Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сандық технология такси қызметінде

Сандық технология такси қызметінде


Елбасының биылғы Жолдауында Төртінші өнеркәсіптік революция, яғни дамудың жаңа мүмкіндіктері туралы он негізгі міндеттер айқын көрсетілген болатын. Дүниежүзілік даму процесстері күтпеген қозғалыстарға себепші болып, әртүрлі қарқынды өзгерістерге әкеліп жатыр. сол себепті Төртінші индустриялық революцияның қажеттілігі туындуда. Бұл жаңа сапа­лық даму, яғни цифр­ландыру болып табылады.
Онлайн қызметтерін пайдалану арқылы уақыт үнемдеуге болатындығы әлдеқашан дәлелденген. Қазірдің өзінде интернеттің көмегімен теміржол, әуе билеттерін алудың өзі халыққа көрсетіліп жатқан оңтайлы қызмет. Ол бұрынғыдай халықтың кассаға тәуелділігін жойып, уақытты үнемдеуге септігін тигізіп отыр. Оқуға түсу, жұмысқа тұру үшін де қажетті анықтамаларды интернет арқылы үйде отырып рәсімдеуге мүмкіндіктер жасалуда. Бұдан басқа да қашықтықтан оқыту, электронды кітаптың шығуы, мектептердегі электрондық күнделікті жүргізу және оның ата-аналарға қолжетімділігін арттыру, емханаға бармай-ақ дәрігердің қабылдауына жазылу, қажетті тауарларға интернет желісі арқылы тапсырыспен қол жеткізу, міне, осының бәрі цифрлық технологияның дамуының айғағы десек болғандай.
«Жол мұраты жету» деп, бүгінде көшеге шыға салып такси табу қиынға соқпайды. Ресми тіркелген таксилерден гөрі заңсыз такси қызметімен айналысатындардың қарасы қалың бұл күнде. Дегенмен, жолаушы тасымалдаумен айналысатын таксистердің көпшілігі жұмыссыз жандар. Отбасының күнделікті қажеттілігін өтеу үшін көлік тізгініне отырып, табыс табуды көздегендер. Хош, біз көтергелі отырған тақырыптың негізгі өзегі бұл емес-тін. Біз бұл тақырып арқылы нақ осы қызметтің сандық жүйеге көшіп, халыққа қолайлы қызмет көрсетуін қаузамақпыз.
Иә, цифрлы технология такси қызметінде қолданылса қалай болар еді? Үлкен қалалар мен облыс орталықтарында бұл тәжірибе қолданысқа еніп, тиімділігін де дәлелдеп қойды. Елімізде «Uber», «In Driver», «Яндекс.Такси» секілді танымал такси қызметтері өз жұмысын жүргізуде. Бұларға кез келген адам смартфон немесе интернет арқылы тапсырыс бере алады. Басты артықшылығы – уақыт үнемдейсіз әрі өзіңізге қолайлы тарифті таңдап, тиімді бағаны ұсынасыз.
Қара жолдың бойында қол көтерген жолаушыны кез келген көлігі бар азамат ала кетеді. Алайда, ол такси қаншалықты қауіпсіз және тиімді? Расында да, ресми тіркелген такси компаниясы бейресми қызметке қарағанда, әлдеқайда сенімді. Үйден шықпай-ақ, телефон арқылы қалаған уақытыңызға тапсырыс беріп, шақырасыз. Сонымен қатар, түнгі уақытта кейбірі пәтеріңізге кіргенше, қажет болған жағдайда есігіңізге дейін шығарып салады. Демек, такси жүргізушісі де сіздің қауіпсіздігіңіз үшін жауапты әрі мүдделі.
Сонда таксилер арнайы белгімен жабдықталып, жүргізушілер арнайы киім үлгілерін киюге міндетті. Тиісті техникамен, байланыс құралдарымен жəне GPS-навигатормен жабдықталған таксилерде жеке бас қауіпсіздігімен қатар, жүргізушімен дауласудан жəне көліктің бұзылу қаупінен де құтыласыз. Сондай-ақ, көлік салонында жолаушылардың көз алдында жүргізушінің фотосуреті, аты-жөні көрсетілген визит карточкасы, тасымалдаушының ресми атауы, оның мекен жайы мен телефон нөмірі көрсетілген ақпараттық тақта болуы шарт. Олардың әрбір қимылы, жол жүру бағыты, тіпті, қандай жылдамдықпен жүргені мен қайда тоқтағаны, барлық әрекеті жазылып, сызылып отырады екен. Ал, мұндай мүмкіндігі жоқ жерлерде көлікке отырғанда, туыстар мен достарымызға автокөліктің мемлекеттік нөмірін, шамамен келетін уақыты мен жүргізуші туралы жеке мəліметті хабарлап отыратынымыз жасырын емес.
Біз жоғарыда атап өткендей, Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Орал, Өскемен, Семей және Шымкент қалаларында таксилер тапсырысты мобильдік қосымша немесе сайт арқылы қабылдай алады. Тапсырыс беру үшін диспетчерге телефон шалудың қажеті жоқ. Такси автоматты түрде пайдаланушының орналасқан жерін анықтап, тапсырысты сол жерге ең жақын болған жүргізушіге жібереді. Такси күтудің орташа уақыты 5 минут, машинаның жақындағанын қосымшадағы қала картасынан тікелей қадағалауға мүмкіндік ала алады жолаушы. Сонымен қатар, ұсынылатын қызметтің бағасы да қалтаға салмақ салмауын қалап тұрамыз қай-қайсымыз болса да. Аталған таксидің бағасы бірыңғай тариф. Ең төмен жол ақысы 200 теңгеден аспайтын көрінеді. Себеп, шақырылған жерге ең жақын жерде орналасқан жүргізуші жіберіліп, машинаның келу уақыты қысқартылады екен. Сөйтіп, жүргізушіге бүкіл қала арқылы тапсырыс берушіге барудың қажеттігі туындамайды. Демек, қызмет көрсетудің өзіндік кұны да төмендейді деген сөз. Таксидің ақысыз қосымшасы iOS және Android-та қолжетімді екендігін де білдік. Жол ақысын сайттан есептеуге болатын көрінеді. Ал, оны қолма-қол ақшамен немесе қосымшадағы банк картасымен төлеуге болады. Сөйтіп, көрсетілген сома автоматты түрде сапар соңында банк картасынан есептен шығарылады.

Иә, цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін беретіні анық. Бұл бағдарлама IT технологияны ғана емес, қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған. Цифр­лы технологиялар қоғамның түрлі секторларын дамытуға, адамдардың өмірін жеңілдетуге және ғаламдық прогрестің көшінен қалмауға жетелейді. Олай болса, аудан көлеміндегі такси қызметін ұсынушылар да сандық технологиядан сырт қалмауы тиіс.

Дина ЖҮСІПОВА.
24 маусым 2018 ж. 964 0