Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Киевке барған қыз

Киевке барған қыз

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Өткеніңді зерделемей, тарихыңа терең үңілмей, барыңды бағамдап, жақсыңнан үлгі-өнеге алмай, болашаққа батыл қадам жасай алмайсың» – деп атап көрсеткендей, өткенімізге зер салсақ, өткен ғасырдың жартысында облысымызды күріш егісінің көлемі күрт артып, Жақаевшылар қозғалысының белең алып, күріш егуге облыс, жекелеген жастардың абыройы артып, көптеген Жақаевшы жастардың республика, облыс көлеміндегі ақпарат құралдарында кеңінен насихатталып жатқан кезі болатын. Сол кезеңде Қазақстанның ХХХ жылдығы совхозының озат күрішшісі Күлшат Абайділдаеваның даңқы жер жарып, газет бетінде оның суреті мен еңбек табыстары жиі жарияланып жататын. Сол кездегі комсомол қызметкері ретінде Күлшатпен талай жиналыс­тарда болып, оның еңбек табыстарын бірге қызықтаған болатынбыз. Кейін басқа қызметке ауысып, есейгеннен кейін Күлшатпен байланысымыз үзіліп, көріспей кеттік.
Жақында ақпарат бетінде Күлшат Абайділдаеваның жеке куәлігін жоғалтып алған хабарламасын естіп дереу телефонына хабарласып тауып алдым. Ертеңіне өзімен дидарласудың сәті түсіп, Күлшатты көрген кезде оның еңбекке араласқан кездегі тұлымшағы желбіреген, жалындап тұрған жастық шағы, танадай жарқыраған күлімдеп тұратын жанары, тірсекке түсетін қолаң шашы бәрі-бәрі есіме түсіп, қолыма қалам алып, Күлшатты оқырман қауымға қайта табыстыруға мәжбүр болдым. Оның үстіне сол кездегі Күлшатты шолпан жұлдызындай жарқ еткізген комсомол ұйымының құрылғанына да биыл жүз жыл толады. Комсомол тәрбиелеген жастық шағы жалындап өткен осындай комосомол ардагерлерін қазіргі қоғамның да қозғаушы күші – жастарға таныстырып, еңбекпен егіздей болған аналарының өмір жолын өнеге ету аға ұрпақтың парызы емес пе?
Шынында Күлшаттың өмір жолы еңбектен бастау алған. Мектеп бітірісімен туған совхозында Жақаев атасының үндеуіне сай күріш егуге қалып, өмірдің еңбек мектебінен тәлім алған өрімдей жас қыз аз уақыттың ішінде өзінің тиянақтылығымен, ізденімпаздығымен жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді.
Әсіресе, ең алғашқы училищені механизатор мамандығы бойынша бітіріп, колхозға алғашқы күріш егуге кіріскендегі колхоз басқарма төрағасы қабылдап, мені звено жетекшілігіне тағайындап, сенім білдіргені әлі есімде, – деп сол кезеңді былай еске алады: – Колхоз бастығы Әнуарбек Сапахов зор денелі ірі кісі екен. Мені жылы жүзбен қарсы алып: – Саған үлкен сенім артқалы отырмыз. Күріш – колхоздың, елдің байлығы. Сені бір звеноға жетекші етіп тағайындадық. Звеноңды жасақтап, іске кіріс. Биыл тарихи жыл. Еліміз ұлы октябрьдің 50 жылдығын тойлауға әзірленіп жатыр. Күрішті бітік өсіріп, торқалы тойды мол табыспен қарсы алуыңа тілектеспін, – деді. Мен де: – Сенімдеріңізге рахмет. Сенімдеріңізді адал еңбекпен ақтаймын, – деп уәде бердім.
Күлшатты Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаев атасы шақырып алып, өз қолымен еңбек аттестатын тапсырып тұрып былай дегенін Күлшат еске алады:
– Күріш мерейлі дақыл, мол өнім аламын десең адал еңбегіңді аяма, мәпелеп күт, ізден, үйрен, өзіңді, шеберлігіңді жетілдіре бер. Сонда еңбегің қайтады. Ырыс анасы жер, жерді таңдай біл, жердің құйқасын таныған диқан, ырыс-дәулетке жарыған диқан. Сондықтан, жер байлықтың қайнар көзі екенін ұмытпа, - дейді Ыбырай атасы.
– Ыбырай ата ақылыңызға рақмет. Сеніміңізді ақтаймын, – деп уәде бергенін, ата өсиетін әлі ұмытпайды. Күлшаттың звеносына Ақдөң алқабы тиеді. Бұрын күріш егілмеген тың жер екен. Сол жылы Күлшаттың звеносы бекітілген күріштің әр гектарынан 88,7 центнер өнім алып, айды аспанға шығарады. Күлшаттың есімі ауданнан асып, облыс, республика көлемінде атала бастайды. 1967 жылы Ұлы Октябрь революциясының 50 жылдығы құрметіне бүкілодақтық Лениншіл жастар одағының Құрмет грамотасымен, 1967 жылы 14 қазанда аудандық комсомол комитетінің грамотасымен, 1968 жылы Ленин комсомолының 50 жылдығы құрметіне Қазақ ССР жоғарғы советінің грамотасымен, 1970 жылы СССР жоғарғы советінің указымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Әсіресе, Күлшаттың есінде қалғаны Киев қаласында өткен одақ бойынша «Әкелер даңқы жолымен» жорығына қатысушылардың бүкілодақтық ІV слетіне қатысуы.
