Берекенің бастауы – берік еңбек
Ауыл шаруашылығы – экономиканың күретамыры, тіршіліктің алтын арқауы. Жерге дән сеуіп, оның әрбір өскінін мәпелеп, маңдай терімен молшылықтың дәнін өсіретін диқан қауымының еңбегі қашанда құрметке лайық. Өйткені дастархандағы нан мен несібенің, елдегі азық-түлік қауіпсіздігінің артында тынымсыз еңбек, табиғатпен тіл табысқан тіршілік және жылдар бойы қалыптасқан шаруашылық тәжірибесі жатыр. Әсіресе біздің өңірде егіншілік тұтас өңірдің өмір салтына айналған. Шиелі десе, алдымен күрішті өлке, дархан даланың диқандары мен ақ күріштің абыройы еске түседі.Дегенмен уақыт талабына сай ауыл шаруашылығы да жаңаша бағытта дамуды қажет етеді. Бүгінде су ресурстарының тапшылығы, климаттық өзгерістер, өндіріс шығындарының өсуі, өнімді өткізу нарығы мен заманауи техниканың қолжетімділігі – аграрлық саланың алдында тұрған өзекті мәселе. Сондықтан бұрынғы қалыптасқан тәжірибені сақтай отырып, жаңа технологияларды енгізу, егіс құрылымын әртараптандыру, жер мен суды тиімді пайдалану – уақыт талабы.
Ауданда осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі де, жаңа ізденістері де бар. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі берген соңғы мәліметке сүйенсек, биыл 45 миллиард 586 миллион 600 мың теңгенің өнімі өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,9 пайызды құрайды. Яғни аграрлық өндірісте өсім бар.
Егіншілік – ел несібесінің бастауы
Шиелі диқандары үшін әрбір көктем – жаңа үміттің, үлкен жауапкершіліктің бастауы.
Шиелі диқандары үшін әрбір көктем – жаңа үміттің, үлкен жауапкершіліктің бастауы.
Биыл аудан бойынша 32 499 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 1661 гектар күздік бидай толық жиналып, гектарына орта есеппен 10 центнерден өнім алынды. Нәтижесінде 1661 тонна астық қамбаға құйылды. Жаздық бидайдың 301 гектарынан да орташа 10 центнерден өнім жиналып, жалпы көлемі 301 тоннаға жетті. Ал 15 гектар арпадан 15 тонна өнім алынды. 900 гектарға орналастырылған мақсары толығымен жиналып, 495 тонна өнім өндірілді. Қысқы мал азығын әзірлеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Қыс қамын жаз ойлаған шаруашылықтар шабындық жұмыстарына уақытылы кірісіп, бүгінгі күнге дейін 67 929 тонна шөп жинаған. Көкөніс пен бақша өнімдерін жинау жұмыстары да аяқталған. Есепті мәліметте 5030 гектар картоп, көкөніс және бақша дақылдары алқабынан өнім жиналғаны көрсетілген.
Бақша дақылдарының орташа өнімділігі гектарына 230 центнерді құрап, жалпы 115 690 тонна өнім алынған. Сондай-ақ басты дақыл күріштен 11 600 гектар толық жиналып, әр гектардан орта есеппен 61,5 центнерден өнім алынды. Нәтижесінде қамбаға 71 340 тонна сыр салысы құйылды.
Бұл сандар аудан диқандарының дәстүрлі күріш шаруашылығымен қатар, өзге дақыл түрлерін де өндіруге ден қоя бастағанын көрсетеді. Мұның экономикалық маңызы зор.
Себебі егін құрылымын әртараптандыру бір ғана дақылға тәуелділікті азайтып, шаруашылықтардың нарықтағы тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Оның үстіне, әр дақылдың су тұтыну мөлшері мен агротехникалық ерекшелігі әртүрлі. Сондықтан егістікті ғылыми негізде жоспарлау – бүгінгі ауыл шаруашылығының маңызды шарты.
