«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»
Достық үйінің мәжіліс залында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын талқылау бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының бірыңғай республикалық күні аясында облыстық ассамблея активінің отырысы өтті. Оған облыстық облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топ мүшелері, этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі, жастар қанаты, «Жаңғыру жолы» орталығының жастары, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы, облыстық, қалалық Қоғамдық келісім кеңесі, қаладағы кәсіби және кәсіби емес медиаторлар және БАҚ өкілдері қатысты.
Айта кету керек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында бой көтерген «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алу тапсырылған болатын.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жариялануына бір жыл толғанда жиын өткізіп, оның барысында жоба аясында қазақ тіліне аударылған әлемге танымал 18 кітап елге таныстырылды.
Маңызы жоғары жиынның алғы сөзін ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайман алды.
Облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Оңғар Бермаханов, «Абылай хан» атындағы жоғары колледжінің директоры, саяси ғылымдарының кандидаты Руслан Дүлдүл, «ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы» РМҚК Қызылорда облысы бойынша филиалының доценті, психология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Аяғанова, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің Ақпараттық технологиялар және ғылыми жұмыстарды коммерциялау басқармасының басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Нұрлан Құлмырзаев келелі ойларын ортаға салды.
Н.Құлмырзаев: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында аталған арнайы жобалардың қатарында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бастамасы бар. Бүгінгі таңда аталмыш жобаларды жүзеге асыру қарқынды жүруде. «Ұлттық аударма бюросы» алдыңғы қатарлы ЖОО-мен бірлесе отырып, алғашқы 18 оқулықты аударды.
Рухани жаңғырудың негізінде экономикалық жаңғыру да бар. Қазір әлемдік жаһандану заманында әр ел экономикасыз өмір сүре алмайды. Сондықтан экономикамен үндестіре қарау керек. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін әлемдік экономикамен байланыса дамуымыз қажет. Ал, әлемдік экономикалық үндестікке білім арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Білім мен ғылым оқулық арқылы келеді. Сол оқулық арқылы санамызды жаңғырта отырып, бәсекеге қабілетті мамандар дайындалады. Ең бастысы экономикамыз дамыса, рухани көкжиегіміз кеңейеді», -деді.
Жиынға қатысушылар арасында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің студенті Шернияз Жалғасбекұлы сөз сөйледі. Кездесу пікір алмасуға жалғасты. Отырысты облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ләйлә Бегалықызы қорытындылап, өз кезегінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын ілгерілету бойынша бар күш-жігерін салатындығын атап өтті. Сонымен бірге, өңірдің ғалымдарын, зерттеу орталықтарын, сала мамандары мен жобаға қызығатын барша жұртшылықты ортақ іске атсалысуға шақырды.