Қазақстаннан 80 комсомол мүшелері бардық. Қазақстан делегациясын сол кездегі Қазақстан комсомолы орталық комитетінің хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов бастап барды. Бізді төрт күн бойы украиналық әріптестеріміз қонақ қылды. Киев өте әсем қала екен. Барлық жерде Қазақстан жастарына деген жұрттың құрметі зор болды. Төртінші күні Днепр өзенінен салынып жатқан электр станциясының құрылысына бардық. Қазақстан жастары алып құрылыстың бірінші бетонын құю мәртебесіне ие болдық. Ең жас комсомол мүшесі ретінде маған және қазақстандық бір қызға бетон толтырылған ыдыс­ты екі жағынан көтеріп апарып төгу бақыты бұйырды. Жан-жағымыз уралаған айқай, бізге ұсынылып жатқан алқызыл гүлдерден есімізден танғандай болдық. Жан-жағымызға қарасақ, қуаныштан жүздері бал-бұл жайнаған қыздар мен жігіттер. Сөйтіп бүкілодақтық екпінді комсомол құрылысына айналған Днепр гидроэлектр станциясының алып құрылысын өз қолыммен бастап, дүние жүзіндегі сұлу қалалардың бірі Киевте төрт күн болғанымды өзімнің өмірімдегі бақытты күндерімнің бірі жастық шақтың балдәурені деп білемін, – деді.
Бауырлас елде болған төрт күннің ішінде маған қиын болғаны әбден анаммен бірге қызыл шайды сүт қатып қою қылып ішуге үйренген екенмін. Жастар тек кофе ғана ішеді екен. Шайды сағынып, басым ауырғанын әлі күнге дейін ұмыта алмаймын, – деп еске алады.
Күлшатпен алғашқы хабарласқанда трубканы қызы алып, өзін таныстырған болатын. Мектепте мұғалім екен. Анамның жағдайы жақсы, әлі тың. Әкемізді былтыр қайтпас сапарға шығарып салдық. Әкемізді көп уайымдай бермесін деп базардан бутик ашып бердік. Күні бойы сонда отырады, – деген болатын. Сөйтсем, сол кездегі колхоз жастарының ұйытқысы болған Ниязбек Молдабаевпен Күлшат көңіл жарастырып, тұрмыс құрған екен.
Ниязбек те сол кезде комсомол тарапынан бағасын алған, елдің алғыр да жалынды жастарының бірі болатын. Колхоз комсомол ұйымын басқарды. Ниязбектің бастамасымен Дүйсембі Дүйсембаев басқаратын көркемөнерпаздар үйірмесі халық театры атағын алған ауылдық жерлердегі бірден-бір шығармашылық ұжым болатын. Әрине, Ниязбектей аптал азаматты көңілдің сарайынан шығарып, ұмыту да оңай емес. Сондықтан да, Күлшаттың Ниязбекті әңгіме қылғанда дереу көзіне мөлтілдеп жас келе қалатыны да заңдылық сияқты.
Күлшат қазір өзі дүниеге әкелген 4 ұл, 3 қыздан немере, шөбере сүйген бақытты әже.
Күлшат кейінгі кезде сені жоғалтып алдық қой, жарқ еттің де жоқ болдың ғой, – деп қалдым.
– Иә, менің күріш өсірудегі еңбек жолым қысқа болды. Мен еңбекке араласқаннан кейін көп ұзамай колхоз тек қана мал шаруашылығымен айналысатын совхоз болып қайта құрылды да күріш егумен айналыспайтын болды. Бірақ мен еңбектен қол үзгенім жоқ. Зейнетке шыққанша совхозда дала қосында ас дайындадым, байланыс бөлімшесінде жұмыс істедім. Арасында бала тәрбиесімен айналыстым. Шамам келгенше еңбек еттім, қоғамға өз үлесімді қостым, – деп ағынан жарылды.
Иә, шынында әйелдің бақыты еңбек етумен бірге бала бақытын қызықтау. Атақты батырымыз Бауыржан Момышұлы «Бақытыңды балаңнан ізде!» деген емес пе? Күлшаттың қазіргі тыныс-тіршілігіне қарап, бақытын балаларынан, еңбектен тапқан жан екеніне көз жеткіздім. Еңбекпен шыңдалған қарапайым қазақ әйелі қарап отыра алмай, өмір көшіне ілесіп, базардағы шағын бутигінде келіп-кетіп жатқан тұтынушыларға ілтипатпен қызмет көрсетіп жатыр. Жасы жетпістен асса да қимылы ширақ, жүзінде қатпар-қатпар әжім жоқ, сұлулықтың сыры да, сыны да кетпегендей.
Жастар – қай қоғамда болсын алып күш. Елбасы Н.Назарбаев та жастардың болашағына сенеді. Нұр Отанның сенімді ізбасары, қоғамның қозғаушы күші жас­тар деп баға беруде. Сондықтан, қазіргі жастар бұрынғы жастар жайлы, олардың өмірі жайлы қызықты деректерді ағалары мен апаларының өмір жолдарын, олардың қоғамға, халыққа тигізген пайдасын білу керек. Солардың жанқиярлық еңбегінің арқасында тәуелсіз Қазақстанның іргетасының қаланғанын білуіміз керек.
Иә, біздің кейіпкеріміз Күлшат Абайділдаева да жастық шағын қоғам мүддесіне арнаған, өмірін еңбектен бастаған Шиелі жастарының жарқын бейнесіндей келешек ұрпақ санасында «Киевке барған қыз» атауымен жаңғыра береді деп сенеміз.


Есіркеп Шәдібеков,
зейнеткер.
20 маусым 2018 ж. 962 0