Биылғы науқанның ерекшелігі – су үнемдеу технологияларына басымдық берілуі. Қазір судың әр тамшысы қымбат екенін ескерсек, бұл бағыттағы бастамалардың маңызы айрықша. Дәстүрлі суару тәсілдерімен қатар, тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерінің қолданылу аясы кеңейіп келеді. Мәселен, «Таң LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1000 гектар жерге жүгеріні тамшылатып суару әдісімен еккен. Ал «Центр Семеноводства» серіктестігі 1000 гектар алқапта дәндік жүгеріні жаңбырлатып суару технологиясын қолданған. Бұдан бөлек, жеке шаруашылықтар мен тұрғындар өз қаражаты есебінен 1665 гектарға тамшылатып суару әдісі арқылы бау-бақша дақылдарын орналастырған.
Мұндай жобалар арқылы су шығынын азайтып, әр гектардан алынатын өнім көлемін арттыруға жол ашылмақ. Суармалы жерлердің өнімділігін көтеру үшін топырақтың жағдайын жақсарту да маңызды. Осы мақсатта биыл ауданда 10 мың гектар егістік алқап лазерлік тегістеуден өткізілді. Жер бедерін біркелкі қалыпқа келтіру судың танап бойына тиімді таралуына, ылғалдың ысырап болуын азайтуға және суару жұмыстарының сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Аудан үшін тағы бір маңызды жаңалық – сорго, яғни қант құмайы дақылын тәжірибелік негізде өсіру жұмыстарының қолға алынуы. «Бала би-2004» өндірістік кооперативі, «Шолпан ана» және «Мақсат» шаруа қожалықтарының егіс алқаптарында жалпы 2 гектар жерге аталған дақыл тамшылатып суару технологиясы арқылы егілді.
Неліктен дәл сорго? Себебі бұл дақыл қуаңшылыққа салыстырмалы түрде төзімді, суды аз қажет етеді әрі мал азығы ретінде құндылығы жоғары. Су тапшылығы күшейген кезеңде дәстүрлі дақылдарға балама іздеу – шаруашылықтардың болашақтағы тұрақтылығы үшін маңызды мәселе. Тәжірибелік алқаптарда соргоның жергілікті климатқа бейімделуі, өсіп-даму ерекшеліктері, суару технологиясының тиімділігі мен өнімділік көрсеткіштері бақылауға алынған.
Егер тәжірибе нәтижесі көңілден шықса, келесі жылы егіс көлемін ұлғайту және тұқым қорын қалыптастыру жоспарланып отыр. Алайда мұндай бастамалардың нәтижелі болуы үшін тәжірибе қорытындыларын ғылыми тұрғыдан саралап, оның экономикалық тиімділігін де бағалау қажет.
Мол өнім – маңдай тердің өтеуі
Көктемде жерге себілген дәннің күзде ақталғанын диқан үшін үлкен бақытпен теңестіруге болады. Биылғы егін жинау науқаны да шаруалардың ұйымшылдығы мен табанды еңбегінің арқасында қорытындыланды.
Көктемде жерге себілген дәннің күзде ақталғанын диқан үшін үлкен бақытпен теңестіруге болады. Биылғы егін жинау науқаны да шаруалардың ұйымшылдығы мен табанды еңбегінің арқасында қорытындыланды.
Алдағы уақытта күріш өнімділігін сақтаумен қатар, оның су шығынын азайту, өндіріс шығындарын төмендету және өнім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарға да басымдық берілуі тиіс. Өйткені мол өнімнің өзі жеткіліксіз, оның экономикалық қайтарымы да жоғары болуы қажет.
Егіннің бітік шығуы жердің құнарлылығына, тұқым сапасына, агротехникалық талаптардың сақталуына тікелей байланысты. Осы орайда биыл егістік алқаптарға 15 300 тонна минералдық тыңайтқыш және арамшөптерге қарсы 13 547 литр гербицид қолданылған.
Техника жаңарса, еңбек өнімділігі артады
Қазіргі ауыл шаруашылығын техникасыз елестету мүмкін емес. Уақытпен санасқан бүгінгі шаруашылыққа қуатты трактор, өнімді комбайн, заманауи егін жинау жабдықтары қажет. Әсіресе науқан кезінде техниканың уақытылы әрі үздіксіз жұмыс істеуі өнімнің шығынсыз жиналуына әсер етеді.
