ЖАС ҰРПАҚҚА АРНАЛҒАН ЖАҢА ОҚУЛЫҚ
Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясының Ғылыми кітапханасында «Рухани жаңғыру» аясында осындай тақырыппен алқалы жиын өткізілді. Жиынға қатысқан әлеуметтік-гуманитарлық жоғары оқу орындары кафедраларының оқытушылары, зерттеу институттарының өкілдері – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылып, басып шығарылған әлеуметтану саласына қатысты оқулықтарды білім беру үрдісіне енгізу мәселелерін жан-жақты талқылады.
Жиынды ашқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы Шолпан Жаманбалаеваның пікірінше, биыл жаңа оқу жылында еліміздің барлық жоғары оқу орнында «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген 18 оқулықтың бәрі қолданысқа енгізіледі. Сондай-ақ ол бүгінгі жиынның «Әлеуметтану негіздері» мен «Әлеуметтану теориясы» оқулықтары бойынша өткізіліп отырғанын еске салып, «Жаңа оқулықтың барлығын қажетті мамандықтар бойынша бүкіл деңгейдегі білім беру бағдарламаларына енгізуге қатысты нақты ұсыныстарды осы бастан дайындаған маңызды. Осы орайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлеуметтану саласы бойынша білім берудің жетекші орталығы ретінде басқа университеттерге өзінің әзірлеген жұмыстарын ұсынуға және әдістемелік кеңес беруге дайын» деген ұсыныс-пікірін жеткізді. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы әрбір оқулықтың аудармасы мен басылымы елімізде қызмет істеп жүрген көптеген білікті ғалымдардың біріккен ортақ жұмысының нәтижесі және мұндай жетістік «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасына сәйкес алға қойған мақсаттарды жүзеге асырудың алғашқы қадамы екенін атап өтті.
– Бұған дейін біз Алматыдағы Нархоз университетінде болып, осындағы экономист-ғалымдармен «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген экономикалық оқулықтарды талқыладық. Бүгін әлеуметтану саласындағы екі жаңа оқулық жөнінде сіздермен пікір алмасуға келдік. Аударылған оқулықтар еліміздің білім беру жүйесіне не береді? Ұлттық әлеуметтану ғылымына қандай үлес қосады? Бұл оқулықтардың жас маманды қалыптастырудағы маңызы қандай? Бір айта кететін жайт, бүгінгі қоғамда орын алып жатқан өзгерістерге ықпал ете алатын осындай оқулықтарды сіздермен бірлесе, ақылдаса отырып таңдадық. Еліміздегі жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдарынан 800-ден аса оқулыққа ұсыныс білдірілді. Олардың арасында оқытушылардың өздері аударып, қолданып жүрген оқулықтар да болды. Арнайы құрылған жұмысшы тобы солардың арасынан әлеуметтану саласы бойынша «Әлеуметтану негіздері» және «Әлеуметтану теориясы» атты екі оқулыққа тоқтады. Бұл – өте маңызды, алғашқы қадам. Бұған қоса, биыл сәуір айында Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша Ұлттық аударма бюросы жарыққа шығарған алғашқы 18 оқулықтың тұсаукесер рәсімі абыроймен өтті. Мемлекет басшысы атқарылған істі жоғары бағалап, өзінің ақ батасын бергені сіздерге мәлім. Тағы да 30 оқулықтың тізімі бекітіліп, оларды аудару және редакциялау жұмыстары талапқа сай жүргізілуде. Жауапкершілік жүгі ауыр осынау маңызды істі қолға алған Ұлттық аударма бюросының қызметкерлері үшін әр ғалымның пікірі атқарылған ортақ іске берілген баға екені даусыз. Қазірдің өзінде ғалымдар жарыққа шыққан оқулықтармен жіті танысып, оңды пікір білдіруде. Осынау маңызды істі жүзеге асыруға 200-ден астам білікті ғалымдар мен сала мамандары тартылған. – Әрбір кітап сұранысқа ие болады және оқырманын табады деген сенімдеміз. Қазірдің өзінде еліміздегі 110 жоғары оқу орындарының кітапхана қоры әрқайсысы 10 мың данамен 18 жаңа оқулықпен толықтырылды. Бұл бағытта үнемі ізденіс үстіндеміз. Тағы бір жаңалығымыз, ол – осы оқулықтардың барлығын онлайн режимінде оқуға болады. Осыған орай, арнайы бағдарлама құрылып, «Қазақстанның ашық университеті» порталында https://openu.kz» жаңа оқулықтар қолжетімді болып отыр, – деді Рауан Кенжаханұлы. Жаңа оқулықтар жүктелген жаңа сандық форматтың мүмкіндіктері онлайн режимінде жиынға