Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » жаңғырудағы жастардың үлесі

жаңғырудағы жастардың үлесі

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар:
рухани жаңғыру» атты мақаласында өткенге көз жүгірте отырып, болашақтың айқын қадамдарын атап көрсетті. Оны тыңдаған әр адамның қуыс кеудесіне ой салары анық. Әр азамат айқын мақсаттарға, айқын қадамдарға аяқ бас­паса болашақ мемлекеттің құрдымға кететінін баян етті.
Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ бас­ты. Рухани жаңғыру ертеңнен емес, бүгіннен басталады. Нықтап қадам баспасақ, жігерленбесек, алпауыт елдермен иық түйістіруге де шамамыз жетпес. Заман ауқымына қарай иіліп, жағымды жақтарды бойымызға сіңіруге талпыныс жасап келеміз. Әрине, кертартпа заманның жетегінде кетпеуіміз үшін бірлік керек. Ұлттық дәстүрді сақтап, шеке тырыстырмай, жаңашылдыққа жақсы жағынан бейімделгеніміз жөн болмақ. Қазақ өзінің тамыры терең тарихын қастерлесе. Кешегі ұлы кемеңгерлерімізді ұмытпай дәріптесе, біздің ертеңгі болашағымыз жарқын болар еді.
Рухани жаңғыру – елдің, әр азаматтың рухани тұрғыда жан мен тәні қатар жаңару деп ұғамын. Елбасымыздың мақаласын оқыған жанның бойында отансүйгіштік қасиеттің оянарына кәміл сенімдімін. Кешегіге көз салсақ, ықылым заманнан бері қазақ елінің тарихы терең болғанын ұғамыз. Абайдың даналық сөздері, Жамбылдың мағыналы жырлары, Құрманғазының күйлері еліміздің тарихи мұрасының бергі шеті ғана. Даналықтан ой түйген әр азаматтың көзі ашық, көкірегі ояу болар еді. Елдің іргесін үгілтпей сақтау үшін, дамыған елдердің қатарына қосылуға күш салып жатырмыз. Ойлаған мақсаттарға жету үшін мына бізге, яғни жастарға қойылған талаптар да өз күшінде. Үш тілді жетік меңгеру қазіргі таңда бізге берілген бұйрық іспеттес. Әрине, білгенге маржан, білмеске арзан дүниенің шыңына жету үшін әр елге ортақ тілді меңгеруіміз керек. Елбасы айтқандай, өзіміздікі ғана таңсық, өзгенікі қаңсық болып қалмау үшін күш салуымыз қажет.
Мемлекет басшысы атап өткен жердің жайында айта кетсек. Қазақтың жері дарқан, шөбі шүйгін. Біз өз жерімізді де мақтан тұтамыз. Бос жатқан жерлерді тиімді пайдалануға ой саламыз.
Мақалада айтылған мәнді сөздерге бүгіннен күш салсақ, ертеңгі біздің ұрпағымыз еркіндікте, молшылықта өмір сүрмейді ме? Белді бекем буып, алдымен өз рухыңды көтеруден бас­тап, болашаққа нық қадамдар жасау қажет. Мәңгілік елдің тамыры тереңге жайылу үшін, бірігіп күш салуда жастардың үлесі мол.

Айгерім ӘЛІШЕР,
Н.Бекежанов ауылы,
10-сынып оқушысы.
24 ақпан 2018 ж. 1 105 0