Мемлекеттік қызметкерге де құрмет қажет
Қазақ қоғам үшін еңбек етсе де, бейнет шексе де сол ісін ел ескергенін қалап, айналасынан құрмет күтеді. Байлық, мансап, шен-шекпен қумағанымен жақсы атақ, жоғары абырой қалайтынымыз жасырын емес. Бұл біздің халықтың қанына бітіп, сүйегіне сіңген қасиет болса керек. Әрине, жаман қасиет деуден аулақпыз. Бәрі дұрыс. Осыдан болса керек алғыс хат, құрмет грамоталары, медальдар тағынып, қоғамда өз орынымыздың бар екендігін көрсетіп, өзгелер ескеріп-елеп отырған жан екендігімізді сезінгіміз келеді. Бұл да жаман емес, әбден орынды. Өмірге, еңбекке, жарқын болашаққа деген ұмтылыс, қажыр, қайрат, талапқа тірек боларлық ішкі рухани күшті, жігерді де біз осы қасиетімізден тауып жатқандаймыз кейде.
Жеке секторда да мемлекеттік секторда да еңбек етіп жатқан азаматтарымыз көп қазір. Олардың ішінде елжанды, отансүйер, патриот, туған жердің әрбір қарыс қадамына құрметпен қарап, сол жердің өсіп-өнуіне аянбай тер төгіп жатқан текті тұлғалар да жетерлік.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындаған «Туған жер» бағдарламасында осындай атпал азаматтарды елге үлгі етуді, кейінгі ұрпақ олардың есімін біліп өсуге тиіс екендігі көрсетілген. Оларды насихаттауға баса тапсырма берілген.
Бұл бағытта тиісті жұмыстар жасалып, жергілікті әкімдіктер, басқа да мемлекеттік органдар тарапынан қажетті іс-шаралар жоспарлары қабылданып, ауқымды тірліктер атқарылуда.
Әсіресе, кәсіпкер азаматтарға деген құрмет ерекше. Дұрыс. Құптарлық іс. Олар жеке кәсібін ашып қана қоймай өзін ғана емес өзгелерді де жұмыспен қамтып, мемлекет қазынасына қажетті салық түсімін арттырып отыр. Сондықтан, кәсіпкерлерге деген мемлекеттік көзқарас оңды, ниет түзу. Қолдап, қорғау, заңмен мәртебесін айқындау жұмыстары жалғасын табуда.
Кез-келген мемлекеттік мерекелерде, мейрамдарда, арнайы даталы іс-шаралар барысында алғыс хаттар, құрмет грамоталары, тиісті мерекелік және мерейтойлық төсбелгілерден де құралақан қалдырылып жатқан жоқ. Біз де осыны қолдаймыз. Сірә, өсемін, өнемін деген елдің, ұлттың балалары осындай болса керек.
Бұл үрдісті біз жеке секторларда еңбек етіп жатқан ерлердің еңбегінің еленгені, өтеуі деп қабылдауымыз керек. Ал, мемлекеттік секторда жұмыс жасап, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын, аймақтарда, ауылдарда жүзеге асырылуына жанын салып, жүгіріп еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегінің өтеуін біз қалай қайтарып жатырмыз.
Мәселен, Шиеліде кентті қоспағанда 22 ауылдық округ, ондаған дербес бөлімдер мен мемлекеттік мекемелер бар. Ол жерлерде Елбасы саясатын іске асыруды жан-тәнімен қолдау арқылы үкіметтік бағдарламаларды тиісінше жүзеге асырып жатқан мемлекеттік қызметкерлер баршылық.
Олардың алды мекемелерде 20 жылдан артық еңбек еткендер. Сол мемлекеттік мекемелердің отымен кіріп, күлімен шыққан жандар десек те болады. Табан аудармай бір салада, бір мекемеде еңбек етіп келе жатқан жандарды табанды жандар, жігерлі жігіттер демей көріңіз.
Бұл азаматтарға біздің жергілікті атқарушы орган тарапынан қандай құрмет, мадақ, марапат көрсетіліп жатыр? Көрсетіліп жатса өз деңгейінде ме? Жылда мемлекеттік мерекелер, айтулы даталы мерейтойлар өтеді. Төсбелгілер әзірленеді. Марапаттау, төсбелгі тағу, мадақтап арқасынан қағуды білеміз бе? Әлде ол азаматтарды мемлекеттің қызметшісі, халықтың құлы деген қасаң қағида аясында ұмыт қалдыра береміз бе? Біздіңше қалып қойып жатқан секілді. Әйтпесе, төсбелгіні де, марапатты да біз соңғы кездері ардагерлер мен кәсіпкерлердің ғана кеудесінен көруіміз жиілеп кетті. Ары кетсе, ауылдық округтің 4-5 жыл ғана өз қызметінде отырған әкімі немесе белсенді деп танылған бірді-екілі жас азаматтар ғана тізімді жаңартып тұрғаны. Біз бұған да қарсы емеспіз. Ардагерлер ардақталсын. Әкімдер де марапатталсын. Бірақ, сол әкімнің қызметін әкімнен артық ұйымдастырып, атқарып отырған білікті мамандар бар емес пе? Олар ел ағалары атанады. Ұзақ жылғы еңбегін елеп, бүгінгі қызметінде жүрген кезінде неге жарқыратып кеудесіне төсбелгі тағып, мерейін асырмасқа. Ертең зейнетке шыққанда айналасына не айтады. Мемлекеттің, Елбасының, Тәуелсіз Қазақстанның саясатын ауыл-аймақта 20 жыл жүргізіп, ертелі-кеш отбасы, ошақ қасын ұмытып, жүгіріп жұмыс жасағанда көрсетілген құрмет қайда? – десе, жер шұқымайды ма? Оның үстіне бір ескере кетерлік жайт бар. Бұл азаматтар ертеңгі күні яғни, алдағы бір-екі жылда сол ауылдың, мекеменің ардагерлер қатарын толтырады. Ал, өз кезегінде, өз уақытында ардақталмаған ардагерлердің алдында біздің абыройымыз қаншалықты асқақтар екен? Бұны да естен шығармағанымыз абзал.
Өз кәсібін ашып, жеке табысын арттырған адамға көрсетілген құрмет, зейнет жасына жақындаған мемлекеттік қызметкерге келгенде кері кетіп жатқандай. Біздің бұл ойымызға келісетіндер де, келіспейтіндер де бар. Дегенмен, біз жолыққан егде жастағы мемлекеттік қызметкерлердің дені осы ойда, осы пікірде екендігі өкінішті әрине.
Олай болса, мемлекеттік қызметте, мекемелерде ұзақ жыл еңбек етіп, тер төккен жандардың тізімі жасалып, зейнетке шығардан бір немесе жарты жыл бұрын арнайы шара ұйымдастырып, осындай төсбелгілер тағып, арқасынан қағып, мақтап-мадақтап шығарып салу үрдісін ұйымдастыратын уақыт келгендей. Бұл айтарлықтай қиындық туғызатын жұмыс емес. Аудан әкімдігінің аппаратында мемлекеттік қызметкерлердің тізімі бар. Біздіңше аудан әкімі аппаратының қосымша, негізгі қызметі де осы тірліктің төңірегінен табылса керек. Тек, түзу көзқарас, білік, ынта-ықылас болса....
Нұрболат Сәдуақасұлы.