қатысушыларға көрсетіліп, жан-жақты түсіндірілді. Жаңа оқулықтардың электронды нұсқаларын көшіріп алуға ешқандай рұқсат жоқ. Сондай-ақ Аударма бюросының басшысы Рауан Кенжаханұлы оқулықтардың мазмұнымен таныстыру бағытында әрбір оқулық бойынша жеке қазақ және орыс тілдерінде онлайн-дәрістерді дайындау жұмыстарының қолға алынғанын да айтты. Мұндай курс 25 дәрістен тұрады. Бір ерекшелігі, мұндағы дәрістердің мәтіндерін студенттер сабаққа дайындалу не өзіндік білімін нығайту барысында тыңдап қана қоймай, конспект ретінде де оқи алады. Бір қуантарлығы, жаңа оқулықтың кез келгенін және дәрістердің электронды нұсқасын интернеттен ұялы байланыс телефоны арқылы ашып, пайдалануға да болады.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтына қарасты әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталығының жетекшісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Ләззат Нұрқатова әрбір жоғары оқу орнының кітапханалық қорының жаңа әлеуметтану оқулықтарымен толықтырылуы отандық әлеуметтанудың дамуын анағұрлым арттыра түсетініне кеңінен тоқталды. Ғалымның пікірінше, аударылған оқулықтардың ақпараттық мазмұны студенттер мен сарапшыларға қазіргі қоғамды талдаудың академиялық бағыттарын байытуға яғни, қоғамда орын алып жатқан өзгерістерді өзге әлеуметтік тұжырымдар тұрғысынан қарастыруға және Қазақстанда материалдық және постматериалдық құндылықтар арасынан үйлесімділікті табуға кең мүмкіндіктер аша түседі. Атап айтсақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының авторлық ұжымының «Әлеуметтану негіздері» және «Әлеуметтану теориясы» оқулықтары бойынша әзірлеген әдістемелік нұсқаулығы жиынға қатысушылардың ықыласын тудырды.
Бұл нұсқаулықтың мәні мен маңызына осы кафедраның меңгерушісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Гүлнапис Әбдікерова жан-жақты тоқталды. Ғалымның пікірінше, ұсынылып отырған әдістемелік оқулықта функционалдылықтың деңгейі мен күрделілігі, құндылықтардың қалыптасу деңгейі, мамандану профилі секілді сипаттамалар қамтылған. Дәл осы нұсқаулық әлеуметтану жөніндегі жаңа оқулықтарды әлеуметтік-гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық мамандықтарға сәйкес білім беру үрдісіне енгізу барысында нақты ұсыныстар дайындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұнда оқулықтар бойынша нақты тақырыптар, тапсырмалар, сілтемелер жазылған және әлеуметтану білімінің деңгейі яғни, дамыған, орта және бастапқы деңгейлер бойынша күтілетін құзыреттіліктер барынша сипатталған. Ал жиынға қатысқан Алматы энергетика және байланыс университетінің проректоры Зарема Абдуллина жоғары білім берудің міндетті компонентінен әлеуметтік пәндердің ығыстырылуына байланысты қысқартылған әлеуметтік-гуманитарлық кафедраларды қайта қалыптастырудың маңыздылығы туралы пікірін білдірді. Пікір-таласқа қатысушылар болса, аударылған оқулықтардың орыс және ағылшын бөлімі студенттері үшін де мүмкіндігінше тілдерде қолжетімділік болуы мәселесін көтерді. Сонымен, сындарлы пікір-талас нәтижесінде алқалы жиынға қатысушылар жаңа оқулықтарды барлық отандық жоғары оқу орындарына – университеттерге енгізудің көп деңгейлі мезанизмін құру қажеттілігі жөнінде ортақ шешімге келді. Мұндай үрдіс жетекші жоғары оқу орындарында бұған дейін қолға алынған, алайда оның ауқымын кеңейту қажет. Бұған қоса, білім беру бағдарламаларының мазмұнын өзгерту мен студентке бағытталған оқулықтың жаңа форматын қамтитын жүйелі бағыт әлеуметтаушы-мамандарды даярлау мен басқа да мамандық бойынша білім алып жүрген студенттерді жалпы міндетті дайындаудың ерекшеліктерін ескеру қажеттігі де ұмыт қалған жоқ. Сонымен қатар ғалымдар халықаралық лексикамен жаңартылған қазақ тіліндегі ұғымдардың жүйесін ескеретін жаңа сөздіктер құру қажет екендігіне ерекше назар аударды. Ең бастысы, жиынға қатысқан әлеуметтанушы ғалымдар осында көтерілген ауқымды мәселелерді бірлесіп шешуге өздерінің дайын екендіктерін ашық білдірді.
Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