. Мені ешқандай қонақ үйге жібермей қасына тұрғызып, Ленинградтағы эрмитаж, Исаакиев соборы т.б тарихи ескерткіштерді аралатып, қазақстандық аспирант-студенттермен кездесу ұйымдастырды. Оның тағы бір ерекше қабілеті – тек қана оқу-тоқу, жұмыс емес, сонымен бірге әдебиетті, отандық тарихты, музыканы, өнерді өте жоғары бағалайтын еді» – деп естеліктерімен бөліседі.
Я.Күлбаев сәулетші ретінде Қазақстан қалалары мен аудандарындағы тарихи тұлғаларға орнатылған ескерткіштерді қалыптастыруда, Алматы, Қапшағай қалаларындағы көпқабатты үйлердің ғимаратын сантүрлі безендіріп салуда аянбай еңбек етті. Сондай-ақ, Ресейдегі Астрахань губерниясы, Комузяк ауданындағы Ұлы Отан соғысына қатысушылар құрметіне тұрғызылған «Даңқ» монументі мен Қызылорда қаласындағы «Сыр батырлары» монументі және Шиелі кентінің орталық алаңында орналасқан мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайға қойылған ескерткіштің авторы. Қолы тиген дүниеге жан бітіріп, сұлуландыра түсетін сәулетшінің тағы бір туындысы Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты Бірлестік ауылының қақпасында орналасқан Жаназар батыр кесенесі. Қазақстанның біршама қалаларында қолынан туған туындылар орналасып, керемет ғимараттар бой көтергені де мәлім. Осынау еңбегі еленіп, «ҚР Құрметті сәулетшісі» орденін кеудесіне қадайды. Сәулетші-дизайн маманы ретінде өз қолтаңбасын қалдырған Я.Әлиакпарұлы шебер ұйымдастырушы, білгір басшы, абзал азамат ретінде құрылысты жобалау саласында есімі бірінші аталатын жандардың қатарынан. 2016 жылдың 3 қарашасында сұм ажал тырнағына ілген азаматтың артында өрбіген ұрпағы, ұлдары мен немерелері бар. Көзі тірі болғанда биыл 60 жылдық мерейтойы тойланар еді-ау... Шиелінің шыңға шыққан шынарындай өз өмір соқпағының сәулетін сала білген перзентін туған елі, жері есіне алып, өскелең жас буынға үлгі етуден шаршамайды.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
27 маусым 2018 ж. 911 0