Қазіргі ауыл шаруашылығын техникасыз елестету мүмкін емес. Уақытпен санасқан бүгінгі шаруашылыққа қуатты трактор, өнімді комбайн, заманауи егін жинау жабдықтары қажет. Әсіресе науқан кезінде техниканың уақытылы әрі үздіксіз жұмыс істеуі өнімнің шығынсыз жиналуына әсер етеді.
Бүгінде ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері техника паркін жаңартуға көңіл бөліп келеді. Шаруашылықтар қатары «МакДон», «Джон Дир», «Класс» маркалы комбайндармен, «AXION» және «ZOOMLION» маркалы тракторлармен толыққан.
Қолда бар мәліметке сәйкес, ауыл шаруашылығы құрылымдарының иелігінде 315 трактор, 47 комбайн, 69 жатка, 52 автомашина және 176 трактор тіркемесі бар. Аталған техникалар күзгі дала жұмыстарын атқаруға жұмылдырылған. Биылғы жылдың он айында ауданға 10 жаңа трактор жеткізіліп, осы бағытта 339 миллион 30 мың теңге инвестиция тартылған.
Техника жаңарту – еңбек өнімділігін арттырып, егін егу мен жинау мерзімін қысқартуға, жанармай шығынын оңтайландыруға және өндірістегі қол еңбегін азайтуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл бағытта шаруалардың лизингтік бағдарламалар мен мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануына жағдай жасау маңызды.
Егін жинау науқанының тағы бір негізгі мәселесі – жанар-жағармаймен қамтамасыз ету. Биыл аудан шаруашылықтарына күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет тарапынан 2009 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Шаруашылықтар өтінімдерін «Госагро» порталы арқылы электронды түрде жолдап, оператор ретінде «РК-Мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін таңдаған. Арзандатылған дизель отынының бір литрі 284 теңге болып бекітілген.
Шаруашылықтардың оператор мекемемен келісімшарт жасасып, өздеріне тиесілі отынды алуы – науқанның үздіксіз жүруіне қажетті алғышарттардың бірі. Дегенмен жанармай бағасы мен оның қолжетімділігі шаруалар үшін үнемі маңызды болып қала береді.
Өнім өндірумен бірге нарыққа шығару да маңызды
Ауыл шаруашылығының табысты болуы тек мол өнім жинаумен өлшенбейді. Өнімді тиімді бағаға өткізу, жаңа нарықтарға шығару және экспорттық әлеуетті арттыру да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Шиелі шаруашылықтарының сыртқы нарықпен байланысы назар аударуға тұрарлық.
Ауыл шаруашылығының табысты болуы тек мол өнім жинаумен өлшенбейді. Өнімді тиімді бағаға өткізу, жаңа нарықтарға шығару және экспорттық әлеуетті арттыру да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Шиелі шаруашылықтарының сыртқы нарықпен байланысы назар аударуға тұрарлық.
Науқан басталғаннан бүгінгі күнге дейін ауданнан Ресей Федерациясына 575 тонна қызанақ, 3480 тонна қарбыз бен қауын экспортталған. Әсіресе бақша өнімдерін экспортқа шығару шаруалар үшін қосымша табыс көзі болса, ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерінің танымалдығын арттыруға да мүмкіндік береді. Алдағы міндет – экспорт көлемін ұлғайтумен қатар, өнімнің сапасын, сақтау және тасымалдау жағдайын жақсарту. Себебі сыртқы нарықта тұрақты орын алу үшін өнім көлемімен қатар, оның сапасы мен жеткізілім тұрақтылығы да шешуші рөл атқарады.
Азық-түлік қауіпсіздігі – ортақ міндет
Ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуы халықтың әлеуметтік жағдайымен де тығыз байланысты. Өнім мол болғанымен, оның бағасы қолжетімсіз болса, өндірістегі жетістіктің тұтынушыға пайдасы толық тимейді. Сондықтан азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау – жергілікті атқарушы органдардың маңызды міндеттерінің бірі.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуы халықтың әлеуметтік жағдайымен де тығыз байланысты. Өнім мол болғанымен, оның бағасы қолжетімсіз болса, өндірістегі жетістіктің тұтынушыға пайдасы толық тимейді. Сондықтан азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау – жергілікті атқарушы органдардың маңызды міндеттерінің бірі.
Ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында 10 ірі сауда субъектісімен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандум жасалған. Олардың қатарында «Аян», «Нұр», «Береке», «Қазына», «Арсен», «Рич маркет», «Қайсар», «Слам», «Рахат» және «Қазына» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Келісім бойынша сауда үстемесінің 10 пайыздан аспауы көзделген.
Бұл бастама тұтынушылардың қалтасына түсетін салмақты жеңілдетуге бағытталған. Алайда бағаны тұрақтандыру жұмыстары меморандуммен ғана шектелмеуі керек. Сауда орындарындағы баға мониторингін жүйелі жүргізу, делдалдық үстемені бақылау, жергілікті өндірушілердің өнімін тікелей саудаға шығаруға жағдай жасау да маңызды.
Сонымен бірге ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіретін кәсіпорындарға қолдау көрсету жұмыстары жүргізілуде. Өндірушілерге төмендетілген электр энергиясы тарифтерін қолдану мүмкіндігі түсіндіріліп, бүгінгі күнге дейін 11 кәсіпорынға тиісті анықтамалар берілген. Олардың қатарында «Ару ана» сүт өңдеу цехы, «Жаннұр» сүт өнімдерін өндіру цехы, наубайханалар, күріш диірмендері, жылыжай және тауық етін өндіруші кәсіпорындар бар.
Мұндай қолдаудың түпкі мақсаты – жергілікті өндірісті ынталандыру, өнімнің өзіндік құнын төмендету және нарықтағы отандық тауарлардың үлесін арттыру. Өйткені азық-түлік қауіпсіздігі ең алдымен өз жерімізде өндірілген өнімнің мол болуына байланысты.
Дала дәулеті – ел берекесі
Әрине, бұл көрсеткіштер – атқарылған жұмыстың бір бөлігі ғана. Алда шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Егінді су тапшылығы жағдайына бейімдеу, суды үнемдейтін технологияларды барлық шаруашылыққа қолжетімді ету, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, экспорттық нарықты кеңейту, техника паркін одан әрі жаңарту және жерді тиімді пайдалану – күн тәртібінен түспеуі тиіс міндеттер.
Әрине, бұл көрсеткіштер – атқарылған жұмыстың бір бөлігі ғана. Алда шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Егінді су тапшылығы жағдайына бейімдеу, суды үнемдейтін технологияларды барлық шаруашылыққа қолжетімді ету, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, экспорттық нарықты кеңейту, техника паркін одан әрі жаңарту және жерді тиімді пайдалану – күн тәртібінен түспеуі тиіс міндеттер.
Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімін шикізат күйінде сатумен шектелмей, оны аудан аумағында өңдеуге басымдық берген жөн. Өйткені өнімді өңдеу қосымша құн қалыптастырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті бюджет кірісін арттыруға және ауыл тұрғындарының табысын еселеуге мүмкіндік береді.
Шиелінің жері – берекелі, диқаны – еңбекқор, шаруасы – ширақ. Ендеше, осы әлеуетті тиімді пайдаланып, дәстүрлі егіншілікті заманауи технологиямен ұштастыру, әрбір гектардан қайтарым алу, табиғи ресурстарды ұқыпты жұмсау – бүгінгі күннің басты талабы. Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығының жетістігі гектар мен тоннаға ғана сыймайды. Оның нәтижесі – ауылдағы ағайынның тұрмысынан, еңбек адамының табысынан, дүкен сөресіндегі отандық өнімнен, кеңейген кәсіптен және келешекке деген сенімнен көрінеді.
Жерге дән сеуіп, маңдай терін төккен диқанның еңбегі ақталып, ауылдағы әрбір бастама берекелі іске айналса, аудан экономикасының да еңсесі биіктей бермек. Өйткені дала дәнге толса, елдің ырысы артады. Ал елдің ырысы – ертеңгі ұрпақтың несібесі.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ








